Accessibility links

Биліктегі ауыс-түйістер нені білдіреді?

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Жаңа жылдан кейін Астанада бірінші рет жоғары билік сатысында ауыс-түйістер болды. Сәрсенбі күні кешкісін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бюро отырысын өткізген мемлекет басшысы әрі партия көсемі Нұрсұлтан Назарбаев саяси ұйымдағы өзінің бірінші орынбасары етіп осыған дейін президент әкімшілігінің жетекшісі болып келген Әділбек Жақсыбековті тағайындағанын айтты. Ал Әділбек Жақсыбековтің бұған дейін атқарып келген қызметіне «Нұр Отан» төрағасының екінші орынбасары, осыған дейін «Қазына» ұлттық холдингінің төрағасы болған Қайрат Келімбетов тағайындалды. Ал партия басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Бақытжан Жұмағұлов болса, қазіргі кезде Мәжіліс төрағасының орынбасары болғандықтан саяси ұйымдағы басшы қызметінен босатылғаны туралы хабарланды.

Сарапшылар Қазақстан президентінің жұмысын қамтамасыз ету қызметіне жас буын өкілі Қайрат Келімбетовтің келуі, тұралап қалған саяси, экономикалық проблемалардың шешілуіне мұрындық болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Қайрат Келімбетовті қазіргі шенеуніктердің ішіндегі демократтардың бірі деп те атайды. Өйткені ол 2001 жылдың аяғында Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрған сол кездегі жас министр, бизнесмендердің арасында болды. Кейіннен «Ақ жол» партиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі болды. Сондықтан да «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов Қайрат Келімбетовтің елдегі шешуші лауазымды қызметтің тізгінін ұстауы дәл қазіргі жағдайда орынды деп отыр:

- Бұл шешім арқылы президент алдағы кезеңде экономикалық ахуал күрделене түсетін болса, өзінің осы бағыттағы шешімдері арқылы үкіметке дер кезінде оперативті ықпал ету мүмкіндігін арттырады деп ойлаймын. Әкімшіліктің үкімет ғана емес, сонымен бірге ұлттық банкі мен қаржы нарығын қадағалау агенттігіне де ықпал ету мүмкіндігі арта түсті. Қайрат Келімбетовтің тұлғасы пікір алуандылығына төзімділікпен қарайтын азаматтың бірі деп есептеймін.

«Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы филиалының жетекшісі Уалихан Қайсар «Қазына» ұлттық компаниясының төрағасы болған Қайрат Келімбетовтің президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне келуі Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұртай Әбіқаев тобының қайта күшейе бастауының белгісі дейді:

- Қайрат Келімбетов Нұртай Әбіқаевтың адамы. Бұл өзгерістер таяу арада биліке Н.Әбіқаевтың қайта келуін білдіреді. Ол келмегеннің өзінде де өзінің адамдарын қойып жатыр. Бұл меніңше Әбіқав тобының күшейіп жатқанының белгісі.

Уалихан Қайсар да Қайрат Келімбетов елдің ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі алдында саяси реформа жүргізуге дайын тұлға екеніне сенеді:

- Келімбетов басы өте мықты істейтін адам. Екіншіден, Келімбетов жаңа буынның өкілі. Ол саясатқа реформа жүргізетін шығар деп ойлаймын. Экономика да тұралап қалды.

Ал Әділбек Жақсыбековтің партияның жұмысына баруы жөнінде Әлихан Байменов былай дейді:

- Әділбек Жақсыбековтің «Нұр Отан» партиясына баруы сөзсіз «Нұр Отанның» басшылығының әлеуетін күшейте түседі. Себебі, жасыратын ештеңесі жоқ, саяси қоғамдық элитада Бақытжан Жұмағұловқа қарағанда Әділбек Жақсыбековтің салмағы қомақты.

Сонымен бірге «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов үкіметтің де тарау мүмкіндігін жоққа шығармайды:

- Таяу арада үкімет, ұлттық банкі, қаржы нарығын қадағалау агенттігі үлкен банкілердің иелерімен бірлесе отырып, нақты 3-4 бағытта шешім қабылдамаса, экономикалық ахуал ушыға түсуі мүмкін. Ол шешімдердің біріншісі - бюджеттің күмәнді жобаларға жұмсалатын қаржыларын азайту. Екінші, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейту.
XS
SM
MD
LG