Accessibility links

Алматыда Түрік компаниясына белгісіз біреулер шабуыл жасап, жұмысшыларды соққыға жыққан

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматыда жұмыс істейтін Түркияның «B.N.N.Pegasus» компаниясына шабуыл жасаған белгісіз адамдар сонда жұмыс істейтін штелдік 4 кісіні соққыға жыққан.

Бұл оқиға жайында алдымен барша дүниеге хабар таратқан Түркияның «Анатолия» жаңалық агенттігінің хабарлауынша, оқиға өткен бейсенбі күні кешкісін Алматыда болған. Қазақстанда құрылыс саласында жұмыс істеп жатқан түркиялық «B.N.N.Pegasus» компаниясының жұмысшыларына қарулы 30 шақты адамнан құралған белгісіз топ шабуыл жасаған. Беттеріне қара перде киіп, пышақ және атыс қаруымен келген қарақшылар түркиялық жұмысшылардың төртеуін соққыға жығыпты. Осы қақтығыс кезінде қарақшылардың біреуі полиция қолына түскен, жергілікті полиция осы болған жағдайға қатысты істі қолына алып тексеріп жатыр деп хабарлады сенбі күні Түркияның «Анатолия» жаңалық агенттігі.

Бұл оқиғаға байланысты «B.N.N.Pegasus» компаниясынан түсінік алу мүмкін болмады. Өзін осы компанияның кеңсе басқарушысымын деп таныстырған Рано есімді әйел компания жұмысшыларына қатысты болған оқиға туралы ешнәрсе айта алмайтынын, өйткені компания басшылығы сондай шешім қабылдағанын жеткізді.

Ал Түркияның Қазақстандағы елшілігінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Өзер Өзжан дүйсенбі күні «Азаттық» тілшісіне осыдан 4 күн бұрын жоғарыда аталған компанияда әлгіндей оқиғаның болғандығын растады.

«Жиырма шақты адам түрік жұмысшыларына тиіскен кезде 4 адам жеңіл жарақат алды, ал ұрыс, төбелес бастаған жақтан бір адам полиция қолына түсті. Бұл оқиғаның не себептен болғандығын полиция тексеріп, анықтап, солар айтулары керек», - деді елшілік кеңесшісі.

Ал болған оқиғаның мән-жайын тексеріп жатқан Алматы қалалық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция тергеушілерінен, осы департаменттің баспасөз қызметінің өкілдерінен оқиға жайында қандай да бір түсінік алу мүмкін болмаған соң, Астанадағы Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі басқармасы бастығының орынбасары Олег Ващенкомен хабарласуға тура келді. Ол кісі дүйсенбі күні Алматы қалалық ішкі істер департаменті өткен жылдың жұмыс қортындысына қатысты күні бойы маңызды бір жиын өткізіп жатқандығын және ол жиынға ішкі істер министрінің өзі келіп қатысып отырғандығын, орта шенді офицерден жоғарғылардың барлығы сол жиында екендігін айтты.

Ващенко Алматы қаласында болған оқиға туралы шетелдік ақпарат құралдарының хабарларынан естігенін айтты.

«Алматы қалалық ішкі істер департаментінен әзірге бұған қатысты хабардың келіп түскен жоқ. Қалайда қалалық полиция бұл мәселені жақсылап тексеріп, анықтайтын болады», - деді О.Ващенко.
XS
SM
MD
LG