Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.29.2008 жыл


Сейсенбі күнгі жарық көрген басылымдар тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, мәдениет жаңалықтары, сондай-ақ әлем және Қазақстан экономикасы жайында мақалалар басыпты.

Сейсенбі күнгі жарық көрген басылымдардың барлығы дерлік Қазақстандағы тұрғын үй мәселесін көтеріпті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті «Баспанаға – басты назар» деген мақаласында «кеше Үкіметте Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен селекторлық кеңесте Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу жөнінде мәселе қаралып, онда ол бірауыздан қабылданды» деп хабарлапты. «Индустрия және сауда министрі алдағы үш жылдың ішінде қолжетімді 18100 пәтер салуды жоспарлап отыр және сауда министрлігі азаматтарға “Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі” АҚ-нан бастапқы жарнасыз жылдық мөлшері 4 пайызды құрайтын несие беруді ұсынып отыр. Мұндай несиелерді халықтың 4 санаты – нәрестелі болған жас отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік қызметке жатпайтын мекемелер мен кәсіпорындар жұмысшыларының алуға мүмкіндігі бар» деп атап өтіпті.

«Время» газеті Алматының тұрғынүй департаментінің директоры Бақытжан Доспановпен сұбатын жариялапты. Онда Доспанов мырза: «ақпаннан бастап жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегіне адамдарды жазу басталады» дей келіп, «қазірдің өзінде кезекте тұрғандар саны 10 мыңнан асады. Ал 2008-2010 жылдарға арналған бағдарлама бойынша тек 6 мың пәтерге қаржы бөлінбек. Сондықтан кезекке небары 3-4 мың адамды ғана алуымыз мүмкін» депті.

«Айқын» газеті осы мәселе бойынша экономика ғылымдарының докторы, профессор Сайлау Батыршаұлымен сұхбатын басыпты. Онда ғалым «пәленбай миллион құрылыс салынып жатыр деп аузымызды толтырып айтсақ-тағы, біз құрылыс өндірісі кешенінің тіпті діңгегін де көтере алмадық. Соның салдарынан біз әлі де шетелдің құрылыс заттарына тәуелдіміз. Еліміздің жалпы ішкі өнімі 8-9 пайызға көтерілді деп айтып жүрміз. Бұл ел экономикасы дамуының көрсеткіші дейміз. Шындығында, бұл тек цифр ғана. Негізгі ел экономикасының қалай дамып келе жатқандығын білу үшін, елде не өндірілді, қанша зауыт, қанша фабрика салынды, қанша жұмысшы адам жұмыспен қамтылды деген секілді көрсеткіштерге үңілу керек. Өкінішке қарай, бізде мұндай көрсеткіш деңгейі тым төмен, біз тек сауда-саттықпен ғана өмір сүріп келеміз» деген ой айтыпты.

«ZONAKZ» сайты «Верный.КЗ» құрылыс компаниясына 20 миллион долларға алданған үлескерлердің Қазақстандағы шетелдің өкілдері мен елшіліктеріне үндеуін жариялапты. Онда алданған үлескерлер құрылыс компаниясының иесі Ақбиев Жанат пен оның отбасы мүшелерінің шетелге қашып кетпеуі үшін оларға виза бермеулерін өтініпті.

«POSIT.KZ» сайты «Әкежан Қажыгелдиннің елге орауы, мұндағы саяси жүйені өзгертпей ешнәрсені де өзгерте алмайды. Тіпті Қажыгелдиннің оралу мүмкіндігін талқылап отырғандығымыз, біздің саяси жүйенің мешеулігін аңғартса керек» деп тұжырымдапты.

Сондай-ақ «ZONAKZ» сайты шетелде тұрып жатқан Рахат Әлиев өзінің жаңадан kaztoday.ru. сайтын ашқанын хабарлапты. Онда Рахат Әлиев «Диагноз» деген мақаласында «Біздің мемлекет елеулі дағдарыс қарсаңында тұр. Ол дағдарыс экономиканы ғана шарпымайды, ол саяси басшылық жүйесін де қамтиды» дей келіп, «диагнозы түсінікті – енді емдеуге кірісу керек. Елдің жайы біздің жеке басымыздың мүддесі мен пендешілігімізден жоғары тұр» деп ой қорытыпты.

«Литер» жемқорлыққа қарсы күреске байланысты «Компроматтар соғысы» деген мақаласында, «жемқорлықпен соғыс – билеуші топтар соғысына ұласып кетуі мүмкін» деген тұжырым айтыпты.

«Айқын» басылымы кеше Астанада өткен Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі туралы мақаласын «Алқа мәжілісі ана тілімізде өтті» деп атаса, «Егемен Қазақстан» «Ұлт иммунитеті — мәдениет» деп атап, мәдениет министірлігінің жақын мерзімге алдына қойған жеті басымдылықты санап көрсетіпті. Олар: «БАҚ-тарды дамыту, оларды сандық технологияға көшіру, үш тұғырлы тіл саясатын пәрменді түрде жүзеге асыру», т.б.

Осы тақырыпты екшелеген «Жас алаш» «Әмбебап партия «қазақстандық ұлт» идеясын жүзеге асыруды қолға алмақ» деген мақаласында: «...Бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтқа» «үш тұғырлы тiлге» де зиялы қауым өкiлдерiнiң қарсы пiкiр бiлдiргеніне қарамай «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесiнде президент Нұрсұлтан Назарбаев «...Бiз қоғамды «қазақстандық» деген ұғымның төңiрегiне топтастыруға тиiспiз» деуі арқылы билiк бұл мәселенi осымен «тәмам» қылды» деп жазыпты. Сонымен қатар «Жас алаш» «Доллардың дәуренi бiтуге тақау» деген мақаласын «Доллар дәуiрi аяқталады. Портфельдiк инвесторлар бiрте-бiрте АҚШ рыногынан шығып, Ресей, Қазақстан сияқты дамушы рыноктарға келе бастайды» деген сарапшы пікірін беріпті.

Ал «Время» газеті осы тақырыптағы мақаласын «Әлемдегі биржалар құлдырап жатыр, ал бізге оның бәрібір» депті. «Эксперсс К» газеті «Үшінші жол жоқ» деген мақаласында «Қазақстан ұлттық банкі алдағы екі жылда орын алуы мүмкін даму қарқынының екі сценариін ұсынды. Оның біріншісі «күйзелістік» те, екіншісі «қалыпты жағдай» деп аталып, ал «оптимистік» даму болжанбай отырғаны - келесі жылдары Қазақстанды «жұмсақ шөгу» ғана күтіп отырғанынан болса керек» деген болжам айтыпты.

«Тарлан» сыйлығының биылғы ерекшелігі туралы «Егемен Қазақстан» «жыл сайын 7 номинация бойынша үш дәрежелі сыйлықпен 20-дан астам адам марапатталып жататын. Яғни, “Жаңа есім – Үміт” жеті талантқа, “Елеулі еңбегі үшін” жүлдесі еңбегі сіңген 7 адамға, ең жоғары – “Платиналы Тарлан” 7 саланың ең үздік 7 саңлағына берілетін. Биыл, олай болмай шықты. Қазақ меценаттары ойласа келе “Тарлан” сыйлығының қадірін түсірмеу үшін атаулы номинацияларды азайтуды ұйғарыпты. Және “Ағарту” мен “Ғылым” номинациялары біріктіріліп, есесіне Пекин Олимпиадасы қарсаңында “Спорт” номинациясы қосылып отыр» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG