Accessibility links

ArcelorMittal компаниясының әкімшілігі мен «Қорғау» кәсіподағы еңбекақыға қатысты келісімге келді


Бұл туралы сейсенбі күні «Азаттыққа» хабарлаған «Арселор Миттал» компаниясына қарасты «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының көмір департаменті басшысының көмекшісі Алмас Рысқұлов қарағандылық кеншілердің компания басшылығы алдына қойып отырған ең басты талабының бірі ол кеншілердің еңбек ақысын 50 пайызға көтеру туралы болғандығын айтты.

- Алдымен «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшылығымен, содан кейін Лондоннан келген «Арселор Миттал» компаниясы басшылары мен «Қорғау» кәсіподағы ұйымы жетекшілері арасында жүрген келіссөздер нәтижеінде еңбек беруші жақ кеншілердің еңбек ақысын 50 пайызға көтеруге келісті, - деді көмір департаменті басшысының көмекшісі А.Рысқұлов.

Осы уақытқа дейін кеншілердің орташа еңбек жалақысы 80 мың теңге шамасында болған болса, енді бұл еңбек ақы 115 теңге шамасында болмақ деді ол. Көмір кеншілерінің «Қорғау» кәсіподағы ұйымының хатшысы Баян Бұлғақбаеваның айтуынша, екі жақтың келіссөзі нәтижесінде кеншілердің өткен жылғы еңбек жалақыларына инфляцияның 9 проценттік көрсеткіші де қосымша ақша ретінде төленетін болып отыр. Сондай-ақ кеншілер еңбекке жарамсыз жағдайда бұрын кеншілерге тек 10 мың теңге көлемінде ғана төлемақы төленіп келсе, енді компания бұған тағы да сол шамада ақша төлеуге келісіп отыр деді кәсіподағы ұйымының өкілі.

Кәсподағы ұйымының хатшысы Б.Бұлғақбаеваның айтуынша, «Арселор Миттал» компаниясы өкілдері мен «Қорғау» кәсіподағы ұйымының жетекшілері арасындағы кеншілердің талаптарына байланысты келіссөздер алдағы күндері тағы да жалғаспақ.

- Бұнда кеншілердің 50 жасқа толғанда зейнетке шығу мәселесі, сондай-ақ көмірдің өзіндік құнын қазіргідей тоннасына 22,78 доллардың орнына 60 долларға дейін көтеру мәселелері алдағы күндері өз шешімдерін табуы тиіс, - деді ол.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы көмір департаменті басшысының көмекшісі Алмас Рысқұлов кеншілердің қалған талаптарына байланысты келіссөздің алдағы ақпан айының 12-сіне дейін жүретіндігін айтты.

- Әрине, бұнда көп пікірлесіп, ақылдасып, мәселені жақсылап зерттеп барып шешетін нәрселер көп, бірақта қалайда компания басшылығы кеншілер талаптарын толық орындауға барынша тырысады, - деді ол.

Ал кеншілердің «Қорғау» кәсіподағы ұйымының өкілі кәсіподақ ұйымы кеншілер алдындағы алған өз міндеттемесін толық орындауға барады, өйтпеген жағдайда кеншілердің жұмысты қойып, жаппай ереуілге кәсіподақ ұйымы өз бастап шығуға дайын деді. Қазіргі жағдаймен ондай ереуілдің қажеті шамалы, өйткені компания басшылығы кеншілер талаптарын бірінен соң бірін орындауға келісіп, уәде етіп жатыр деді ол.
XS
SM
MD
LG