Accessibility links

Шаңырақ ісі бойынша сотталған Арон Атабек және тағы 3 азаматты түрмеден шығаруды талап еткен үндеуге қол жинау басталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

«Шаңырақ ісі» бойынша 18 жылға бас еркінен айырылған қоғам қайраткері, ақын, 2007 жылғы «Азаттық» сыйлығының иегері Арон Атабек қаңтардың 31-і күні 55 жасқа толады. Алматыда «Шаңырақ-Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Арон Атабек пен оның қасындағы 14-18 жылға сотталған 3 азаматты түрмеден шығаруды талап еткен үндеуге қол жинауды бастады. Қол жинаушылар Арон Атабек пен оның жанындағы үш азамат саясатттың құрбаны болып отыр, кінәсіз жазықты болғандар ақталу керек дейді.

«Шаңырақ қақтығысы» бойынша қылмыстық жауапқа тартылған 25 адамның 4-уі 14-18 жылға түрме жазасына, қалған 20-сы 3-5 жылға дейін шартта жазаға кесілген болатын. Ал 1-еуі сот залынан ақталған еді. Сотталушылардың қоғамдық қорғаушысы болған Жасарал Қуанышәлі:

«9 ай жүрген сот процесінде жағдайды зерттеп, көзіміздің жеткені - бұл азаматтардың кінәсіздігі», - дейді.

Оның айтуынша, сотталған азаматтардың кінәсі дәлелденбеген. Сот заңсыз шешім қабылдаған.

«Сол тұрғыдан алғанда Арон Атабек пен оның жолдастары тек бұл төрт азамат қана емес сот шешімімен сотталған 24 адамның барлығы да ақталуы керек. Сондықтан осы көзқарасымызды жоғарғы жаққа: Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа зиялы қауым арқылы жеткізсек дейміз. Өйткені, зиялы қауым аталып жүрген ортаның адамдары елге белгілі адамдар. Олардың сөзіне құлақ асады ғой деген үміт», - дейді Жасарал Қуанышәлі.

«Шаңырақ Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің көтеріп отырған бұл бастамасын қоғам қайраткері, диссидент Кәрішал Асан-Ата қолдап отыр.

«Арон Атабек - қазақтың шаңырағын шайқалтпауды ойлаған, өз басын халық үшін өлімге байлауға барған азамат. Көшіп келіп, тұрмысы әбден қиындаған халықтың жағдайын ойлаған азамат. Сондықтан халықтың ауыртпалығын жеке бас мүддесінен биік қоятын мұндай азаматтар түрмеде отырмауға тиіс», - дейді Кәрішал Асан-Ата.

Шаңырақ ісі бойынша сот үкімімен 3-5 жыл аралығында шартты жазаға кесілгендердің бірі Аят Темірбаев:

«Бізге кесілген жаза әділетсіз болды. Әділетсіздігі сол – халықты ұрып-соққан, әйелдерді соққыға жыққан полицейлер ешқандай жазаға тартылған жоқ. Ал өз аналарын, шаңырағын қорғаған азаматтар сотталып кетті. Мен мұны әділетсіздік деп ойлаймын. Бұл сотта заңнан гөрі саясат үстем болып кетті», - дейді.

Шаңырақ проблемасы 24 азаматты соттаумен шешілген жоқ. Алматы қаласының аумағындағы Шаңырақ, Әйгерім, Думан, Красный Трудовик, Қарасу сынды елді-мекендерде заңсыз тұрғызылған деп танылған үйлерді қирату әлі жалғасып жатыр. Өйткені бұл ауылдарда тұратын азаматтардың баспаналары заңсыз мүлікті заңдастыру шарасына ілікпей қалды. Бүгінгі таңда халықтың наразылық шарасы әр жерлерде бой көрсетіп қалады.

Шаңырақ елді мекендегі бос жатқан жерлерге үй салып алған тұрғындар билік тарапынан 2004 жылдан бастап қудалана бастады. Ақыры 2006 жылы шілденің 14-і күні Шаңырақта өздері иеленіп тұрып жатқан баспаналарын қорғаған тұрғындар мен билік заңсыз деп таныған осы үйлерді қиратуға келген сот шешімін орындаушылар және оларға көмекке келген полиция қызметкерлері арасында болған қақтығыс кезінде өртке оранған бір полиция қызметкері кейін ауруханада қаза болған еді. Бұл іс бойынша сотқа тартылған 25 адамның 24-і былтыр әртүрлі мерзімге сотталды.
XS
SM
MD
LG