Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.30.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдар Қарағандыдағы «Абай» шахтасында болған апаттан кейін ереуілдеген шахтерлардың бірқатар талаптарын шахта басшылығы орындауға уәде еткені және Қазақстанның зейнетақы саласы жайында мақалалар жариялапты.

Ресми басылымдар әдеттегідей кезекті үкімет отырысында қаралған мәселелердің қыр-сырына тоқтапты. Атап айтсақ, энергетка министрлігінің келесі жылдан бастап сыртқа шығарылатын мұнайға баж салығын салу арқылы іштегі жанар-жағар май рыногын тұрақтандыру мүмкіндігі туралы жазыпты. «Егемен Қазақстан» газеті сәрсенбі күнгі санының жартысын өздерінің 25 мыңыншы нөмірлі газетінің шығуына арнапты.

«Аргументы факты Казахстан» апталығы «Ұзақ тұйықталу» деген мақаласын Қазақстанның электр энергетикасы саласына арнапты. «Тұтынушыда екі жол ғана бар, біріншісі – жаман, екіншісі - одан да жаман» деген айдармен берген осы мақалада, жел энергетикасын дамыту маманы «2008 жылғы қаңтар айы сонау қайта құру дәуірін еске салды. Таңертең лифтіде бір сағатқа қамалып, тас қараңғыда қалған кезім болды» дейді. Сонымен қатар маман Қазақстан Балқаш маңында Атом электр станциясын салу жобасынан бас тартып, қазір онда көмірмен істейтін электр станциясын салу жобасы қаралып жатқанын айтыпты. Сонымен қатар осы апталық қаңтардың 25-де Мәскеуде өткен Евразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйым елдерінің, үкімет басшыларының соңғы кездесуінде, ауызбіршілік таныта алмай тек Ресей, Белорусь, Қазақстан ғана, қашан күшіне енері белгісіз «Кедендік одақ» туралы келісімге қол қойғанын сынап, «жеті жылдан бері әр кез осындай ауызбіршілік таныта алмай келе жатқан одақ, нақты түрде ыдырау қауіпінің алдында тұр» деген қортынды жасапты.

«Литер» газеті Рахат Әлиевтың үстінен Алматыда аяқталған сотта шығарылған үкім туралы бас прокурордың орынбасары Ерғали Мырзадиновпен сұхбатын жариялапты. «Процесс басталып кетті» деген осы мақалада Ерғали Мырзадинов «Рахат Әлиевке қатысты шығарылған сот үкімін бас прокуратура қайта қарамайды, сол сот шешімі толық күшінде» дей келіп, «Рахат Әлиевтен мемлекет меншігіне 56 миллион теңге қайтарылды. Одан басқа 16 аутокөлік, Алматыдағы 4 пәтер, Қарасай, Талғар аудандарындағы жер телімдері, 3 тікұшақ, 5 ұшақ, тағы да басқа жылжымайтын мүліктер тәркіленді» деп айтыпты. Сонымен қатар бас прокурордың орынбасары «Бас прокуратурада Әкежан Қажыгелдиннің ісін қайта қарау туралы әңгіме де жоқ. Біздің қылмыстық-процессуалдық кодексімізде заң күшіне енген сот үкімін өзгерту деген қарастырылмаған» деп атап өтіпті. Сондай-ақ «Литер» газеті Қазақстан зейнетақы қоры саласының маманы Қуат Төлепбаевпен сұхбатын жариялапты. Онда маман «Қазақстанда 2002 жылы пайда болған 14 зейнетақы жинақтау қорларының тек 4-5 ғана шамалы жұмыс істеп отыр. Ал қалғандарының кірісі мардымсыз. Зейнетақымен қамтамасыз етуде ауыл тұрғындары нашар қамтылған» дей келіп, тағы да басқа себептерді келтіре отырып «Қазақстандағы зейнетақы жүйесі жетілдіруді қажет етеді» деп қортындылапты.

«Айқын» газеті «Кеншілер Митталға талаптарын орындататын болды» деген мақаласында «Абай» шахтасындағы апатқа кінәлілерді тап басып айтуға әлі ерте. Қайғылы оқиғаның нендей себептен болғанын шамамен жарты жылдай уақыттан кейін, апат орнында тексеру жүргізуге мүмкіндік туған кезде айтуға болады» деп жазса, «Литер» басылымы «апат себебі толық анықталды. Жарылыс метан ауа қоспасының негізгі шатыр блоктарының үйкелісінен пайда болған оттан тұтанған» деп жазыпты.

«Айқын» газеті ереуілдеген шахтерлардың талаптары туралы «Ұзаққа созылған келіссөздерден кейін компания басшылары кеншілердің жалақысын арттыруға және өндірілген көмірдің өзіндік құнын бұрынғысынан жоғарылатуға көнді. Сонымен қатар кеншілер кәсіподағы қол жеткізген тағы бір жақсылық – енді науқастанған жағдайда жұмысшыға орташа жалақы мөлшерінде ақша төленеді» деп жазыпты.

«Время» газеті бас мақаласын «Перамаа ханым – сіз кімсіз?» деп атап, «Лондоннан ең қымбат үй сатып алған Қазақстандық миллиардер дегеніміз - әйел кісі боп шықты» депті. Мақала авторы «75 жасар осы әйелдің шын есмім Хурие Паремаа екен. Ол шынымен 1950 жылдары, 17 жасында Қазақстаннан Иранға кетіп, сонда тұрмыс құрып, байлығын жылжымайтын мүлік арқылы тауыпты» деп жазады.
XS
SM
MD
LG