Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.31.2008 жыл


Бейсенбі күнгі басылымдар кеше Астанада өткен «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының форумы, елдегі жемқорлықпен күрес және зейнетақы мәселесіне арналған мақалалар басыпты.

Оппозициялық «Свобода слова» апталығы редакторлық мақаласын президент Назарбаевтың «жемқорлыққа қарсы күйрете берілмек 10 соққы» бағдарламасына арнап, «бұл бағдарлама елде үрей тудырып, көпшілік көкейінде ұмыт бола қоймаған, қуғын-сүргін жылдардан ұялаған инстинктерді оятып, домалақ хаттар легін тудырмасына кім кепіл?» деп сұрапты.

«Время» газеті осы жемқорлық мәселесіне арналған үкімет кеңесінде Бас прокурор мен қаржы полициясы басшысы арасындағы болған теке-тіреске арнаған мақаласын «Тырнақ тазалаудың ең жақсы жолы - мұрынды шұқылау» деп атапты.

«Жас алаш» газеті «Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшiн жоғарғы билiк алдымен қолын жуғаны дұрыс» деген мақаласында «Осыдан 6 жыл бұрын президенттiң жанынан құрылған сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясы шарасыздығын көрсеттi. Мұның негiзгi себебi – комиссия мүшелерiнiң 90 пайызын билiк өкiлдерi құрауынан» дей келіп, «Нағыз Ақ жол» партиясы Ұлттық комиссия қайта жасақталуы тиiс және жұмысын соңғы жылдары қоғамды дүр сiлкiндiрген мына бұлтартпас айғақтарды қайта қараудан бастауы керек» деп, соңғы кездері қоғамда біраз даулы болған жекешелендіру, арзан бағаға мемлекеттік мүлікті сату сияқты он оқиғаны санап шығады. Олардың ішінде «Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясының «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға берген қыруар қаржының есебiнен Ресейден бiрнеше есе жоғарылатылған бағаға құрал-жабдық сатып алуы; екiншiден, Алматы мен Астана қалаларындағы жер телiмдерiнiң су тегiн бағаға тендерсiз сатылып кетуi; үшiншiден, АҚШ-тың Baker Hughes компаниясы бөлiмшесiнiң «Қазақойл» ұлттық компаниясы қызметкерлерiне 5,2 миллион доллар пара беруi; төртiншiден, «Бiрiншi канал – Еуразия» телеарнасының бюджет есебiнен қаржыландырылуы және хабар тарату құқығын заңсыз иеленiп алуы» және т.б. оқиғалар аталады.

«Свобода слова» апталығы «Нұрбанктың» топ-менеджері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің жоғалып кетуіне бір жыл толуына орай Жолдас Темірәлиевтың әйелі Армангүл Қапашевамен сұхбатын жариялапты. Онда Армангүл былтыр тоғызыншы ақпанда Жолдас пен Айбарды соңғы көрген адамдар «оларды сол күні таза ғып жуындырып, таза киіндіріп әкеткен» деген сөздеріне арқа сүйеп, «оларды әлі де жасырын жерде Рахаттың адамдары ұстап отыр, олар туралы әлі де алпауыттар арасында сауда жүріп жатуы мүмкін, сондықтан мен олар әлі де тірі деп сенгім келеді» деген үміті барлығын айтыпты. Сонымен қатар осы апталық Алматыдағы Медеу аудандық сотында, осы «Нұрбанкқа» қатысты істе қамауға алынған Алматы қаржы полициясының тергеу бөлімі бастығының орынбасары Бауыржан Әубәкіровтың үстінен сот ісі басталғаны туралы жазыпты. Онда ол «қызмет бабын асыра пайдалану арқылы, адамдарды еркіндігінен шектеген, жалған ақпарат беруге мәжбүрлеген, айыпты мойнына алуға мәжбүрлеген» деген сияқты алты эпизод бойынша айыпталып отырғанын жазыпты. Сондай-ақ «Журналист қаза тапты ма?» деген мақаласында осы газет былтыр жоғалып кеткен журналист Оралғайша Омаршанова туралы, атын айтпаған дерек көздеріне сүйеніп «Оралғайшаны қылмыстық топ мүшелері өлтіріп кеткен» деп жазыпты.

«Экспресс К» газеті «Тұрғын үй» топтамасында прокурорлық тексеріс барысында Тараз қаласында коммуналдық және қызметтік пайдалануға деп бөлінген он бір пәтер, Шымкент қаласында 40 пәтердің 19-ы қайтадан алынғаны туралы жаза келіп, Астанада үлескерлерден ақшасын алып қашып кеткен бір құрылыс компаниясының басшысының орнына сол үлескерлердің өздерінің бірі басшылыққа келгені туралы жазыпты.

«Время» газеті «Мына тиын-тебенді премьерге қайтып беріңдер» деген бас мақаласында «зейнетақыны қайта есептеген соң зейнеткерлерге күлкілі болатын 500-600 теңге қосылыпты, ал кейбіреулеріне тіпті де қосылмапты» деп жазады.

«Тасжарған» апталығы экс-премьер Ә.Қажыгелдиннің елге оралуы тақырыбына тағы оралыпты. «Экспресс К» мен «Время» газеттері күресінен қоқыс жинауға жібермеген Ақтөбедегі баспанасыз қаңғыбастар ереуілдеп, телеоператорлар мен тілшілерді жаңа салынған күресінге шақыртып, шу шығарғаны туралы жазады.

«Ана тілі» газеті болса «Адам маймылдан жаралған жоқ, ал мектептерде Дарвин ілімі әлі оқытылып жатыр» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG