Accessibility links

Қазақстан адам құқықтары сақталмайтын ел болып қалып отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық Хьюман Райтс Уотч ұйымы 2007 жылғы адам құқықтары мәселесі жөнінде жариялаған жылдық есепті баяндамасында Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық мәртебесіне ие болғанымен, бұл елде адам құқықтары мен сөз бостандығы мәселелері өте қиын, жемқорлық жайлаған мемлекет боп қалып отырғаны айтылған.

Хьюман Райтс Уотч ұйымының былтырғы жылға арнаған қортынды есебінің Қазақстанға арналған бөлігінде саяси оппозиция, сайлау, сөз бостандығы, ВИЧ/СПИД мәселесі, Қазақстандағы Өзбекстан босқындарының тағдыры қозғалыпты. Қазақстан саяси тіршілігіндегі Хьюман Райтс Уотч ұйымына ұнамаған нәрсе, біріншіден, былтырғы жылы мамыр айында Қазақстан Конституциясындағы бір адам президенттікке қатарынан екі рет қана сайлануға болады деген бап алынып тасталып, енді қалағанынша сайлана беруге болады деп өзгертілгені екен. Конституцияға енгізілген бұл өзгертулерге наразылық білдіргендерді полиция қудалап, тәуелсіз журналист Сергей Дувановты 24 мамырда Алматыда қамауға алды деп атап өтіпті.

Екінші мәселе, 50 бапты өзгерту арқылы парламент мүшелерінің санын 77-ден 107-ге дейін көбейту арқылы билік парламенттің рөлін арттырамыз, ондағы саяси партиялардың уәкілеттігін күшейтеміз деп сендірген болды, ал шын мәнінде билік осы өзгертулер арқылы бір партияның, яғни президент партиясының парламентін құрды дейді.

Сонымен қатар аталған ұйым президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтың қудалануының саяси астары бар дей отырып, ол сотқа тартылысымен оның иелігіндегі КТК, Караван секілді БАҚ құралдарының меншік иесінің өзгерулері адам құқықтарына жасалған қиянат дейді.

Осы сияқты, Тараздық Әлібек Жұмабаевты президентке тіл тигізді деп бес жылға бас бостандығынан айыруды, журналист Казис Тоғысбаевты екі жылға шартты мерзімге соттауы да сөз бостандығына көрсетіліп отырған қысым деп бағаланған.

Онымен қоса Қазақстанда интернетке цензура жасау да етек алды, мысалы, биыл Рахат Әлиев пен президент Назарбаев арасындағы дау туралы жазған бірнеше интернет сайттар жабылып не оларға кіру мүмкін болмай отыр делінеді Хьюман Райтс Уотч есебінде.

ВИЧ\СПИД мәселесінде Қазақстан аймақтағы ең күрделі ел боп қалып отыр делінген осы баяндамада. Мысалы, 2006 жылы тіркелген 958 науқастың орнына 2007 жылы 1165 жаңа оқиға тіркелгені айтылған. Олардың көбі нашақорлық пен жезөкшеліктен жұқтырған дей отырып, осы кеселге шалдыққандарды емдеу немқұрайлы боп отырғаны адам құқықтарының бұзылып отырғанының айғағы дейді.

Өзбекстан босқындары жайлы, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйым 2007 жылы тамыз айында Қазақстан билігі содан екі жыл бұрын Өзбекстандық тоғыз қашқынды, солардың арасында төрт адам БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі комиссариатының қорғауында екендігі жайлы құжаттары болғанына қарамастан, оларды Өзбекстанға қайтарып бергенін мойындады дейді. Бұл да Қазақстан өзінің мойнына алған міндеттерін бұзып отырғанының айғағы делінген жылдық есепті баяндмасында.

Осы баяндамадағы айтылғандарға байланысты «Азаттық» радиосы Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық Хельсинки комитетінің директоры НинельФокинамен сұхбаттасып еді.

«Бізге, жергілікті көзқараспен қарағанда, кейбір мәселелер елеулі сияқты. Мысалы, қамауға алынғандарды қинау, қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жаза қолдану туралы өзгертулер, сенім-наным, дін бостандығы саласында тәртіп қатаң боп кеткендігі, мысалы кришнаиттердің қудалануы, кейбір дін басыларының үстінен тыңшылыққа қатысты қылмыстық іс қозғалуы, елде әділ сайлаудың жоқтығы, бірлестіктерге деген шектеу, еркін қозғалу, ең негізгі бостандық - адам өмірі, еркіндігі дер едім. Қазір бізде адам өліміне мораторий жарияланып отырғанымен Конституцияға қосымша бап ретінде терроризм үшін өлім жазасы енгізіліп отырғаны да адам құқықтарын шектеу дер едім», - дейді Н.Фокина.

Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі қоғамдық ұйым жетекшісі Евгений Жовтис:

«Адам құқықтары мәселесінде былтыр Қазақстанда оң өзгерістер де болды. Мысалы, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық хаттамаға қол қойғанымызды, қамауға алуды прокуратурадан алып сотқа беруімізді айтуға болады. Дегенмен, жалпылама түрде айтқанда, адам құқықтары мәселесі көп жағдайда бірқалыпты түрде төмен қарай құлдырады», - деген баға берді.

Ал қазақстандық тәуелсіз саяси сарапшы Досым Сәтпаев Қазақстанда адам құқықтарын қорғайтын ешқандай мемлекеттік институт қалыптаспаған деген пікір айтады.

«Конституцияның кепілі президент, бірақ Конституция бізде сақталмайды. Барлық бюрократиялық аппарат заңдарды белінен басып, ешқандай құқық шеңберін сақтамайды, ондай шеңбер Қазақстанда жоқ та! Кез-келген шенеунік заңдарды да, адам құқығын да таптап кете алады. Адам құқығы сақталуы үшін адамды силау керек, ал Қазақстанда ешбір деңгейде адамды силау жоқтың қасы. Қазақстандағы кез-келген адам осы қалыптасқан жүйе алдында жалғыз қалған. Яғни, жүйе оның мүддесін кез-келген жерде таптап кете береді. Өкінішке қарай, біз оны күнде көріп жүрміз», - дейді Досым Сәтпаев.
XS
SM
MD
LG