Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.05.2008 жыл


Сейсенбі күнгі басылымдар Жезқазғандағы «Қазақмыс» корпорациясының 600-дей кеншісі басшыларымен келісімге келіп, ереуілін тоқтатып, жер астынан шыққаны туралы, Бүкіләлемдік банктың Қазақстанға берген қарызы, сондай-ақ қазақ тілінің бүгінгі жайы мен «жемқорлықпен күрес науқаны» туралы мақалалар басыпты.

«Айқын» газеті Жезқазған кеншілерінің ереуіліне арнаған мақаласын «600 адам жер астынан шықты» деп атапты. «Корпорацияның басқарма төрағасы Эдуард Огай бастаған комиссия кеншілердің 14 пункттен тұратын талаптарын қарап, проблемаларын шешу үшін жұмысшылардың бастаушы тобымен келіссөздер жүргізді. Келіссөз барысында екі жақ талқылаған мәселелер бойынша кеншілердің барлық проблемалары шешілетін болды. Жексенбі күні кешкісін кеніш қалыпты жұмысына көшті деп хабарлады кеше Қарағанды облыстық әкімдігінен Жанар Бекбанова» деп жазады басылым.

«Жас алаш» газеті «Кеншiлер ереуiлдi тоқтатты» деген мақаласында, корпорацияның кәсiподақ ұйымы төрағасының орынбасары Валерий Бойчуктың сөзіне сілтеме жасап: «Келiсiмнiң басты нәтижесi – кеншiлердiң жалақысы көбейетiн болды, ендi олар жоспарды орындауына қарай 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейiн еңбекақы алмақ. Ал еңбекке жарамсыздық қағазы бойынша 10 айлық есептiк көрсеткiшке тең айлық берiледi. Зейнеткерлiкке шығатын жас қана белгiлi болмай тұр. Корпорация басшылығы бұл мәселенi үкiмет шешуi керек деп санайды» деген тұжырымын жазыпты.

POSIT.KZ. сайты «Тіл ахуалы: сайқы мазақтықтан шаршағандар» атты мақаласында «Құдай бұйыртса келесі жылы біз қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғандығының 20 жылдығы мен 2010 жылға дейінгі тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламасының аяқталуын атап өтеміз. Бірақ айтарлықтай жетістігімізді мақтан ете алмаймыз. Тіл болашағы туралы оптимизм нөлге жақын. Үкіметтегі барлық құжаттар және заңдар әлі де орыс тілінде жасалады» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті «Міндет үлкен, талап қатаң» деген мақаласында Әділет министрлігінің Халыққа құқықтық көмек көрсету және заңгерлік қызметін ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Айтбай Әлібаевпен сұхбатын жариялапты. Онда Әлібаев мырза: «Бүгінде заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындайтын топ бірқатар заң жобаларын әзірлеуге кірісіп кетті» деп айтыпты.

«Казахстанская правда» газеті корей тілін үйренем деушілерге қазақша оқулық жарық көргенін жазыпты. Ал INKAR.INFO сайты қазақ тілі майданы құрылғаны туралы айтыпты. ZONAKZ сайты Ресейдің IA-CENTR.RU сайтына сілтеме жасап, биыл Алматыда VII Медиа Форум көкек айының 24-26 күндері аралығында өтетіні туралы ақпарат беріпті. «Бұл Рахаттың дауынан кейін, биылдыққа Дариға Назарбаеваның көпшілік алдына тұңғыш шығуы болады» деп жазыпты.

ATYRAUNEWS.COM сайты Әлеуметтанушы және саясаткерлер ассоциациясының президенті Бақытжамал Бектұрғанованың «Биліктің мұрагерлігі» атты мақаласын жариялапты.Онда автор «елімізде қандай да бір саяси, не күш көрсету құрылымдармен тығыз байланысқан өндірістік-қаржы топтарының «кластерлері» пайда болды. «Нұрбанктың» соты, бұл бәсекелестік топтар оппозициядан да күшті екенін көрсетті. Оған аймақтардағы әкімдердің «еркінсіп кеткенін» қоссаңыз, елде бірнеше «күштердің», не «биліктердің» ошағы бар екенін көресіз. Олардың арасындағы тепе-теңдікті сақтап отыру керек. Мемлекетіне деген сенім бір ғана тұлғаға арқа сүйеп отырған осындай жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевты тағы да бір мерзімге президент етіп қалдыруға деген қызығушылық болатыны сөзсіз. Бірақ ол биліктің мұрагерлігі мәселесін түбегейлі шешпесі анық» дейді Бақытжамал Бектұрғанова.

«Жас алаш» газеті «Бұрғылау» ЖШС Құлсары филиалының 44 жұмысшы-қызметкерлерiнің «Нұр Отан» партиясынан шығамыз деген мәлімдемелерін басыпты. Онда жұмысшылар: «Еңбек адамына қайыр-қамқорлық жасай алмайтын, дап-дардай аты бар да, заты жоқ мұндай партияның қатарында болуға ар-ожданымыз бармайды» деп айтыпты.

«Казахстанская правда» жемқорлық мәселесіне «Періштелер алтын көрсе де жолдан таймас үшін» деп атап, онда автор жемқорлықтың көзі «шенеуніктер өздеріне тиімді түрде әртүрлі ережелер мен тәртіпті орнатып алып, бюрократиялық сөзбұйдаға салып, адамды қинайтындығында, салық, кеден ставкаларының тым жоғары боп келетінінен басталады» десе, «Литер» газеті жоғарғы оқу орнындағы парақорлық туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG