Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.06.2008 жыл


Сәрсенбі күні шықан газеттер Қазақстандағы тұрғын үй тақырыбын екшелеп, мемлекеттік тіл мәселесі жайында сөз қозғапты. Сонымен қатар кейбір басылымдар қазақ тарихы, мәдениет, энергетика, экономика мәселелерін де көтеріпті. Ресми басылымда Қазақстанда атом электр станциясын салу қажеттігі туралы ғалым мамандардың пікірі беріліпті.

«Егемен Қазақстан» газеті «АЭС: мүмкіндік пен міндеттер» деген мақаласында, маман ғалымдардың «Қазақстанға атом электр станциясы қажет пе?» деген сауал төңірегіндегі ойларын беріпті. Ғалымдар «...уранның жер қойнауындағы қорының төрттен бір бөлігі Қазақстанда деп есептейміз. Осы халықтың маңдайына біткен зор байлықты тек шикізат түрінде сатқанға мәз болмай, халықтың әл-ауқатының артуы мен әлеуметтік деңгейінің көтерілуіне тікелей әсер ететін, ұлттың өркениеттік дәрежесінің артуына себебін тигізетін АЭС салынуына ешкім қарсы болуға тиіс емес» деген пікірін білдіріп, ол үшін Қазақстан қандай мәселелерді шешуі керектігіне тоқталыпты.

«Аргументы факты Казахстан» апталығы «Тұрақтылық үшін төлем қажет» деген мақаласын Қазақстандағы электр энергетикасы мәселесіне арнапты. Онда мақала авторы мамандардың есептеулеріне сүйеніп, «Қазақстандағы электр энергиясының құны әлем бойынша ең арзан екеніне сіздерді сендіре аламын. Сондықтан Қазақстан электр қуатын тек тұрақты ұстап тұру үшін ғана емес, дамыту үшін де электр энергиясының құнын арттыру қажет, сонда тұтынушылар үнемдеу дегеннің не екенін түсінеді» деген қортынды жасапты.

«Айқын» газеті бүгін 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алудан үмітті жұрттан өтініштер қабылдау басталатынын хабарлай келіп, «шын мәнінде, бағдарламаға кімдер қатысып, қандай құжаттар талап етіледі? Бағдарлама баспанадан дәмелі жұрттың үкілі үмітін ақтай ма?» деген сауалға жауап іздеп көріпті. Газеттің осы мәселеге арналған «Жалақысы төмен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің қолжетімді пәтерлерге қолы жете ме?» деген «көкейдегі сауалына» жауап бергендердің бәрі дерлік «жоқ, қолдары жетпейді» деп жауап беріпті. Мысалы, алдыңғы шақырымда Мәжіліс депутаты болған профессор Ерасыл Әбілқасымов: «Жетпейді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы тым төмен. Олардың орташа жалақысы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлерге де жетпейді. Олардың айлықтары 25-30 мың теңгенің шамасында. Пәтерге кезекке тұру үшін кем дегенде 60-70 мың теңге алу керек. Сондықтан бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жеңілдік жасау, не болмаса айлықтарын екі есе көтеру қажет. Осы екі-ақ жол бар. Шаршы метрі 450-500 доллар тұратын пәтерді ақтау үшін 40 жыл керек...» деп жуап беріпті.

«Экспресс К» газеті «Арматурагеддон-3» деп атаған мақаласын тағы да Қазақстандағы салынып жатқан тұрғын үйлердің көбінде Қытайдан, Ресейдікімен салыстырғанда екі есе арзан бағамен әкелінген құрылыс арматурасының пайдаланылатыны, ал оның сапасы өте төмен, қолмен майыстыруға болатын, жер сілкінген жағдайда ондай арматурамен салынған тұрғын үй қирап қалмасына ешкім кепілдік бермейтіндігі туралы жазыпты.

«Аргументы факты Казахстан» апталығында жарияланған «Дағдарыс бар ма?» деген мақаласында автор «Қазақстанда ешқандай да дағдарыс жоқ, ол үрейшіл сарапшылардың төндіріп айтып жүргендері» деген қортынды жасапты.

«Егемен Қазақстан» тіл тағдырына арнаған «Жүректегі жүк» деген мақаласын «Мемлекеттік тілде іс жүргізу оңалмай, тіл тұғырына қона алмайды» деп қортындылапты. Ал «Айқын» газетінің «Мемлекеттік тілді дамытуға оқытушы мен оқулық кінәлі ме?» деген сауалына жауап берген мамандар: «Мемлекеттік қызметкерлердің тіл үйренуіне ақша бөлінгенмен, оның нәтижесі болмауының ең басты себебі – қазақ тіліне деген аса бір қажеттіліктің жоқтығы» және «мемлекеттік қызметкерлердің ынтасы мен ыждаһатының жоқтығы» деп жауап беріпті.

«Айқын» газетінде тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков «45 ру-тайпаның қайдан шыққанын анықтап бермейінше, қазақ шежіре жазғанын қоймайды» деген үлкен мақаласында «мектептің оқулығын қарасаңыз, Түргеш, Қарлұқ қағанаты дегендер жазылған, басқа ештеңе жоқ, тура ертегі сияқты. Ал сол Түргеш, Қарлұқ қағанаттарынан қазақтың қандай ру-тайпалары шықты? Біз өз тарихымызды өзіміз білмейміз. Соның бәрін зерттеп, қазақтың қайдан шыққанын анықтау керек» деп ой түйіндепті.

IA-CENTR.RU сайтында Б.Карашин деген автор «Артурдың дөңгелек үстелінің құпиясы. Артур қазақ болған» деген мақаласында, «Король Артур – Аждаһа» деген кітабында Ховард Рэйд «Римдіктер Британияға әкелген Артур даланы мекен еткен сармат тайпасының өкілі болған деп жазған» дейді.
XS
SM
MD
LG