Accessibility links

Қазақстан оппозициясы ел президентінің халыққа арнаған кезекті жолдауынан қоғам күткен көкейкесті сауалдарға жауап ести алмағандарын айтады


Сәрсенбі күні Астанада Қазақстан президенті жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жасады. Былтырғыдай биыл да парламенттегі жолдау сәті тікелей телерадиоэфирден берілген жоқ. Дегенмен ол туралы әртүрлі ақпарат көздерінен хабар алған оппозиция өкілдері президент жолдауында жұрт күткен мәселелерге қатысты мардымды ештеңе айтылмады деген сыни пікір айтып жатыр.

Ақпанның 6-күні Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған кезекті жылдық жолдауына байланысты пікір білдірген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары, саясаткер Әміржан Қосанов бұл жолғы жолдаудан жұрт негізінде 3 түрлі сауалға жауап күткенін айтады.

«Біріншіден, бүкіл дүниежүзіндегі ең алпауыт деген мемлекеттердің өздерін тізе бүктірген ипотекадан басталған қаржылық дағдарыс салдарынан Қазақстан өз халқын, өз азаматтарын қалай қорғайды? Бұл туралы президент жолдауында ешнәрсе айтылмады. Ал президенттің 2012 жылға қарай елдегі зейнетақылар мен жәрдемақыларды жыл сайын 25 проценттен өсіру туралы айтқаны ешнәрсені шеше алмайды, бұл жеткіліксіз. Елдегі қазіргі инфляцияға, баға тарифтерінің өсуіне, ақшаның құнсыздануына қарсы мемлекет қандай іс-шара қолданды, алдағы уақытта не қолдануды жоспарлап отыр - ол туралы да жолдаудан ешнәрсе ести алмадық. Екіншіден, пісуі жеткен саяси реформалар жөнінде. Әрине, Қазақстан ОБСЕ секілді халықаралық ұйымға 2010 жылы төрағалық ететіндігіне байланысты жолдауда айтылған «Еуропаға апаратын жол» атты арнайы бағдарлама туралы, оның қандай бағыттары болатындығы және қалай орындалатындығы жөнінде нақты ешнәрсе айтылмады. Ал үшіншіден, елдегі ішкі саяси жағдай туралы жолдауда айтылуы керек еді, халық осыны күткен еді», - дейді саясаткер Ә.Қосанов.

Сондай-ақ Қосанов президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты, өткен 16 жылдың ішінде президент маңайында жүріп, президенттің атын пайдаланып, өздерінің тірлігін жасаған құбылысқа президент тарапынан саяси баға берілуі керек еді, бірақ бұл жолғы жолдауда сол туралы ешнәрсе айтылмады дейді.

А.Сәрсенбайұлы атындағы қордың басшысы Айдос Сарым осы жолғы президент жодауына өзінің еш қанағаттанбағанын айтады.

«ОБСЕ секілді халықаралық ұйымға төраға болуға дайындалатын ел ретінде Қазақстан басшысы елде саяси реформалардың қалай жүретіндігі туралы осы жолғы жолдауда бір нәрсе айтар деп үміттеніп едім, бірақ өкінішке орай, ол туралы ешнәрсе айтылмады. Бұл жолғы президент жолдауында айтылған нәрселердің көбі күнделікті үкімет жиындарында, тіпті «Нұр Отан» партиясы жиналысында болсын айтылып келген нәрселер. Елдегі қазіргі салық кодексін реформалау туралы ұсыныс, ойлар айтыла ма деп үміттеніп едім, ол да болмады», - дейді сарапшы А.Сарым.

Ал Қазақстан Коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин Президенттің бұл жолғы жолдауында қазір елде барған сайын шиеленісіп бара жатқан әлеуметтік мәселелерге қатысты нақты бір шешім, жауаптар айтыла ма деп күткенін айтады.

«Ол мәселе жауапсыз қалып қойды, сондықтан мұнай секілді шылқыған табиғи байлықтың үстінде отырып, халықтың қазіргі қиын да ауыр жағдайын қалай жақсартуға қатысты нақты жауаптардың болмауы бұл осы жолғы жолдаудың жүгінің аз болғандығын көрсетеді», - дейді ол.
XS
SM
MD
LG