Accessibility links

Шымкентте террористік қылмыс бойынша айыпталған 15 адамның үстінен жабық сот өтіп жатыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Шымкенттің Әл-Фараби аудандық сотында террорлық топ құрды деп айыпталған 15 адамға қарсы сот процесі жүріп жатыр. Оларға Қазақстан Республикасы қылмыстық істер кодексінің тоғыз бабы бойынша айып тағылып отыр.

Террорлық топқа қатысы бар деп қылмыстық жауапкершіліке тартылған жасы 23 пен 35 жас аралығындағы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарының 15 тұрғын азаматы Ислам жихады ұйымының мүшелері деп хабарланып отыр. Оларға террорлық топ құрды және оған жетекшілік етті, терроризмді насихаттап, бұқараны төңкеріс жасауға үндеді деген айыптар тағылған. Сондай-ақ сотталушылардан экстремистік мағынадағы әдебиеттер мен облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының жоспары, осы құрылым қызметкерлерінің телефон нөмірлері мен мекен-жайлары жазылған тізім табылғаны айтылып отыр.

Бейсенбі күні «Азаттық» радиосына Әл-Фараби аудандық сотының аты-жөнін атаудан бас тартқан қызметкері жоғарыдағы 15 адамға қарсы жабық сот процесінің 1 айға жуық уақыттан бері жүріп жатқандығын растады.

Ресейлік адам құқығын қорғаушы Виталий Пономарев «Азаттық» радиосына берген сұхбатында:

- Террорлық топ құрды деп айыпталған 15 азаматтың 1-еуі Өзбекстан азаматы, ол ресми тергеу қорытындысына сәйкес, Ислам жихады ұйымының мүшесі деп танылып отыр, - дейді.

Адам құқығын қорғаушылар ұсталған әлгі азаматтар туралы ақпараттың тым мардымсыз екендігіне назар аударып отыр. Олар Қазақстан аумағында қызметіне тиым салынған ұйымдардың мүшелері ұсталғанда ол азаматтар ел тұтастығын бұзуға, конституциялық құрылымын құлатуға қандай әрекеттер жасағандығы туралы нақты деректер айтылмайды, сот процесстері де жабық жүретіндіктен қоғам үшін олырдың қауіптілігі жұмбақ болып қалады дейді.

- Осыдан 2 жыл бұрын да Қазақстанда дәл осындай азаматтар тобы террорлық әрекет жасамақ болды деп қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот процесі жабық қаралды. Бұл сот процесі туралы ешқандай ақпарат таралған жоқ, - дейді Ресейлік адам құқығын қорғаушы Виталий Пономарев.

Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қызметкері Оңғар қажы Өмірбек Ислам атын жамылған бөтен ниетті ұйым мүшелері қатаң жазалануы керек деп есептейді.

- Дұшпандық пиғылдарын іс-әрекеттерімен көрсетіп жатқандарға тиым салғаны өте құптарлық. Біз өз бауырларымызға мұны жеткізе білуіміз керек. Исламның жанында ислам атын жамылған 12-13 діни ағым бар екенін түсіндіруіміз, әшкерелуіміз керек, - дейді Оңғар қажы Өмірбек.

Ал кейбір сарапшылар үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан, діни экстремизм қаупіне қарсы күрестің барысына сыни пікір білдіреді. Солардың бірі дінтанушы Мұртаза Бұлұтай:

- Бұл тек процессуалдық іс-әрекеттермен шешілмейтін мәселе. Бізде сондай солақай мәселе бар. Әр нәрсені заңмен, санкциямен шешеміз деп ойлайды. Ал адамдар жасап қалыптастырып отырған кез-келген мәселенің шешімін адамдар өздері табады. Ол үшін солармен жүйелі жұмыс істейтін мекемелер болу керек. Осындай ұсыныстарды біз айтып жүрміз. Сонда бізге: «біздің мемлекет - зайырлы мемлекет, дін мәселесіне араласа алмаймыз» дейді. Ал діннен мемлекет бөлек болса, неге онда діни ұйымдардың өкілдерін мемлекет тұтқынға алады?, - дейді.
XS
SM
MD
LG