Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.07.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдар мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы туралы топтамалар жариялапты. Бірқатар басылымдар тұрғын-үй бағдарламасына сәйкес Алматыда құжаттар қабылдау науқаны басталуына орай туындап отырған қиындықтарға тоқтапты. Ал кейбір басылымдар «Саралайтын кез келді!» деп аталатын бірқатар зиялы қауым өкілдерінің ашық хатын жариялапты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын «Егемен Қазақстан» газеті «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп атаса, «Айқын апта» басылымы «Жолды ашатын жолдау», ал «Литер неделя» газеті «Жылдың негізгі құжаты», «Экспресс К» газеті - «Ең басты құндылық – адам» деген атаумен басыпты. Ал «Жас алаш» болса осы жолдауға арналған топтамасын «Жолдау жолданады да, жолда қалады...» деп атапты.

Ресми басылымдар кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына арнап баспасөз мәслихатын өткізгені және онда БАҚ басшыларына осы жолдау туралы насихат жұмыстары жүктелгені туралы жазыпты.

«Время» газеті осы жолдау туралы «Халықпен бөлісіңіздер» деген мақаласын «Қазақстандықтардың үнемдеп өмір сүруіне тура келеді. Жолдауда осы ой анық айтылды» дей келіп, саясаткерлердің жолдау туралы пікірін беріпті. Онда сенатор Ғани Қасымов «Мен мұндай ашық айтылған теңдесі жоқ жолдауды естіген жоқпын» десе, оппозиция көсемі Жармахан Тұяқбай мен «Ауыл» партиясының көсемі Ғани Қалиевтер «Жолдаудан ешқандай жаңалық естіген жоқпыз. Саяси бостандықтар туралы ештеңе айтылмады» депті.

Оппозициялық «Свобода слова» апталығы жолдау туралы «Жаңа жолдау, ескі сөздер» деген мақаласында президенттің айтқандарын теріп, «әлемдік дағдарыстан біз құтыла алмаймыз», «байлар қарапайым халықпен бөлісуі керек» деген тұжырымдар айтыпты. Осы апталық тұрғын үй бағдарламасына орай Алматыдағы құжаттарды қабылдау мекемесіндегі қиындықтар туралы мақалсын «Бағдарламамен таптау» деп атапты.

«Время» газеті осы мәселеге арналған мақаласын «Шабуыл» деп атап, «кезекте тұрған 2-3 мың адамның арасында, тәртіпті сақтау үшін милиция күштері тосқауылға қойылғанына қарамай, бірін-бірі таптап, қиналған адамдарға жедел жәрдем де шақыртуға тура келді» деп жазыпты.

Белгілі қоғам қайраткері, оппозиция көсемдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қазасының екі жылдығына орай оппозициялық басылымдар топтама беріпті. «Тасжарған» апталығы осы топтаманы «Бір адамның жетегіне байланған мемлекет жардан құлайды» деген Алтынбектің өз сөзмен айдарлап, Алтынбектің әр кезеңге, әр ахуалға байланысты айтқан ойларының жинағын жариялапты.

«Жас алаш» газеті «Жолдас генералдар, жазып алыңыздар!» деген мақаласында жақында депутаттар «Жедел iздестiру шаралары туралы» заң жобасын мақұлдап, сенатқа жiбергені, және «бұл заң жобасы қабылданып кетсе, телефонмен «тiлiңiздi тартып» сөйлесесiз» деп, белгілі органдардың адам телефондарын тыңдау құқығына ие болатыны туралы жазыпты. Осы газет «Мұхтар Мағауин неге Чехияға кетiп қалды?» деген мақаласында «Ол - шарасыздықтан. Шарасыздық болғанда да, түңiлу мен торығудан туған шарасыздықтан кетіп қалды» деп, белгілі жазушының Прагада қазақша жарық көрген «Жармақ» атты романы туралы ой толғапты.

«Тасжарған» апталығы «Нұрбанктың» жоғалған топ менеджері Жолдас Темірәлиевтың әкесі Ғапар Темірәлиевтың Рахат Әлиевтың әкесі Мұхтар Әлиевке «Сіздің балаңыз менің баламды қай жерге көмгенін көрсетсін» деген ашық хатын жариялапты. Сондай-ақ осы апталық «Әкежан Қажыгелдиннің оралуы туралы әңгіме жәй әшейін, алып қашпа әңгіме болуы мүмкін» деп, Қазақстандағы «31 телеарнаның» Ресейлік СТС медиа-тобына сатылуы туралы мақаласын «2012 жылғы ақпараттық шайқасқа плацдарм сатылады» деп атапты. Ал «Егер көпшіліктің бір жері жылтырап көрініп тұрса, бізге байлардың мемлекетінің не керегі бар?» деген мақаласын апталық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Әділбек Жақсыбековке «ашық үндеу» деп атапты. Апталықтың «Рахат Әлиев байланысқа шықты» деген мақаласында Рысбек Сәрсенбаев «маған Рахаттың адамдары шығып, Алтынбектің өліміне қатысты құжаттарды Рахаттың маған бергісі келетіні туралы айтты. Бірақ, Астана Рахатпен жүргізген жасырын «саудасы» әсер етті ме, Рахат кейін бұл ойынан қайтып қалды» депті.

«Свобода слова» апталығы «Киелі орын бос тұрмайды» деген мақаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың атын жамылғандар «заңды белшесінен басып, рейдерлік әрекет жасап» жүргендері туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG