Accessibility links

Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоғамның көзқарасы жайында


- Бізде мүгедектер де қоғамның мүшелері, бірақ қазіргі қоғамда әлеуметтік инфрақұрылымдар солардың талап-қажетіне ықшамдалмаған. Мың жерден институт жаса, мың жерден жұмыс орнын аш, егер мүгедек адам үйінен шыға алмаса, мына көшемен жүре алмаса – жаңағының барлығы еш қажетсіз боп қалады. Сондықтан, меніңше, біздегі ең маңызды мәселе – ол мына әлеуметтік инфрақұрылымды мүгедек жандардың талап-тілегін де ескере отырып түзету керек.

Сосын тағы бір нәрсе, мүгедек деген ол ауру деген сөз емес. Ал біздің медицинада сол баяғы кезден қалыптасқан ескі түсінік оны ауру деп қарайды, ол дұрыс емес. Егер бұл мәселеге сол ескі тұрғыдан қарайтын болсақ бізде мүгедектер проблемасы ешқашан шешілмейді. Ал оны шешу үшін мәселеге басқаша қарау керек. Мәселен, мүгедектің жүріп-тұруына кедергі болып, қолайсыздық келтіретін мына айналадағы бөгеттерді алу, сөйтіп мүгедек адамның он екі мүшесі сау кісімен бірдей дәрежеде болуына жағдай туғызатын іс-шаралар мен жұмыстарды атқаруды жолға қойғанда ғана біз нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Яғни, түрлі пандустар орнату, үйді де, көшені де мүгедек адамдардың талабына сай жасауға болады. Сонда, мысалы, мен де сіз секілді далаға шығып, жұмысқа бара аламын, өзім тап болып келген кедегі-бөгеттерден құтыламын. Сол секілді, мына қаладағы қоғамдық көлікте де ана шетелдегі сияқты мүгедектердің өздігінен мініп-түсуіне жағдай жасалса, олар да өздерін қоғамның толыққанды бір мүшесі ретінде сезінетін болады. Және де бұл проблемалардың барлығы да атқаруға, шешуге болатын нәрселер.

Біз сондай мәселелерді көтеріп, қоғамдағы әлеуметтік көзқарасты мүгедектіктің әлеуметтік көзқарасына келтіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз, одан нәтиже де бар деп айтуға болады. Бізді шенеуніктер қазір ауру ретінде санамайды, біздің біраз нәрсеге қолымыз жететінін көрді де, бізбен ақылдасып, кеңесіп, соның арқасында қазір біраз электржүйелі арбалар алдырып, мылқау адамдарға сурдоаудармашы, арбамен жүретіндерге көмекші беріп жатырмыз. Мысалы, Алматыда, бұл жерде мен мақтанайын деп отырған жоқпын, бірсыпыра жұмыстар атқарылды деп айтуға болады. Әрине, сонымен бірге әлі де кемшін тұстар аз емес.

Өкінішке қарай, ауылды жердегі мүгедек жандардың проблемасы сол қалпында қалып отырғаны қабырғаны қайыстырады. Осы мүгедектердің проблемасы неге шешілмейді деген сауалға жауап іздейтін болсақ, шенеуніктер көп жағдайда ақшаның жоқтығын сылтау етеді. Ал мен айтар едім, ешқандай ақша қажет етпейтін, бар болғаны билікте отырғандардың ерік-жігеріне байланып тұрған нәрселер бар деп. Өйткені, бізде, мейлі ол жақсы болсын, жаман болсын – заң бар.

Сол заңның өзі орындалатын болса мүгедек жандардың басындағы проблемалардың 80 пайызға жуығын шешуге болар еді. Бізді құртып отырғаны сол заңның орындалмайтыны ғой! Тіпті қажетті ақша да бөлініп отырған сол заңды жүзеге асырамын деген жергілікті жерлердегі басшылардың кім қолын байлайды?!

Мысалы, қазір елде көптеп салынып жатқан ғимараттарды, заң бойынша, егер ол мүгедектерге ыңғайландырылып жасалмаса, ондай ғимараттарды қабылдамау керек. Ал бізде қабылдап алып жатыр мемлекеттік органдар. Ал осы іске де ақша керек пе? Міне осы секілді ешқандай ақшаны қажет етпейтін, тек қана адамгершілік пен өз міндетіңді дұрыс атқарау білуіңді керек ететін талай нәрселер бар біздің қоғамда.
XS
SM
MD
LG