Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.09.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сенбі күнгі ресми басылымдарда Франция премьер-министрі Франсуа Фийонның Қазақстанға ресми сапары, Қазақстан президентінің өз халқына жолдауы, Сырдариядағы сең көшу қаупі мен оған дайындық мәселесі, сондай-ақ Қазақстандағы жемқорлық мәселесіне арналған мақалалар басылыпты.

«Айқын» газеті Франция премьер-министрі Франсуа Фийонның Қазақстанға ресми сапары жайлы мақаласында 2007 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы көлемінің 4 миллиардтан астам АҚШ долларын құрағанын, 30 қыркүйектегі есеп бойынша Қазақстанға Франция тарапынан 3,76 миллиард доллар мөлшерінде инвестиция тартылғанын айтады.

«Егемен Қазақстан» басылымы осы сапарға арнаған мақаласында «Франция Қазақстанның сауда-экономика саласындағы Ресей, Италия, Швейцария және Қытайдан кейінгі 5-ші орындағы әріптесі болып табылады және Қазақстан экономикасына инвестиция салу жөнінен Франция 4-ші орынға шығып, алдына тек Нидерланды, АҚШ, Ұлыбритания елдерін ғана жіберіп отыр» деп жазады. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газеті «Қауіпсіздік тұғыры» атты мақаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді Шабдарбаевпен сұхбатын жариялапты. Онда генерал: «Өткен жылы Алматы қаласында шетелдік арнайы қызметтердің бірінің резидентурасы анықталды. Қазақстан аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар барлау шараларының жолы кесілді. Нәтижесінде шетелдік арнайы органдардың екі агенті сотталды. Төрт елдің арнайы қызметтерінің алты қызметкері және төрт агенті анықталды. Қазақстандық азаматтарды жасырын қызметке тартпақ болған сегіз оқиға ашылды. Сөйтіп, алты елдің арнайы қызметіне қатысты күдік тудырған он төрт шетелдік азамат елден шығарылды» деп айтыпты. Және осы газет «Жемқорлықпен күрестің жаңа кезеңі басталды» деген мақаласында «Нұр Отан» партиясы төрағасының жаңадан тағайындалған бірінші орынбасары Әділбек Жақсыбеков өзінің алғашқы жиналысын сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне арнады» деп жазыпты.

Ал «Айқын» газеті өздеріне бас редакторлыққа Нұртөре Жүсіптің келіп, бұрынғы редактор Бауыржан Омаров Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалғанын хабарлапты. Сонымен қатар осы газет бүгінгі көкейкесті сауалын «Нұр Отанның» жемқорлықпен күресі ықпалды болуы үшін басқа партияларды да тарту керек дегенге қалай қарайсыз?» депті. Осы сауалнамаға жауап бергендердің барлығы дерлік «барлық партиялар жұмылдырылуы керек, осы бағытта бірлесе жұмыстар істелуі тиіс. Сонда ғана ешкім бір жақты кетпейді. «Нұр Отанның» жалғыз өзі күреске шығуы түбегейлі нәтиже бере алады деген қиын шығар. Жалпы, бір партияның ауқымында қалмай, өзге партиялар да араласқан жағдайда жемқорлықпен күрес – халықтық күреске айналады. Себебі, біздегі жемқорлық көрші елдерге қарағанда, өте асқынып тұр» дегендей жауап беріпті.

«Время» газеті Алматы облыстық ішкі істер департаменті табиғатты қорғау полициясының «Нұра» елді мекенінің 60 жасар саятшысы Нұрбол Мәметов деген ақсақалдың екі бүркітті рұқсат қағаздарынсыз ұстап отырғанын анықтап, әкімшілік іс қозғағаны туралы жазыпты. «Заң бойынша саятшы Ауылшаруашылық министрлігінен арнайы рұқсат және лицензия алуы керек» деп жазады «Время» газеті. Сондай-ақ осы газет Қырғызстанның екі футбол командасының, яғни Қырғызстанның былтырғы чемпионы Нарынның «Дордой-Динамо» және былтырғы чемпионаттың күміс жүлдегері Қант қаласының «Абдыш-Ата» командаларының Қазақстандағы бірінші лига біріншілігінде ойнау мүмкіндігіне өтініш білдіріп жатқандары туралы жазыпты.

«Литер» газеті «Сырдария өзінің сырын көрсетеді» деген мақаласында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мен премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеев Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарын аралап, су тасқынына дайындық шараларымен танысып қайтқандары туралы жазыпты. Мақалада Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ислам Әбішев «әзірге су тасқыны қашан, қай жерде басталатынын айта алмаймыз, дегенмен кейбір жерлердегі су деңгейі 1-2 метрге дейін көтерілді. Біз шамамен тұрғындарының саны 26 мыңдай адам болатын жирма шақты елді мекендерді су басуы мүмкін деп отырмыз» деп айтыпты.

«Экспресс К» газеті «Оңтүстік тұрғындары осындай ахуалды бірінші рет көріп отыр. Мамандар Сырдарияның мұзы бір жарым метрдей боп қатқанын сонау 1969 жылдан бері көмегенін айтады. Жақында мұз ери бастайды да кептелістер пайда болып, су тасиды. Оған қоса, ары кетсе енді екі аптадан соң төтенше деңгейге дейін толайын деп тұрған Шардарадағы ахуал да қиындап тұр» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG