Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбайұлы – қазақтың біртуар ұлы болатын

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ақпанның 11-інде белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан оппозициясы жетекшілерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қастандықпен өлтірілгеніне 2 жыл толды. Қаралы күнге орай Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қор Алматыда марқұм қайраткерді еске алу жиынын өткізді. Осы жиында оппозиция белсенділері ақпанның 11-ін азаттық жолында құрбан болған ерлерді еске алу күні ретінде атауға ұсыныс білдірді.

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға оның қатар жүрген үзеңгілестері мен достары, туыстары мен жұртшылық жиналды. Жиында сөз алғандар Қазақстан демократиялық оппозиция жетекшілерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының ғалымдық, журналистік, саясаткерлік қырына жан-жақты талдау жасады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қыры туралы былай деді:

-1990 жылдардың басында Қазақстан елінің мемлекеттігін сақтап қалуға, мемлекеттің алға қойған саяси жоспар-жобасын жасауға, халықаралық деңгейде мемлекеттің ұпайын жібермеуге әрекет жасаған, ақыл беріп, қателіктен аман алып қалған азамат біреу болса ол – Алтынбек. Себебі, Алтынбектің көрегендігі, оның болашақты болжаушылығы, талдау мүмкіншілігі, терең білімі сол кезде қандай жұмыста болмасын бүгінгі елбасының өзі үшін де ерекше еді. Ол ұлты үшін жанын беруге даяр азамат еді. Кейіннен Алтынбек Сәрсенбайұлы өзінің айтқан дұрыс ұсыныстары орындалмай мемлекеттік саясат, билік жүйесін құру басқа жаққа бет алғанда оның дұрыс еместігіне көзі жетіп, саналы түрде оппозицияға кетті. Оппозицияның жұмысында да оның стратегиясын, тактикасын құруда да, идеологиялық жағынан да орны толмас азамат еді. Әттең, Алтынбектің осындай құндылығын ескерген билеп отырған топ Алтынбектен тек өлтіру арқылы ғана құтылуға болатындығын біліп, сондай хайуандық әрекетке барды деп ойлаймын.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадам екі жыл бұрынғы қастандықты ұлт басындағы трагедияға жатқызады:

- Алтынбек, Василий, Бауыржан сынды үш азаматтың өлтірілуі күрделі мәселе. Оның алдында да өлімдер болды. Бірақ осы Алтынбек Сәрсенбайұлының қасақана қазасы трагедияның шыңы болды деп санаймын. Өйткені, бұл ашықтан-ашық саяси өлім екені белгілі болды. Осыдан сабақ алуымыз керек. Мәселе – бұл азаматтар батыр еді, көреген еді дегенде емес. Не жасауымыз керек, елдің тағдыры қалай болады? Соны ойласуымыз керек. Себебі, қазіргі бағытымыз өте қауіпті бағыт. Менің ойымша, халық та, билік те, оппозицияда өзіне-өзі сұрақ қоюы керек.

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың сарапшысы, өзін Алтынбектің шәкірті санайтын саясаттанушы Берік Әбдіғалиев:

- Бізде өкінішке орай, билікте жауапкершілікті мойнына ала алатын азаматтар өте аз болып тұр. Алтынбек Сәрсенбайұлының бөле-жара айтатын қасиеті - жеке жауапкершілігінің мықтылығы еді. Жұмысымды, лауазымымды жоғалтып аламын деп қорықпай, мәселені президенттің алдында да тура қоя білетін. Әсіресе, қазаққа байланысты. Елге, халыққа деген ықпалы мықты болатын. Деңгейі өте терең болатын. Өкінішке қарай, біздің кейбір саясаткерлерде ондай жоқ.

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының қызметтес серіктерінің бірі Амалбек Тшан:

- Алтынбек - қазақтың біртуар ұлы. Бүгінгі билік оның ақыл-парасатынан қорықты. Өмірге деген көзқарасы ерекше азаматтан құтылуды мақсат етіп қастандық жасады. Біздің қоғамда қандай мәселе болса да жұтылып кетеді. Кезінде Заманбектің өлімі болды. Ол да елдің азаматы. Бірақ билік осылай болды деді. Біз сенсек те сендік, сенбесек те сеніп қала бердік. Ал Алтынбектің өлімін де тура солай жасамақ болды. Есіңізде болар, «Қазақстан тудей» ақпарат агенттігі алғашында Алтынбек аңда атылып өлді деген хабар таратқан болатын. Дер кезінде жасалған әрекеттің арқасында ғана Алтынбектің өлімі қалай болғанын халық білді. Талқылауға түсті. Әйтпесе аңға шығып атылып өлді деп жылы жауып қоя салатын еді. Сондықтан да біздің қазақтың қазақи менталитетін көтеру үшін осындай мәселені басып айтуымыз керек, - дейді.
XS
SM
MD
LG