Accessibility links

Қарасу тұрғындары Алматыдағы Жетісу аудандық соты алдында наразылық шарасын өткізді

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматы қаласы маңындағы Қарасу елді мекенінің бір топ тұрғыны ақпанның 13-күні, қыстың суық күніне қарамастан, Жетісу аудандық сот алдында наразылық пикетіне жиналды. Осылайша тұрғындар өздерін заңсыз жер пайдаланып отыр деп шығарған сот шешіміне қарсылығын білдірді.

Қарасу елді-мекені тұрғындарының бірі Гүлнар Тишованың айтуынша, тұрғындардың көбі 10 жылдан бері сол жерде, үй баспана салып алып, әркім өз шаруашылығымен айналысып, тіршілік етіп жатқан.

«Алайда осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігі тұрғындар отырған осы жерді оларға айтпастан жер аукционында «Абажур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатып жіберіпті, содан кейін жері дауы басталып, ақыры соттан бір-ақ шықтық», - дейді Гүлнар.

Бұл даулы іс Жетісу аудандық сотында қаралған.

«Бірақ судья Мәди Рыспеков осы істі дұрыс қарамай, жерді біздің пайдамызға емес, «Абажур» фирмасының пайдасына шешіп берді, ал бізге жерді босату керек деген шешім қабылдады», - дейді Г.Тишова.

Жетісу аудандық сот үйі алдына жиналған Қарасу тұрғындары, сот шешіміне наразы екендіктерін айтып, әлгі шешім шығарған судья М.Рыспековтың қызметінен кетуін талап еткен талап-хатты Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің атына жолдайтындарын айтты.

Қарасу елді-мекенінің тағы бір тұрғыны Бекболат Төлебаев Қарасудағы барлығы 22 отбасының қазіргі жағдайының өте ауыр екендігін айтады.

«Күн сайын сот орындаушылары келіп, бізден үйден шығуымызды, жерді босатып беруімізді талап етеді, бұл бір қиын жағдай болып тұр, ақыры басқа амал қалмаған соң бүгін сот үйі алдына жиналып тұрмыз», - дейді ол.

Ақпанның аязды суығына тоңған Қарасу тұрғындары шамасы жарты сағаттай тыста тұрып наразылықтарын білдірген соң сот үйінің ішіне кірмекші болып еді, олардың жолын сот орындаушылары мен полиция қызметкерлері кесе-көлденеңдеп, рұқсатсыз ішке кіруге болмайтындығын ескертумен болды. Алайда әбден ашынған, ыза-ашуға булыққан, көпшілігі әйелдерден құралған бұл топ анау-мынауға қарамастан сот үйі ішіне кіруге бел байлады. Жағдай бұлайша бет алған соң бір сот қызметкері сот төрағасымен сөйлесіп келуге кетті. Ақыры Қарасу тұрғындарымен сөйлесуге Жетісу аудандық сотының төрағасы Бақытжан Шошықбаевтың өзі кеңсесінен шығып, олардың айтқандарын естіген соң: «енді Конституциялық құқықтарыңызды пайдаланып Қазақстанның Жоғарғы соты мен Бас прокуратурасына арыз-өтініш жазыңыздар» деген ақыл-кеңес берумен шектелді.

Сот төрағасының бұл жауабына риза болмаған Қарасу тұрғыны Гүлнара Тишова Жоғарғы соттан өздеріне аз үміт барлығын айта келіп:

«Жерді ешкімге бермейміз, бұл халықтың жері, біздің жеріміз, егер халық болмаса мемлекет те болмас еді. Сондықтан жерден айрылмаймыз», - деді.

Осылайша, жерді аукционға салып сатып жіберген Алматы қаласы әкімдігіне, аукционда жеңіп, жерді сатып алған «Абажур» фирмасына және тұрғындарды даулы жерден көшіру туралы шешім қабылдаған Жетісу аудандық сотына өкпелері қара қазандай Қарасу тұрғындары наразылық акцияларын аяқтап, үй-үйлеріне тарасты.
XS
SM
MD
LG