Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.13.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күнгі бірқатар басылымдар тоқтап қалған тұрғын үй құрылыстарын сатып алу мүмкіндігін үкімет қарап жатқаны туралы, Алматы қаласы әкімінің жұртшылыққа берген есебі, «Нұрбанк» төңірегіндегі сот және Қырғызстаның бұрынғы басшысы Асқар Ақаевтың Қазақстанда жүрген күйеу баласы Әділ Тойғанбаев туралы мақала беріпті.

«Zonakz» сайты Рахат Әлиевтың жеке сайтына сілтеме жасап, оның «Академик Мұхтар Әлиевті қудалауды доғарыңдар» деген үндеуін беріпті. Ол үндеуде Рахат Әлиев өз әкесінің кеше қысымы көтеріліп («гипертонический криз») ауруханаға түскені және оның жүрегінің кардиостимуляторын ауыстыру үшін тек шетелде ғана операция жасау мүмкін екендігін, бірақ Қазақстан билігі «президент Назарбаевтың нұсқауымен академик Әлиевті шетелге шығармай отырғаны» туралы айтып, барлық тәуелсіз журналистер мен құқық қорғау ұйымдарынан оған араша түсулерін сұрапты.

POSIT.KZ сайтында жарияланған социологтар мен саясаткерлер қауымдастығының президенті Бақытжамал Бектұрғанованың «Президент жолдауы: саясаттан басқаның барлығы» деген мақаласында: «Мен президенттің жолдауынан бұрынғы жолдауы қалай орындалғаны туралы, не жаңа жолдауды қалай іске асыру керектігі туралы ешнәрсе естімедім. Сондықтан, президенттің сөзіне қол шапалақтап сол залда отырған ірі меншік иелерімен салық жүйесінің реформасы арқылы күресу керек дегені, не билік басындағы жемқор шенеуіктермен күресу керек дегені жалпылама қолдауға ие бола қоймас. Жоғары мінбеден айтылғандардың өмірмен және қарапайым халықтың күнделікті тіршілігімен ортақ ешнәрсесі жоқ» деген тұжырым жасапты.

«Zonakz» сайты «2006 жылдың 11 ақпанындағы Ұлттық қасырет: оқиғалар, салдары, талдау» тақырыбы бойынша өткен дөңгелек үстелге қатысушылардың үндеуін жариялапты. Ол үндеуде «ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын барлық азаматтар 11 ақпан күнін «Бостандық жолында құрбан болғандарды еске алу және саяси террорға қарсылық күні» деп тану туралы бастаманы қолдауға шақырыпты. Сонымен қатар осы сайт «Күретамыр» атты жаңа қоғамдық қор құрылғаны, олар қазақ тілімен қатар орыс тіліне де жанашырлық танытпақ екендігі туралы жазыпты.

«Айқын» газеті Алматы әкімінің қала тұрғындарымен кездесуіне арнаған мақаласын «Тыным таппайтын Тасмағамбетов» деп атап, «Алматылықтар мен қала әкімі Тасмағамбетовтың бұл төртінші кездесуі. Қалаға әкім болып келгелі үш жылдан асқан уақытында, Тасмағамбетов көрсетсе көз қанығатын, айтса ауыз толатын талай істердің басын қайырып-ақ тастады. Оған жұрт куә» дей келіп, қала әкімінің нендей өзекті мәселелерге тоқтағаны туралы жазыпты.

Сонымен қатар осы газет «Өтпеген үйді шенеуніктер сатып алады» деген мақаласында «Кеше Үкіметте елді елең еткізерлік тосын шешім қабылданды. Қазір банктердің халыққа ипотека беруді сиретуі кесірінен Астанада көптеген жаңа тұрғын үйлер өтпей жатқандығы мәлім, ал премьер Кәрім Мәсімов болса, енді мемлекеттік органдарға бюджет қаржысына соларды көтеріп сатып алуға ұлықсат етті» деп жазыпты.

«Литер» газеті осы тақырыпқа арнаған мақаласында «Кәрім Мәсімов тиісті органдер мен министрліктерге бір аптаның ішінде қанша пәтер сатып алу қажеттігін дәл анықтауға тапсырма берді» деп жазады. Ал «тұрғын үйге деген сұранысты жандандыру арқылы үкімет қандай мақсат көздеп отыр?» деген «Литердің» көкейкесті сауалына, жылжымайтын мүлік сарапшысы Ерлан Ибрагим: «бұл идея өте жақсы болғанымен нарықтық заңдылықтардан тыс және тұрғын үйге деген сұранысты жандандыруға еш қатысы жоқ» десе, белгілі экономист ғалым Қанат Берентаев: «Мәсімов алғашқыда шаршы метрін 600-800 доллардан сатып алу туралы айтқан еді, Өмірзақ Шөкеев 1000-1500 доллардан сатып алу керек деп отыр. Соған қарағанда жылжымайтын мүлік нарығында енді содан шығынсыз шықпақшы болған аймақтық элиталардың мүддесі бар болуы мүмкін» депті.

«Время» газеті Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың күйеу басласы Әділ Тойғанбаев туралы «Маған қандай кінә тағып отырғанынан бейхабармын» деген маласында, оның Қазақстанда POSIT.KZ деп аталатын сайты барлығын және ол «Ұлттық стратегия сараптау орталығы» деп аталатын мекемені басқаратындығы туралы айта келіп, Қазақстан прокуратурасына 4 сауал қойыпты. Олар: «Қырғыстан жағы Қазақстанға Әділ Тойғанбаевқа қатысты тиісті сұраулар салды ма?; Қырғызстан жағының мәлімдеуінше оған алты қылмыстық іс бойынша айып тағылып отырғаны туралы айтылады, соған байланысты Қазақстан жағы не істеді?» деген сияқты сауалдар. Осы газет Алматының Медеу аудандық сотында «Нұрбанкке» қатысты қалалық салық полициясы тергеу басқармасының орынбасары Бауыржан Әубәкіровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот қайтадан басталғаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG