Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.14.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдар Қазақстан президентінің халыққа Жолдауына, оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қаза болғанына екі жыл толуына, бұған дейін ресми басылымдарда жарияланған бір топ зиялы қауым өкілдерінің үндеуіне жауап ретінде арналған мақалалар басылыпты.

«Айқын апта» басылымы «Жемқорлыққа жойқын соққы басталды» деген мақаласында қаржы полициясының бастығы Сарыбай Қалмырзаев кеше «Нұр Отан» партиясына қолданыстағы Қылмыстық кодексті түбегейлі өзгертуді ұсынғанын хабарлапты. «Әйтпесе коррупцияға қарсы күресуші органдар құрған торға өңкей «шабақтар» ілініп, ал шын мәнінде, желбезегін май басқан «шортандар» әрі қарай да қармақты құйрығымен қозғап, ойнап жүре бермек» дей келіп, «Сарыбай Сұлтанұлы сондай-ақ бүгінде «жемқорлыққа жойқын соққы жасауға» жол ашатын ауқымды бағдарлама әзірленіп жатқандығын жеткізді» депті.

Бірқатар басылымдар «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Әділбек Жақсыбеков пен Сарыбай Қалмырзаев екі ұжым арасында жемқорлықпен күресті жандандыратын меморандумға қол қойғанын атап өтіпті.

«Тасжарған» апталығы «Әкежан Қажыгелдин Еврокомиссармен кездесті» деген мақаласында шетелде жүрген экс-премьер 7 ақпанда Еврокомиссияның Брюссельдегі штаб-пәтерінде одақтың сыртпен байланысына жауапты комиссары Бенито Ферреро-Вальднермен кездескені туралы жазыпты. Мақала авторы Аркадий Дубнов «Қажыгелдин Назарбаевқа Европаға баруы үшін кем дегенде үш қадам жасауы керек деп» атап көрсеткенін жазады. «Бірінші – барлық партияларды кедергісіз тіркеу, екінші – БАҚ туралы қолданыстағы заңды алып тастап, оппозицияны электронды БАҚ құралдарына еркін жіберу, үшіншіден – оппозициялық саясаткерлерді қудалауды доғарып, заңсыз сотталғандарды ақтап, олардың елге еркін оралып, кедергісіз қоғамдық қызметпен айналысуына мүмкіндік беру» деп атап көрсетіпті. Осы апталық «Әлем күту жағдайында» деген мақаласында былтыр күзде Қазақстанды ОБСЕ ұйымына төрағалыққа тағайындағанда алдына үш міндет қойғанын еске салады. Олар: «сайлау туралы заңды өзгертуден» басталып, жоғарыда Қажыгелдиннің айтқандарын да қамтиды. Осы мәселелерге арналған адам құқын қорғаушы Евгений Жовтиспен сұхбатын газет «Біз Қазақстан өз міндеттерін қалай орындап жатқанын қадағалаймыз» деп атапты.

«Свобода слова» апталығы Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қала тұрғындарымен кездесуіне арнаған мақаласын «Әкім жарылды» деп атап, «ол сөз бостандығына қарсы емес, ол «Свобода словаға» қарсы, ол жалпы оппозицияға қарсы емес, ол біздің оппозицияға қарсы» деген тұжырым айтыпты. Осы апталықта оппозиция қайраткерлерінің бірі Төлеген Жүкеевтің «Азия қауіпсіздігі» деген ауқымды мақаласында аймақтағы геосаяси ахуал мен әлемдегі болуы мүмкін қақтығыс сценарилері қарастырылыпты.

«Тасжарған» апталығы «Оған қоса президенттің құдасы» («По совместительству сват президента») деп аталатын мақаласында Ресейдің Қазақстандағы елшісі көпшілікке беймәлімдеу «Келісім мен бейбітшілік кеңесі» деп аталатын ұйымның төрағасы деп Асқар Құлыбаевқа «Достық» орденін табыс еткені туралы айта келіп, оның баласы Тимур Құлыбаевтың да кезінде рейдерлікпен талай кәсіпорындарды тартып алғаны туралы жазыпты.

«Жас алаш» газеті ресми басылымдарда жарияланған бір топ зиялы қауым өкілдерінің «Саралайтын кезең келді...» деген ашық хатына жауап ретінде Рысбек Сәрсенбайұлының «Даңғаза үндеу тастағанша, үндемей-ақ қойған жөн бе еді» деген мақаласын басыпты. Онда автор «28 қайраткер жазған үндеу, әрине, халыққа арналған. Бiрақ, халық ақымақ емес қой, мұның бәрiн өздерi де көрiп-бiлiп отыр емес пе?! Сондықтан да 28 қайраткерiмiз осы орынсыз дәрiптеуге құрылған үндеулерiн жарияламас, жазбас бұрын «бұған халық қалай қарар екен» деп ойланулары керек едi. Тек «президентке ұнасақ, президенттiң көңiлiнен шықсақ болды» дедi ме екен?.. Халықтың президенттен де биiк тұратынын бiлмегенi ме?..» дей келіп, Түркіменстан оппозициясы өкілдерінің бірінің «Түркіменбашыны осындай «дәрежеге» жеткiзгендер – ең алдымен, түркіменнiң ақын-жазушылары мен ақсақалдары. Түркіменбашыны дәрiптеп, асыра мақтап өлең жазады, толғау шығарады. Айға да теңедi, Күнге де теңедi. Тiптi пайғамбарға да теңедi...» деп айтқан ойын келтіріпті.

«Тасжарған» апталығы осы тақырыптағы мақаласын «Жиырма сегіз Назарбаевшы «батырға» жиырма сауал» деп атапты. Осы апталықта белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғали: «Тарихқа қоғамның өзі баға беруі керек» деген мақалада «осыған қарап жуырда бір жобаның сұлбасы көрінеді дей беріңіз. Ал зиялыларға қол қойдырғанына қарағанда, ол не үшін қабылданып жатқанын білмей қалуы мүмкін емес» деген ой айтыпты.
XS
SM
MD
LG