Accessibility links

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы М.Есжанов Қазақстанның Бас прокуратурасы тарапынан өзіне тағылған айыпты негізсіз деп санайды

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Алматыда БАҚ өкілдері мен журналистер қауымы алдында осылай мәлімдеме жасаған Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұқтар Есжанов Қазақстанның Бас прокуратурасының өзіне қарсы қылмыстық іс қозғағаны туралы хабарды естіп өзінің аң-таң болғанын айтты. Судья өзінің ескі танысы, бір кездері Жоғары сотта бірге қызметтес болған, ал бүгінде Қазақстанның бас прокуроры қызметіндегі Рашид Түсіпбековтің атына арнайы мәлімдеме жолдағанын хабарлады.

Сот төрағасының айтуынша, барлық мәселе 2006 жылы тамыз айының соңында Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімінің сол кездегі басшысы, полиция полковнигі Жұмабай Қалиевті сыбайлас жемқорлыққа қатысы болған деп тауып оны сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген күннен басталған көрінеді.

«Жоғарыдан келіп түскен кейбір сұрау-өтініштерге қарамастан сол жолы Мұғалжар аудандық соты сол аудандағы ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы Ж.Қалиевті және оның сыбайластарын соттау мәселесінде принциптік көрсетті. Өйткені Ж.Қалиев және оның қызметкерлері қылмыстары дәлелденбеген адамдарды күшпен мойындату үшін ұрып-соғып, азаптаған», - дейді сот төрағасы.

Бұдан кейін аудан прокуроры С.Асқаровтың аппеляциялық наразылығы бойынша, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы Ж.Қалиевтің іс-әрекетін қайта қарап, аудандық соттың шешімін бұзып, оны жеңіл жазамен босату туралы шешім қабылдайды.

«Ал ол кезде мен кезекті еңбек дамалысымда жүрген едім», - дейді М.Есжанов.

Облыстық соттың осы шешімін өзі төраға болып қайта қараған қадағалау алқасының судьялары Ақтөбе облыстық прокуроры Д.Сартаевтың сотталған Ж.Қалиевті бас бостандығынан айырмауды және қылмыстық іс жөніндегі алқаның қаулысын өзгертпеуді сұрағанына қарамастан, аудандық соттың үкімі барынша жұмсақ болғанын ескеріп, аппеляциялық сатының қаулысын өзгертіп, соттың алғашқы шығарған үкімін қалпында қалдырады және аудан прокуроры С.Асқаровтың атына жеке ұйғарым жасалады.

«Осыдан кейін-ақ облыстық прокуратура мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті басшылары Дастан Сартаев пен Тұрысбек Әлиасқаров менің соңыма түсіп алды. Енді міне Бас прокурордың маған қарсы қозғап отырған қылмыстық ісінде мен сот шешімімен айыпты болған Ж.Қалиевтің жазасын жеңілдету үшін оның адамдарынан 50 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды делініпті. Бұл барып тұрған ақылға симайтын нәрсе ғой, ол адам темір тордың ар жағында отырса қалай пара бере алады? Ондай ақшаның өзі тұрмақ иісін де сезгемін жоқ, сондықтан бұл өсек сөзге негізделген шындыққа сай келмейтін әңгіме. Сондықтан мәселенің анық-қанығын көрсету үшін Қазақстанның бас прокуроры Р.Түсіпбековтың атына мәлімдеме жолдап отырмын және бұл мәселе елбасының құлағына да жетсін деген оймен Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысының атына да арнайы хат жолдадым. Сондай-ақ өзімінің ар-ұждан мен абырой-беделімді қорғау мақсатында Астана қаласының Алмалы аудандық сотына да шағымданып отырмын, шындық жолында өзімді өзім ақтап шығуға бар күшімді салуға дайынмын», - деді облыстық соттың төрағасы М.Есжанов.

Кезінде Қазақстанның Жоғарғы сотында судья болып істеген, заңгер Өтеген Ықсанов бұл мәселеде демократиялық және құқықтық мемлекетте болуға тиісті емес заңсыз жағдайлардың бар екендігін айтады. Ал тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай бұл мәселені қазір елде жүріп жатқан коррупцияға қарсы күрес науқаны, әсіресе құқық органдарындағы сыбайлас жемқорлықты ашып-әшкерелеу науқаны тұрғысынан алып қарау керек деген пікір білдірді.
XS
SM
MD
LG