Accessibility links

Алматыда «Хизб ут-Тахрир» партиясының үнпарақтарын таратқан студент 1 жылға сотталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстанда қызметіне тиым салынған «Хизб ут-Тахрир» партиясының үнпарақтарымен былтыр қыркүйек айында ұсталған 24 жастағы студентті Алматы соты оның өз қолынан үнпарақтар берген үш азаматтың берген куәліктері негізінде кінәлі деп тауып, 1 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Адам құқығын қорғаушылар діни көзқарасы үшін азаматтарды бас бостандығынан айырудан Қазақстан сотталған адам санын көбейткеннен басқа ешнәрсе ұтпайды деген пікір айтады.

Бір жылға бас бостандығынан айырылған азаматты ұстаған полиция өкілдері ол Алматы қаласының орталық көшелерінің бірінде діни ұйымының үнпарақтарын таратты деген айып таққан. Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, үнпарақтарды оның автокөлігіне белгісіз біреулердің тастап кеткендігін айтқан. Ал, «сот студенттің қолынан үнпарақтар алғаны туралы үш азаматтың сотқа берген куәлігі негізінде сотталушының отбасындағы жағдайын ескере отырып, оны 1 жылға бас бостандығынан айырды» деп хабарлайды Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қазақстанда қызметіне тиым салынған діни ұйым мүшелерін жазалауда елдің заң орындары көрші өзбек елінің саясатын ұстанып отыр деген қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис бұл мәселеге орай «Азаттық» радиосына берген түсініктемесінде былай дейді:

«Мен бұған дейін де талай айтқанымдай, «Хизб ут-Тахрир» партиясы халықаралық қауымдастықта зорлық-зомбылық, төңкеріс жасауға шақыратын партия есебінде қарастырылмайды. Ал «Хизб ут-Тахрирдің» құжаттары мен үнпарақтарында ұлтаралық және діни қақтығыстарға үндейтін элементтер болуы мүмкін. Бұл, әрине, заңмен жазалануы тиіс. Ал жазалардың көлемі, ауқымы болуы керек. Ең бастысы - кім қандай үнпарақтар таратады оны аңдып, ұстап түрмеге қамамау керек».

Бірқатар сарапшылар үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан, діни экстремизм қаупіне қарсы күрестің барысына сын білдіреді. Солардың Қаһарман Қожамберді:

«Хизб-ут-Тахрир» ұйымының қоғамға қауіптілігі жөнінде халық арасында ақпарат жоқ. Алдымен идеологиялық жұмыстарды күшейту керек. Сонда олар халық арасында қолдау таппайды. Өйткені, қанша жылдан бері оларды ұстаса да мүшелері көбейіп жатыр. Бұл жақсы құбылыс емес», - дейді.

Осы орайда айта кетер жайт, биылғы жылдың ақпан айының 1-і күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен сотында «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының 6 мүшесіне қатысты айыптау үкімі шықты. Сот үкімімен сотталушылар ҚР Қылмыстық Кодексінің 164 бабының 1 бөлігі және 337-1 бабының 1 және 2 бөліктерімен көзделген қылмыстарды жасағандары үшін, яғни ұлттық, дiни араздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен діни ұйымның басшысына 4 жыл, ал қалған мүшелерін 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлады Қазақстанның бас прокуратурасы.

Бірақ, адам құқығын қорғаушылар діни ұйым мүшелерін қатал жазалау билік күткендегідей оң нәтиже бермейді деп санайды.

«Мұндай айыптаулармен азаматтарды бас бостандығынан айыру арқылы жағдайды реттей алмаймыз. Бұл ең соңғы қадам болу керек. Өкінішіке қарай, қазір бұл бірінші орынға шығып отыр», - дейді адам құқығын қорғаушы Е.Жовтис.

Оның айтуына қарағанда, бұдан Қазақстан бас бостандығынан айырылған адамдар санын көбейткеннен басқа ешнарсе ұтпайды.

«Себебі, сотталған адамдар түрмеден ашынып шықпаса, олар онда ешқандай идеологиялық тәрбие көрмейді», - дейді Е.Жовтис.
XS
SM
MD
LG