Accessibility links

«Іnkar.info» интернет-радиосының сайты Қазақстан аумағында тосқауылдан құтылар емес


Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі жайлы түрлі ақпараттар жариялайтын «іnkar.info» интернет-радиосының сайты өткен аптада жаңа хостингке ауысқанымен, қазақстандық провайдерлердің қызметін пайдаланушылар үшін өткен аптаның жұмасынан бері қайтадан ашылмай қалды. Үш айдан астам уақыттан бері әлдекімдер тосқауыл қойып тұмшаландырып келе жатқан сайттың қызметкерлері мұны елдегі қазіргі саяси жағдаймен байланыстырып отыр. Сөз бостандығын бақылаушылар бұған аталған сайтта жарияланатын материалдардың өткірлігі себеп болуы мүмкін дейді.

Жұмыс істеп жатқанына жуырда жыл толған «іnkar.info» интернет-радиосының сайты тағы да қазақстандық интернет пайдаланушылар үшін ашылмай қалды. «іnkar.info» интернет-радиосының бас редакторы Сергей Хецурианидің айтуынша, сайт ақпанның 15-і күні таңертеңгісін ашылмай қалған.

«Тосқауыл біздің елдегі ең ірі, монополист провайдер «Қазақтелеком» компаниясы тарапынан қойылуы да мүмкін. Өйткені «іnkar.info» интернет-радиосының сайты қазір тек Қазақстанда ғана ашылмай тұр», - дейді Сергей Хецуриани.

2007 жылдың қазан айында Қазақстанның саяси тыныс-тіршілігі жайлы түрлі ақпараттар жариялайтын «kub.kz», «geo.kz» «zonakz.net» «inkar.info» сайттары тұмшаландырылып, елдегі тұтынушыларға ашылмай қалған болатын. Бұл сайттардың екеуі кейінен жұмыстарын жалғастырса, «іnkar.info» мен «kub.kz» сайттары хостингтерін ауыстыруға мәжбүр болады.

Үш айдан астам тосқауылмен тұмшаланған «іnkar.info» сайты жаңа хостингтегі жұмысын бастаған ақпанның 11-інде тұтынушыларға еркін ашылып тұрған болатын. Алайда, арада 4 күн өткенде «іnkar.info» сайты қайтадан қазақстандық провайдерлердің тосқауылына ұшырап, ел аумағынан ашылмай қалды. Сайтқа Қазақстанан аумағынан тыс жерден кіретіндер оның еркін ашылып тұрғанын хабарлап отыр.

«іnkar.info» интернет-радиосының қызметкері Сергей Дуванов бұл қалыптастып отырған жағдайдың астарында саясат жатыр деп есептейді.

«Өйткені, осыдан жарты жыл бұрын интернетте Қазақстанның жоғары билігінде отырған адамдардың телефон әңгімесі делінген аудиожазбалар мен олардың мәтіндерін жарияланды. Осыдан кейін қазақстандық интернет сайттар мен оппозициялық басылымдарға қысым күйшейгені естеріңізде болар. Бірқатар сайттар ашылмай қалды. Арада аз уақыт өткенде ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев қысым көрген басылым редакторларын Алматыда жинап алып, Рахат Әлиев туралы мақалалар баспау, билікті сынамау туралы саудаласқан болатын. Біз ондай саудадан бірден бас тартып, әдеттегідей жұмыс істеуді ұсындық. Бұл жерде әңгіме - ұстанымда. Егер біз заң бұзсақ, онда «мырзалар, сендер заң бұздыңдар, біз сендерге шара қолдануға мәжбүрміз» десін. Олай болатын болса ондай ұсыныстарды қабылдауға болады. Ал қылмыскерден сұхбат алма деп ешбір заңда жазылмаған», - дейді Сергей Дуванов.

«іnkar.info» интернет-радиосының қызметкерлері тосқауылды қазақстандық интернет провайдерлер қойып отыр деп мәлімдегенімен, сайттың жұмысына нақты кедергі келтіргендерді анықтаудың мүмкін еместігін айтады.

Қазақстанда сөз бостандығының жағдайын бақылайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева:

«Сайттың бүгінгі күні ашылмай тұрғандығын көріп отырмыз. Оның ашылмайтындығы мазмұнымен, жарияланған материалдардың өткірлігімен тікелей байланысты», - дейді.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстан билігі бұған ешқандай қатысы жоқтын айтып, жауапкершіліктен бас тартуы мүмкін.

«Шынымен биліктің қатысы жоқ болса олар сайтқа қойылған тосқауылды алып тастауға барлық мүмкіндіктерді қарастыруы керек», - дейді Т.Калеева.

«Шекарасыз репортерлар» ұйымының 2007 жылға арналған баяндамасында сөз еркіндігі былтырғы жылы нашарлап кетті деп Қазақстанды сынға алынды. Баяндамада Қазақстанда былтыр жұмбақ жағдайда журналистер қаза болғаны айтылып, бұдан кейін Қазақстанда журналистердің өздеріне-өздері цензура жасауы өсе түскені атап көрсетілген.
XS
SM
MD
LG