Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.21.2008 жыл


Бейсенбі күнгі басылымдар жоғары билiктегi ауыс-түйiстер жайлы, Байқоңырдағы қала тіршілігі Қазақстан заңымен реттелетіні жөнінде және Қазақстан журналистер қауымдастығы ұсынған баламалы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын үкіметтің керексіз етуіне байланысты журналистік ұйымдардың наразылық білдіріп жатқаны туралы мақалалар жарық көрді.

«Айқын» газеті «Байқоңыр енді қазақ заңымен өмір сүреді» деген мақаласында «Ресей Федерациясының Әділет министрі Владимир Устинов пен Қазақстан әділет министрі Зағипа Балиева Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарының құқығы туралы келісімге қол қойды. Осы келісім бойынша Байқоңыр қаласындағы қазақстандықтар заң бұзушылықтарға барып, қылмыс жасаса енді Қазақстан Республикасының заңымен жазаға тартылатын болады. Осы уақытқа дейін Байқоңырда қылмыс жасаған қазақстандықтар Ресей заңымен жауапқа тартылатын» деп жазыпты.

Бірқатар басылымдар Ресейдегі президенттік сайлауға Қазақстанда 13 сайлау учаскелерінің ашылатынын хабарлапты. «Казахстанская правда» қазірде 1 миллион 700 мың ресейліктің шетелде тұратынын жаза келіп, Байқоңырда 17 мың Ресей азаматы тұратынын айтыпты. Сондай-ақ осы газет Көксарай су қоймасы мәселесін тағы көтеріпті. Онда «тұщы суды тиімді пайдалану былай тұрсын, Көксарайда тағы бір гидроэлектр станциясын да салуға болады» деп айтылыпты.

«Свобода слова» апталығында БАҚ туралы журналистер қауымы дайындаған заң жобасын парламент кері қайтарғаны туралы «Тағы да 25» деген мақала басылыпты. Онда «Кәрім Мәсімов осы заң жобасы бюджеттен қосымша шығын қажет ететіні себепті заң жобасы кері қайтарылсын» деген шешіміне журналистер қауымдастығы келіспейтіндігін білдіріп, «Қазақстан ОБСЕ ұйымына төраға болғанымен БАҚ саласын либералдандырмай отыр» деп наразылық білдіріпті.

«Экспресс К» газеті осы мәселе бойынша Қазақстан мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың пікірін беріпті. Онда министр журналистер ұсынған заң жобасының кері қайтарылуының себептерін өзінше түсіндіре келіп, «мен журналистер қауымдастығы өкілдерін 25 ақпанға Астанада осы мәселе бойынша өтетін дөңгелек үстелге шақырамын, сонда бұл мәселені жан-жақты тағы талқылаймыз» депті. Осы апталықта «Рахайтгейт жаңғырықтары» деген айдармен осы мәселе төңірегіндегі соңғы оқиғаларға шолу жасапты. Онан белгілісі - Армангұл Қапашева астыртын тағы да Венаға сапар шегіпті. Апталық ол жайлы толық мағлұматты келесі санында бермекші.

«Тасжарған» апталығы «Цирк шебері қайда кетіп барады?» деген мақаласында «Президент әкімшілігіндегі қысқартулардан соң онда мемлекеттік хатшы деген лауазым болмай қапты, сонда енді кезінде «Қазақгейтті» реттеген Қанат Саудабаевтың тағдыры не болады екен?» деп, «ол билік басындағы теке-тірестен шаршап, енді зейнетке кететін шығар» деген болжам айтыпты. Осы апталық белгілі жазушы Мұхтар Шахановпен сұхбатын «Ұлты жойылған жазушының жазған-сызғаны кімге керек» деген атпен беріпті. Онда ақын «Каганович, Орджоникидзе және Сталин жөнінде Ленин мынадай пікір айтыпты: «Бұлар орыс шовинистерінен де қауіпті. Үйткені бұлар орыс халқына жағымпаздану үшін кез-келген сәтте өзінің ұлтын құрбандыққа шалуға барады».

«Свобода слова» апталығы Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қала тұрғындарымен кездесуінде оппозицияға шүйліккеніне жауап ретінде бүгінгі санында «Дала кодексі немесе «Сенге» көшемін» атты Болат Әбіловтың мақаласын беріпті. Онда автор «Иманғали, сен өзің тек жалақы алатын қарапайым мемлекеттік қызметкер боп жүріп, балаларыңа мына бірнеше миллион доллар тұратын зәулім үйді қандай ақшаға алдым деп түсіндіресің? Мен сенің үйіңде қонақта болған жоқпын, бірақ сенің бірнеше мың шаршы метр болатын тұрғын үй ахуалың баспа бетінде бәленбай рет сөз болған» деп бастап, «бізде қазір кейбір шенеуіктер олигархтардан да бай. Неге? Олар тек жалақымен отырып қалай байыды?» деп сұрайды. Ары қарай автор «сенің күйеу балаң қысқа мерзімде өте бай адам боп шыға келді. Себебі, ол - Алматы маңындағы жерлерді ешқандай тендерсіз сатудың делдалы» деп айтыпты. Бірқатар басылымдар өзінің үстінен «пара алған» деген айып бойынша қылмыстық іс ашылып отырған, Ақтөбе облыстық сот төрағасы Мұхтар Есжановтың, республиканың бас прокуроры Рашид Түсіпбековты өзіне «жалған жала жауып отыр» деп сотқа бергені және ол соттың алғашқы отырысы Астанада жабық жағдайда өткені туралы мақалалар беріпті.
XS
SM
MD
LG