Accessibility links

Тәуелсіз Бақылаушылардың Республикалық Жүйесі билік органдары жұмысының айқындығын өз бақылауларына алмақшы

  • Досан БАЙМОЛДА

Тәуелсіз Бақылаушылардың Республикалық Жүйесі Еуропалық Комиссияның Қазақстандағы өкілдігінің қаржылай қолдауымен «Ақпаратқа қол жеткізу – адам құқықтарының халықаралық стандарттарына сәйкес азаматтың негізігі құқығы болып табылады» жобасын Қазақстанның 8 облысы мен Астана және Алматы қалаларында жүзеге асыруға кірісті. Еуропа Комиссиясының Қазақстандағы өкілдігі бөліп отырған 90 мың еуролық қаржыға бағаланған бұл жобаның мерзімі 2 жыл.

ТБРЖ -нің президенті Тасқын Рахымбекованың айтуынша, бұл жоба ең бірінші кезекте қалалық мәслихат депутаттары қызметінің айқындығы мен ашықтығын арттыруға ықпал ету арқылы жалпы билік органдарындағы айқындық пен жариялықтың төмендігі мәселесіне көпшілік қауымның назарын аударуға өз жұмысын бағыттамақшы. Жоба Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысытарында сондай ақ Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырылмақшы.

ТБРЖ -нің президенті Тасқын Рахымбекованың айтуынша бұл жоба негізінде өткен жылдан басталуы тиісті болған, бірақ жергілікті мәслихат депутаттары тарапынан болған қарсылықтар мен түсінбеушіліктер жобаның іске асуына бөгет жасаған.

- Мысалы, өткен жылы осы жобаны Алматы қалалық мәслихаттың депутаттарына таныстырғанда олар қабылдамай, «сендер кімсіңдер бізді тексеретін, керек болса біз өздеріңді тексереміз» деген айқай-шу шығарған соң жоба жұмысы уақытша болсын кідірді. Негізінде, мәслихат депутаттары өздерін сайлаған халық алдындағы уәделерін қалай орындап жатыр, қала өміріндегі қандай қиын мәселені қолға алып, оны қалай шешкелі жатыр – бұның бәрі халықтың құлағына жетіп тұруы тиіс. Ал бұл мәселеде көптеген кемшіліктер бар, - дейді ТБРЖ -нің президенті Тасқын Рахымбекова.

Алматы қалалық мәслихатының құқық бөлімінің бастығы Сәлім Бөлековтың айтуынша, қалалық мәслихат жұмысы туралы, депутаттардың іс-қызметтері туралы Алматыда шығатын «Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» газеттерінде тұрақты жазылып тұрады.

- Мәслихат қабылдаған кейбір шешімдер тұтастай аталмыш газеттерде жарияланып тұрады, ара-тұра ішкі тәртіпке байланысты кейде кейбір шешімдер жария етілмейді, - дейді ол.

Жалпы мәслихат жұмысы, қайсыбір депутаттың іс-қызметіне байланысты кеңірек түсініктеме алу үшін заң бойынша мәслихат басшылығынан рұқсат алу керектігін еске салды қалалық мәслихат шенеунігі.

ТБРЖ -нің бұрынғы президенті, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім қалалық мәслихаттардың өздерінің жеке сайттары болу керектігін, бірақ дәл қазіргі уақытта ондай сайттар арқылы мәслихат жұмысы туралы ақпарат алу мүмкіндігінің жоқ екендігін айтады.

- Жылына екі рет болатын мәслихат депутаттарының сессиясына ешкім бара алмайды, бұл дұрыс емес. Мәслихат жұмысы жайлы білгісі келген кез-келген сайлаушы жиынға барып, өзінің сұрақтарын беруге, депутаттардан ақпарат алуға құқылы бола тұра, бұл іске аспай отыр. Яғни, бұл мәселеде айқындық, жариялылықтың иісі де сезілмейді. Сондықтан қоғамдық ұйымдар тарапынан іске асқалы отырған бұндай жобалар өз пайдасын әкеледі, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG