Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.22.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі жарық көрген басылымдарда Cырдарияның өзенінің тасуы, үкіметтің былтырғы жылды қортындылап берген есебі, Европада жаңадан пайда болған Косово мемлекеті, сондай-ақ әдеттегідей, елде басталған жемқорлықпен күрес мәселесі мен Қазақстандағы экономикалық ахуал, әлеуметтік жағдай туралы мақалалар шықты.

«Республика» апталығы «Үкіметтің жұмысы қауырт, жаңадан бөліс басталуы мүмкін» деген мақаласында саясаттанушы Досым Сәтпаев «үкімет ұлттық компанияларға деген бақылауды күшейтуден соң, банк жүйесіне кірісті. Банк қызметіндегі үкіметтің ролін арттыру қажет деген әңгіменің астарында қандай да бір топтардың мүддесі жатуы мүмкін» деп айтыпты.

«Деловая неделя» апталығы үкіметтің өткен жылды қортындылап, есеп беруіне арнаған мақаласын «Есеп үкімет пайдасына емес» деп атап, «үкімет былтырғы жыл қортындысын «жетістікті» деп бағалағанмен, көптеген макроэкономикалық көрсеткіштер сол шенеуіктер жоспарлағаннан әлде қайда төмен болды» деп жазыпты.

«Караван» апталығы «Оңтүстік Қазақстан су астына кетіп барады» деген мақаласында Сырдария маңындағы елді мекендер жаппай көшіріле бастағаны туралы және «адам шығыны да бар» деп жазыпты.

Осы тақырыптағы мақаласын «Егемен Қазақстан» газеті «Дарияның ашуы – қауіпті тасуы» деп атап, қандай ауданнан, қанша ауыл көшіріліп жатқаны туралы жазыпты.

«Айқын» газеті болса «Оңтүстікте үш мыңға жуық үйді су басып қалды» деген мақаласында «Су тасқыны бұл жолы күтпеген жақтан, қауіптенбеген аймақтан лап ете қалды. Негізінен, Сырдарияға тым жақын жерлерді су басады деп отырғанда, топан су Сарыағаш ауданының Ақтөбе, Бірлесу ауылдарын жойқын екпінмен келіп басты. Кеше түнгі сағат 24.00-де төтенше жағдай орын алды. Толассыз жауған жаңбырдан қорқып отырған елді мекендердің кейбіріне орасан жылдамдықпен топан су қаптап келе бастады» деп жазыпты.

«Новое поколение» апталығы осы мәселеге арнаған мақаласын «Шөлдегі цунами» деп атап, «16 жыл тәуелсіздігінде Қазақстан көршілерімен суды мөлшерлеп ағызу керектігі туралы келісімге қол жеткізе алмай отыр» деп жазыпты.

«Караван» апталығы «Оңтүстікше жемқорлық» деген мақаласында «Егер Оңтүстік Қазақстанда қандай да бір әкім парақорлықпен ұсталыпты десе, оған ешкім де таңырқамайды. Парақор ауыл әкімі, аудан шенеунігі, қала басшысы не бөлім жетекшілері, бұл енді үнсіз қала беруді көтермейтін бүгінгі күн шындығы» дей келіп, көптеген нақты фактілерге тоқталыпты.

«Алма-Ата инфо» апталығы бір топ қоғам қайраткерлері мен журналистер атынан президентке, сенат, мәжіліс төрағаларына үндеуін жариялапты. Үндеу жасап отырғандар Рахат Әлиевтың әкесі «Мұхтар Әлиевтің еш жазығы жоқ оны қажет болса, еш кедергісіз емделуге шетелге жіберу керек. Бұл Қазақстанның халықаралық беделіне де, билік беделіне де нұқсан келтіретін жағдай» деп айтылыпты. Осы апталық «Әкесі баласы үшін жауап беруі керек пе?» деген мақаласында Мұхтар Әлиевті емделуге шетелге жібермей отырған Қазақстанның ұстанымына деген бір топ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің пікірін беріпті.

Бірқатар басылымдар Қазақстанда «Инкар-инфо» интернет-радиосына, Куб сайты мен «Республика» газетінің интернеттегі парақшасына тағы да кіру мүмкін болмай отырғаны туралы хабарлап, мұны «билік алдын-алу шаралары ретінде жасап отыр» деп жазыпты.

«Экспресс К» газеті «Адасқан мигранттың оралуы» деген айдармен Қазақстандағы миграция мәселесіне арнаған топтама беріпті. Онда «былтыр Қазақстанға 2 миллион мигрант келсе, биыл одан бірнеше есе көп келуі мүмкін» деп, мигранттармен қоса қандай проблемалар болатынына тоқталыпты.

Бірқатар басылымдар Косованың тәуелсіздік жариялағанына арналған топтамалар беріпті. Осы орайда «Айқын» газеті «Косовоның ізімен әлемдегі мойындалмаған мемлекеттер өз тәуелсіздігін жариялауға ұмтылуы мүмкін бе?» деп сұрапты. Оған жауап бергендер «әрине, осы оқиға ұйытқы болады» дей келіп, «Косова Сербияның автономды өңірі. Сол себепті олар егеменді ел болу үшін Сербиядан рұқсат сұрауы керек. Ал Косова олай істемеді. Сондықтан бұл автономды өңірдің тәуелсіздік жариялау әрекеті халықаралық тәртіпті бұзғандық деп саналады. Сол себепті Косовоның егемендігін мойындамаған дұрыс деп санаймын» десе, енді біреулері «бұл сол елдің жеке шаруасы болуы керек. Өз жері, халқы, рәміздері бар мемлекет тәуелсіздік жариялап жатса, меніңше, қарсылық білдірмеу қажет» деп жауап беріпті.

Сонымен қатар, бірқатар басылымдар Қазақстанда бильярдтан әлем чемпионаты басталғаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG