Accessibility links

Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Р.Михманпараст өз елінің ядролық бағдарламасы бейбітшілік мақсатты көздейтінін айтады


Дүйсенбі күні, Алматыда қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары өкілдерімен болған кездесуде, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы өкілетті әрі төтенше елшісі Ромин Михманпараст АҚШ бастаған батыс елдерінің Иранның ядролық бағдарламасына қатысты осы елге экономикалық санкцияны қатайтуды көздеп отырған саясатына қарамастан, Иран өзінің бейбіт мақсатта атом энергиясын пайдалану жөніндегі бағдарламасынан бас тартпайды деп мәлімдеді.

«Біз бұл мақсатымыздан еш уақытта таймай, бағдарламаны одан әрі жалғасыра береміз», - деді Иран елшісі.

Елшінің айтуынша, Иран жасырын түрде атом қаруын жасамақшы деген күдікті ойға байланысты Иран үкіметі Еуропа Одағы және Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік ( МАГАТЭ) сарапшылары алдына олардың қызықтаған 6 түрлі мәселесі, яғни Ирандағы Кочин уран кеніші туралы, Иран мамандары жасаған Р1 және Р2 уранды байытатын центрифугтері туралы, сондай-ақ плутоний өндіру технологиясы туралы барлық мәлімет-деректерді жайып салған.

«Ал осы 6 түрлі мәселе бойынша МАГАТЭ сарапшылары 6 ай бойы Иран жерінде жұмыс істеген, өткен жұма күні Венада МАГАТЭ-нің бас хатшысы доктор Мұқамед әль Барадей Иран өзінің ядролық бағдарламасы аясында атом қаруын жасай бастады деген қауесетке байланысты осы ұйымның сарапшылары Иран жерінен ешқандай дерек, мәлімет таппағандығын жария етті», - деді Иран елшісі.

Бұған дейін АҚШ-тың сыртқы барлау қызметі де АҚШ президенті Дж.Бушқа Иран атом қаруын жасай бастағандығы туралы ешқандай дерек-мәліметтің жоқтығын айтқан болатын. Алайда соған қарамастан батыстың үш елі - Германия, Франция және Ұлыбритания бастамасымен Иранды өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартқызу мақсатында БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне Иранға қатысты экономикалық санкцияны қатайту жөнінде жаңа резолюцияның жобасын дайындап, соны талқылап жатқаны белгілі.

Бұған қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Ресей мен Қытай екеуі қарсы болып отырғаны тағы мәлім.

Иран елшісіне сондай-ақ Иранның Косова мәселесіндегі ұстанымы туралы қойылған сұраққа «бұл өте маңызды мәселе болғандықтан алдағы күндері Иран елінің сыртқы саясатының басшылығы өз ұстанымын жария етеді» деп жауап берді. Ал Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тату көршілік мағынада дамып бара жатқандығын алға тартқан Иран елшісі Р.Михманпараст екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 2,5 млрд долларды құрағанын, екі ел басшыларының алдағы екі-үш жылда бұны 10 млрд долларға жеткізуге уағдаласқандарын жеткізді.
XS
SM
MD
LG