Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.28.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдар Оңтүстік Қазақстандағы су тасқыны, БАҚ туралы заң төңірегіндегі дау-дамай, билік басындағы соңғы ауыс-түйістер және Қазақстан демократиялық күштердің басын біріктірмекші боп жатқан Халық кеңесі төңірегінде ой толғапты.

«Айқын апта» газеті «Оңтүстіктегі отыз үйді су басты» деген мақаласында енді Ордабасы ауданының орталығы Темірлан селосын соңғы жауған жауыннан еріген қардан қуат алып, күтпеген жерден топан су басқаны және оларға көмекке Сарағаш ауданында жүрген төтенше жағдай мамандары келгені туралы жазыпты.

«Время» газеті «Бағасын тым асырып жіберді» деген мақаласында, «Оңтүстк Қазақстандағы судан қираған үйлерді салуға әр шаршы метрін 450 доллардан деп есептеген тым артық, ондай бағамен қалада үй салуға болады. Оның бағасына лифтілер және басқа тек қалаға тән инженерлік құрылыс құны кіреді, ал ауылды жерге шаршы метрін 350 доллардан салуға болады» деген индустрия және сауда министрлігінің құрылыс комитеті жетекшісі Қайсар Омаровтың пікірін беріпті.

«Тасжарған» апталығы «Сейсмокүшейту атты ұры» деген мақаласында «Алматыдағы әлсіз үйлерді жер сілкінісінен қирап қалмау үшін бөлінген қыруар қаржыны қайда, кімге берілген?» дей келіп, осы мәселе бойынша қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке ресми ашық хат жариялапты. Осы апталық «Ақорда отставка дайындап жатыр» деген мақаласында үкіметтің отставкаға кету-кетпеу мүмкіндігі туралы, ондағы ауыс-түйістің астарында не бар деп, саралап көріпті.

«Свобода слова» апталығының «Дүтбаев неге қайтып келді?» деген мақаласы да билік басындағы соңғы ауыс-түйістерге арналыпты. Онда автор «Назарбаевтың Дүтбаевты өзіне қайтадан кеңесші етіп тағайындауы, сенетін өзге адам таппай, соңғы кездері белең алған кландар арасындағы текетірес пен заң мекемелерінің арасындағы өзара текетірестен құқық саласындағы теңселіп кеткен тепе-теңдікті қайтадан қалпына келтіру үшін істеліп отырған шара» деген ой айтыпты. Осы апталық Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың күйеу баласы Әділ Тойғанбаевтың «Армандау технологиясы» атты кітабы туралы ой толғапты. Сондай-ақ апталық бетінде оппозиция қайраткері Болат Әбілов Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке жауап ретінде газеттің өткен санында бастаған «Дала кодексі, не болмаса «сенге» көшемін» деген мақаласын одан әрі жалғастырыпты. Онда Әбілов мырза: «Кез келген бастық, қандай деңгейдегiсi болса да, өзiн-өзi түзей алмайды. Қателiгiн қатты айтып, халық болып тезге салар кез келдi деп ойлаймын. Сондықтан, Иманғали, оған өкпелеме, мен үнсiз қала алмаймын, сенiң оспадарлықтарыңды көрiп тұрып» деп бастап, «сен Бутаковка шатқалына салынған зәулім үйлерді бұзуға қорқып, ал Шаңырақ пен Бақайдағы үйлерге келгенде батырлық көрсеткенің, сенің қорқақтығың, жалтақтығың» деп, бірталай фактілермен жалғастырыпты.

«Жас алаш» газеті Қазақстандағы жемқорлықпен күреске арналған мақаласын «Зеңбiрекпен торғай ату ойыны» деп атап, онда автор «Трансперенси Интернэшнл» жүргiзген зерттеулердiң қорытындысы бойынша, Қазақстан 2007 жылы 163 ел кiрген тiзiмде сыбайлас жемқорлық жөнiнен 113-орында тұрды. Бұл – жемқорлық дертi әбден асқынған ел деген сөз. Қазақстан бұдан 7 жыл бұрын 64 орында болатын» депті.

«Түркістан», «Ана тілі», тіпті «Казахстанская правда» газеттері Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаевтың кешегі «Ана тіліңде ойлау керек» деген мақаласын басыпты.

«Азат» апталығы оппозиция көсемдерінің бірі Әміржан Қосановпен сұхбатын беріпті. «Тірлік жасағысы келгендер амалын табады» деген осы мақалада Қосанов: «Қазақстан демократиялық күштері тағы да бас қосып, Халық кеңесін құрмақшы боп жатқандығы, ол Кеңес Мәжіліске қарайтын Қоғамдық палатаға балама емес, одан гөрі бүгінгі парламентке балама болады деп есептейміз» деген ой айтыпты. Мақала авторы қазір осы Кеңесті қолдайтындардан қол жинау жүріп жатқанын, бірақ қазірдің өзінде бұл идеяны кезінде бірге болған «Нағыз Ақ жолдықтар» қолдамай отырғаны туралы жазыпты. Сондай-ақ осы апталық тіркелмеген «Алға» партиясының бірқатар белсенді мүшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері өздеріне мәліметтер беріп тұруға көндірмек болған әрекеттері туралы және осыған орай аталған партияның үйлестіруші комитет жетекшісі Владимир Козлов Президент әкімшілігінің ішкі саясат жетекшісі Ерлан Қаринге жазған ашық хатын басыпты.

Бірқатар басылымдар жыл аяғына дейін орта және шағын бизнесті тексеруге мораторий жариялану нәтижесі қандай деген сауал төңірегінде ой толғаса, оған Алматыдағы кәсіпкерлер ассосациясының президенті Виктор Ямбаев «жеке меншікті бөлудің үшінші кезеңі басталды» деп баға беріпті.
XS
SM
MD
LG