Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.29.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі басылымдар Cырдария маңындағы тікұшақтың апаты жайлы, Ресейдегі президенттік сайлау және Оңтүстік Қазақстандағы су тасқыны жөнінде жазыпты. Әдеттегідей, бірқатар басылымдар елде басталған жемқорлықпен күрес мәселесі мен Қазақстандағы экономикалық ахуал, әлеуметтік жағдай туралы мақалалар жариялапты.

Бірқатар басылымдар кеше Қызылорда облысының Жалағаш ауданында Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікке қарасты «Қазавиақұтқару» мекемесінің Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырағаны туралы жазыпты.

«Айқын» газеті төрт кісі қаза болды деп, апаттан зардап шеккен 13 адамның тізімін де беріпті. Олардың көбінің сынған жерлері бар, миы шайқалған көрінеді.

«Республика» апталығы «Оңтүстік су астында, кезекте Қызылорда» деген мақаласында су тасқынының зардаптары тура айта келіп, «осымен екінші апта Оңтүстік Қазақстаннан келіп жатқан мәліметтердің суықтығы - тура бір соғыс алаңынан түсіп жатқан ақпараттардай» деген баға беріпті.

Осы тақырыптағы мақаласын «Караван» апталығы «Оңтүстіктегі су тасқынына дайындалғанбыз, бірақ тағы да қателесіппіз, су күткен уақыттан ерте және тіпті басқа жерден келді» деп, осы тасқыннан алатын сабақ қандай болуы керектігі туралы жаза отырып, Алматыдағы салынған кейбір жолайырықтар нөсер жауыннан соң суға толып қалатынын жазыпты.

«Республика» апталығы «Қанат Саудабаевты кім және не үшін қаралап жатыр?» деген мақаласында билік басындағы соңғы ауыс-түйістердің астарына үңіліп көріпті. Осы апталықтың «Ақ Ордада қалай десе, банктерде солай болады» деген мақаласында, Ораз Жандосов «банктерде ірі акционерлер боп мемлекеттік шенеуіктердің жеке тұлға ретінде отырғанын жоққа шығаруға болмайды» деген тұжырым айтыпты. Сонымен қатар «Президент билігінің санаға қонымды шегі - 2» деген тағы бір мақаласында, Қазақстан президентінің құзырының басқа шетелдік президенттердікінен несімен ерекше екеніне талдау жасапты.

«Республика» апталығымен үндес «Моя Республика» апталығы «Адал сайлауы жоқ елде нақты кәсіподақ болмайды» деген мақаласында Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының бүгінгі жағдайына талдау жасай отырып, «ұжымдық келісімге қол қой» акциясы кәсіподақ қозғалысының үлкен күйзелісте екенін көрсетеді» деген тұжырым жасапты. Осы апталық тағы бір мақаласында «Байлар мен кедейлердің кіріс айырмашылығы 20 еседей боп отырса, біздің мемлекет әлеуметтік мемлекет пе?» деп сұрапты.

«Караван» апталығы «Зейнетақының келешегі: табысымыздан жоғалтқанымыз көп» деген мақаласында «соңғы бес жылда зейнетақы жинақ қоры 14,6 пайызға құнсызданды» деген тұжырым айтыпты.

«Айқын» газеті «Депутатпен кездесем деп демі бітті» деген мақаласында Орал қаласының тұрғыны Владимир Шаганов туралы: «Ол 77 жасқа келгенге дейін тартқан бейнетінің зейнетін көретініне, әділдіктің түбінде бір жеңетініне сенді, күтті. Депутатпен кездесуде қария зейнетақыны қайта есептеудегі әділетсіздіктер туралы ішін қазандай қайнатқан пікірін жайып салмақ еді. Сөйтіп, ол кезегі жетіп, микрофонға жақындап келіп, сұрағын қойып үлгерді де... сол жерде құлап түсті» деп жазыпты.

Осы газеттің «Ағайынды алакөңіл етпейік» деген мақаласында белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбеков оппозициялық басылымдарда жарияланған Болат Әбіловтың Алматы әкіміне арнаған «Замандас, ел сөзіне құлақ ас» деген мақаласына жауап ретінде, Иманғали Тасмағамбетов мырзаға араша түсіпті.

Сондай-ақ газет Қазақстандағы миссионерлер туралы мақаласын «Бұл не деген қаптаған миссионер?» деп, тіпті осыған орай, көкейдегі сауалын да «Еліміздегі 1 миллион мигрант пен қаптаған миссионерлердің қаншасы шпион екенін бақылай аламыз ба?» деп сұрапты. Сонымен бірге газет «Алматыда екі шпион ұсталды» деп те жазыпты.

Бірқатар басылымдар «Оскар» силығына «Моңғол» фильмінің ілікпей қалғанын саралап көріпті. Ал бірқатар басылымдар Конституциялық кеңес «түрмеде отырғандар өзіне-өзі қол жұмсағаны үшін тағы да жазаға тартылады» деген бап Конституцияға сәйкес келмейді» деген шешім шығарғаны туралы жан-жақты талдау беріпті.

«Экспресс К» газеті «Қазақстанда әйел президент бола ала ма?» деген ауқымды мақаласында Қазақстандағы әйел жағдайы туралы айтыпты. Бірқатар басылымдар Мәдениет және ақпарат министрі мен БАҚ өкілдерінің арасындағы БАҚ туралы заңға байланысты текетірес жайлы жазуды жалғастырыпты.
XS
SM
MD
LG