Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.05.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі басылымдар кеше Астанада өткен Үкіметтің кезекті отырысында қаралған энергетика, ақпараттандыру мәселелері туралы, Катар мемлекетінің әмірі шейх Хамад бен Халифа әл-Танидің Қазақстанға ресми сапары жайлы, Қазақстандағы Украина жылының басталуы, сондай-ақ Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Лондонға сапары жайлы жазыпты. Бірқатар басылымдар «Азат» қоғамдық қозғалыс жетекшілері «Нағыз Ақ жол» партиясының атауын «Азат» деп ауыстырғанына наразылық білдіріп жатқаны туралы мақалалар жариялапты.

«Айқын» газеті «Үкімет мигранттардың қаптауынан қауіптеніп отыр» деген мақаласында, кеше Астанада өткен Үкіметтің кезекті отырысында қаралған энергетика мәселесінде премьер министр Кәрім Мәсімов «Балқаш ЖЭС», «Мойнақ ГЭС-і», «Екібастұз ГРЭС-інің» екінші блогының құрылысына қатысты мәселені толығымен қарастыру үшін тиісті министрліктерге тапсырма берді» дей келіп, «Самұрық» басшысы Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Үкімет қолға алған «Балқаш ЖЭС»-ін салуға бюджет қаржысы жеткіліксіз көрінеді, сондықтан осы жобаны қытайлық «DATAN» сияқты инвесторлармен бөлісуге тура келеді. Егер солай болса, ернеуінен асып төгіліп тұрған Шығыстағы көршіміз бұл сәтті шебер пайдаланып, ұлдарына Балқашты бетке алуды бұйырары анық. Осы орайда мұның арты ұлтаралық сипаттағы қақтығыстарға соқтыруы мүмкін екендігі де жоққа шығарылмады» деп жазады.

«Литер» болса «Қалай торға түсуге болады?» деген мақаласында Қазақстандағы интернеттің даму барысына тоқтап, 2011 жылы қазақстандық тұтынушылардың 40 пайыздайы интернетпен пайдалана алады» деген болжам айтыпты.

«Айқын» басылымы «Сегізінші қазына табылды» деген мақаласында, «қазаққа жаңа заман талабына сай, бұрынғы жеті қазынаға енді сегізінші қазына боп қосылатын, арзан да, сапалы, әрі қазақшаға бейімделген компьютер-ноутбуктар әрбір қазақ отбасында болуы керек» деген тұжырым айтыпты.

«Эксперсс К» газеті «Хакерге тасымалдау» атты мақаласында Қазақстан ғалым мамандары IT-технологиясына қатысты ағылшын-орыс-қазақша сөздігін жасап шығарғаны туралы жазыпты.

«Время» газеті «Мен Настяның неке көйлегін кигенін көруді армандаған едім» деген мақаласында, «бүгін КТК телеарнасының тележүргізушісі болған Анастасия Новикованың мәйітін қайта жерлеу рәсімі болады. Соған орай Ташкенттен оның анасы Татьяна Медведева келді» деп Анастасияның анасымен сұхбатын жариялапты. Осы газеттің «Менің ұлым - озбырлықтың құрбаны» деген мақаласында, «Нұрбанк» ісіне қатысты сотқа тартылған, қаржы полициясының тергеу бөлім бастығы орынбасары Бауыржан Әубәкіровтың анасы «менің ұлымның соты саяси астармен өтіп жатыр. Біздің бірде-бір өтінішімізді сот төрағасы қанағаттандырмай отыр. Ары қарай да осылай бола беретін болса, мен аштық жариялаймын» деп, бас прокурорға шағымданыпты.

Ал, «Тағы да бір арандатушылық па?» деген мақалада, сол «Нұрбанк» ісіне байланысты, кезінде 38 мөрбен банк ғимаратынан шықпақ болғанда ұсталып, сотқа тартылған тағы бір тұлға - Нияз Әтіретхан туралы оның жақтаушысы «мұның бәрі Рахат Әлиевтің арнайы ұйымдастырған арандатушылығы» деп айтыпты. Сонымен қатар осы газет, бір «халықаралық мекеменің арнайы зерттеуі нәтижесінде Алматы әлемдегі ең лас қалалар тізіміндегі тоғызыншы орынды иемденіпті» деген ақпарат беріпті.

«Время» газетінің оқырмандар сауалына жауап берген Алматы қалалық жолаушылар тасымалдау департаментінің басшысы Әмір Ғалиев «мамыр айынан бастап студенттердің көлікте жүру жеңілдігі алынып тасталуы мүмкін» деген болжам айтыпты.

«Айқын» газеті «Мен Бораттың қарындасы емеспін!» деген мақаласында Лондондағы студент қазақ қызының ұлт намысын қорғап көрсеткен қайсарлығы туралы жазыпты. Осы газет сенат депутаты Қуаныш Айтахановпен болған ауқымды сұхбатын салынуы тиіс Көксарай су қоймасының проблемаларына арнапты. Сондай-ақ, басылым «Алматыда үй арзандай бастады» деген мақаласында Алматыдағы тұрғын үй нарығын екшелепті де, «Тұрғын үй бағасының құлауынан қарапайым халық ұта ма, ұтыла ма?» деген көкейдегі сауалын қойыпты. Оған жауап бергендердің дені: «халық бұдан еш нәрсе де ұтпайды», «қалтасында көк тиыны жоқ қарапайым халыққа тұрғын үй бағасының төмендеуінен де, қымбаттауынан да келіп-кетер пайда жоқ», «күнделікті нанын әзер тауып, жанын әзер бағып отырған адам қайдан ұтсын? Ұтатындар тек алыпсатарлар ғана!» дегендей жауап беріпті.

Кейбір басылымдар қазақ айтыскерлерінің Парижге барып, шеттегі қандастары алдында айтыс өткізіп келгені туралы жазыпты.

Тағы бірқатар басылымдар «Азат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хасен Қожахмет, саясаткер Болат Әбілов басқаратын партияның атауын «Азат» деп қоюына наразылық білдіріп, әділет министрлігіне жүгінбекші боп жатқаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG