Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.08.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сенбі күнгі басылымдар халықаралық әйелдер күніне және Қазақстанда басталған Украйна күндеріне арналған мақалалар жариялапты. Бірқатар басылымдар Оңтүстік Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендердің қазіргі тұрмыс-тіршілігі жайлы жазыпты.

Сенбі күнгі басылымдардың дені 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қазақстан әйелдері туралы мақалалар басуды жалғастырыпты.

«Казахстанская правда» газеті осы тақырыптағы ауқымды топтамасымен қатар, «кеше Астанадағы Салтанат сарайында президенттің өзі Қазақстан әйелдерін құттықтап, арнайы бал өткізді» деп жазады.

«Эксперсс К» газеті Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Айман Елеусізова апай Мәскеудегі «Поле чудес» бағдарламасына қатысып, бас жүлдені ұтып алғанына байланысты сол апаймен сұхбатын берсе, «Литер» газеті осы мерекеге орай Қарағандыда тұңғыш рет әзіл-шыны аралас, бойдақтардың аукционын өткізгелі жатқаны туралы жазыпты. Онда лотқа қойылған жасы 21-45 аралығындағы бойдақ еркектер, ал олардың саны сегіз екен, өздерін алғашқыда 500 теңгеге бағалап, ағылшын тәсілімен бағасын көтере бермек. Олар өз бағаларын көтеру үшін сахнада сөз шеберлігімен қатар, тамақ әзірлеу, билеу, өлең оқу, т.б. өнерлерін көрсетпек екен. Ал осы бағдарламаның шыңы - лотқа өзін қойған «нағыз полковник» болмақ дейді ұйымдастырушылар.

Осы орайда «Литер» газеті «Қазақстан еркектері әйел қолына билікті беруге дайын ба?» деп сұрапты. Оған жауап бергендердің дені «негізінде, билік біреуге берілмейді, оны алады. Ал ол тұрғысынан біздің әйелдер оны сұрап та жатқан жоқ, ақырындап алып та жатыр. Біз, еркектер, не істемесек те, сол әйелдер үшін істейміз. Ол да әйелдердің билігі емей, немене?! Керек десеңіз, қазір бала қарау үшін әйелдердің орнына ерлер демалысқа кетіп жатқан оқиғалар да бар. Жалпы, қазақ тарихында тайпа басқарған аналар да болған. Сондықтан «гендерлік теңдік» деп шулаудың еш реті жоқ» дегендей жауап беріпті.

«Время» газеті «кеше Алматыдағы орталық алаңның Тәуелсіздік монументі жанына «Қазақстан - полицейлер мемлекеті» деген плакатпен Қазақстанда әйелдер құқығының сақталмай отырғаны туралы наразылық акцияға шыққан жалғыз әйел - Ольга Оразбекованы полиция аутокөлігіне сап әкетті» деп жазыпты. Сондай-ақ осы газет «Еркектерді әйелдерден сақтаңыздар» деген мақаласында «Қазақстанда 4 әйелдер түрмесі бар. Сонда отырған әйелдердің 10 пайызы еркектерді өлтірген әйелдер» деп жазыпты.

«Эксперсс К» газеті осы мерекеге орай «Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының таулы аймақ әркелкілігін сақтау сарапшылары Қазақстан еркектеріне 8-наурыз мейрамына орай әйелдерге Қазақстан қызыл кітабына енген бәйшешек гүлін сыйламаңыздар» деген үндеу тастағаны туралы жазыпты.

«Время» газеті Оңтүстік Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендердің жағдайымен Халықаралық ұйым өкілдері танысып, оларға көмек көрсетуге әзір екендігі туралы жаза келіп, «алғашқы мәліметтер бойынша, ақпанның 20-дағы су тасқыны осы өңірге 18 миллион теңге шығын әкелді. Тасқын салдарынан 410 үй, 4 көпір, 8 мектеп, 2400-дей аула қираса, 1300-ден астам адам зардап шегіп, екі адам қаза болды» деп жазыпты.

«Эксперсс К» газеті Сыр өңірінің халқы алдағы болуы мүмкін су тасқынынан сақтану үшін «тасаттық» беріп жатқаны туралы жазыпты. Сонымен қатар, осы газеттің «Уго Чавестің денсаулығы үшін» деген мақаласында Қазақстан экономистер ассоциациясының бастығы Арыстан Есентүгеловпен сұхбатын беріпті. Онда маман «сыртқа мұнай сатудың жабықтығы ұлттық валютаға қауіп төндіріп тұр» дей келіп, «мысалы, тәуелсіз сарапшылардың есептеуі бойынша тек 2004 жылы мұнай саудасынан бюджетке 18 миллиард доллардай қаржы түсуі керек еді, ал ол көрсеткіш шын мәнінде 11 миллиардтай доллар ғана болды. Мәселе, шикізат саласындағы пайданы жасырудан біздің мемлекеттен сыртқа капиталдың ағылуы байқалатындығында. 2007 жылдың 9 айында сыртқа 10 миллиардтай доллар шығарылды. Бұлай бола беретін болса, биылғы жыл соңында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 137 теңгеге дейін баруы мүмкін» деген қортынды шығарады.

«Литер» мен «Время» газеттері кеше Алматыда қала әкімі және сауда және индустрия министрі Владимир Школьниктің қатысуымен өткен жиынның қортындысында, «үлескерлерге транш ретінде, 29 құрылыс компаниясына 167 миллиард теңге бөлінетін болды» деп жазады.

Сонымен қатар, «Время» газеті «өте ауыр салмақтағы кәсіпкер боксшы, тегі қазақстандық Олег Маскаев пен Сэмуель Питер арасындағы әлем біріншілігі үшін жекпе-жек бүгін Мексикада өтеді», ал қатерлі ісік кеселі барлығы анықталған «Қайраттың» бұрынғы атақты футболшысы Темір Сегізбаев Израильде емделіп жатыр» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG