Accessibility links

Қазақстанда осы жылы сәуір айынан бастап электр қуатының тарифтері 15 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Астанада наурыздың 11 күні үкімет отырысында табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов хабарлады. Оның айтуынша жалпы тарифтердің көтерілуінен инфляция пайызы небәрі бір жарым пайызға өседі. Алайда кәсіподақ өкілдерінің айтуынша инфляция, яғни ақшаның құнсыздануы қазірдің өзінде 20 пайыздан асқан.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновтың айтуынша Қазақстанның Оңтүстік облыстары, Қостанай облысы және Батыс Қазақстан облысында газ бағасы көтерілетіндіктен инфляция көрсеткіші өзгереді. Қалған аймақтарда су, жылу, электр қуатының құны өзгеретіндіктен инфляция өседі. Оның сыртында 2008 жылы жорамал бойынша электр қуатының тирифтері сәуір айында 15 пайызға дейін көтеріледі, суық су маусым айынан бастап 12 пайызға дейін, жылу тарифтері қазан айында 10 пайызға дейін өсуі ықтимал. «Бұл саладағы компанияларға тарифтерің ең биік деген осындай шектері қойылды. Яғни, халық шулағандай биыл сәуір айынан бастап бірден барлық тарифтер көтерілмейді», дейді ол. Жалпы инфляция пайызы небәрі біржарым пайызға өседі, дейді табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов.

Бірақ, Алдабергеновтың айтуынша инфляция 2008 жылға үкімет бекіткен 10 пайыздық шектен аспауы үшін бірқатар шаралар міндетті түрде атқарылу керек, өйтпесе инфляция шектен асып кетеді. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы электр қуаты саласында қуатты ұрлау фактілерін азайтып, электр қуаты тарифтерін екі есеге өсіріп отырған саудагер делдалдарды жою керек деген ұсыныс жасады. Мысалы, агенттік Қазақстандағы 15 стансаны тексеру кезінде электр қуатының құны көтеріліп жазылатындығын анықтаған. «Қызылордада бұл тариф 50 теңгеге қымбатырақ жазылса, Астанада 40 теңгеге өсіріліп отырған», дейді Алдабергенов.

Жаңадан құрылған Бесекелеспен күрес агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаевтың айтуынша делдалдардың кесірінен тарифтер 15 пайызға өсіп отырады, және делдал табысы салаға салынбайды. «Бірақ, қажетті заң нормалары жоқ болғандықтан делдалдықты дәлелдеу қиын», дейді ол.

Вице-премьер Өмірзақ Шүкеев болса бірінші кезекте электр қуатының ұрлануымен күресу керек деп есептейтіндігін жеткізді. «Тек электр компаниялары қуатының тең жартысын жоғалтып отыр», дейді ол.

Ал құрамында электркомпаниялары бар «Самрұқ» холдингінің төрағасы Қанат Бозымбаевтың айтуынша электр компанияларының тарифтерін шектемеу көрек. «Себебі жаңа стансаларды салуға ақша берген инвесторлар қаржысын қайтара алмайды», дейді ол.

Ал санақ агенттігінің басшылығы электр тарифтерінің көтерілуі міндетті түрде инфляцияға әсер ететіндігін жеткізді. Кейбір компаниялар өз өнімі құнының 30 пайызына электр тарифтерін кіргізеді, дейді статист мамандар. Көптеген сарапшылардың айтуынша осылайша, түптің-түбінде қарапайым тұтынушылар қымбат бағаға тауар сатып алуға мәжбүр болады. Республикалық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықовтың пайымдауынша бүгіннің өзінде жылдық инфляция Қазақстанда 20 пайыз. Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев биылғы коммуналды қызмет бағасының өсу болжамына орай 2008 жылғы бюджетте тұрғынүй жәрдемақысына 4,8 миллиард теңге ескерілген, деді.

Премьер Кәрім Мәсімов болса электрсаласына инвестиция керек сондықтан тариф өседі, деді. Бірақ, тарифтердің көтерілуі инфляция пайызын 10 асырмау керек деген нұсқау жасады. Ал көмір және мазут тасымалдайтын теміржол компаниясына инфляцияны ауыздықтау үшін дәл осы әлеуметтік тауарларды тасымалдау тарифтерін өсірмейді тапсырды.
XS
SM
MD
LG