Accessibility links

Астана әкімдігінің жер саясатына наразы тұрғындар тобы митинг өткізуге өтініш тапсырды


Жер мәселесіне көңілі толмаған Астана тұрғындары мың жарым адам жиналатын шеруге шығатындықтарын хабарлады. Олардың айтуынша, Астанада жер телімдері мемлекеттік қажеттілікке деген желеумен тартып алынады да, бірақ кейін ол орындарға коммерциялық саудаға арналған тұрғын үйлер салынады. Яғни, бұл жерде жемқорлық бар дейді олар. Және күн жылыған сайын жер телімдерінен қуылғалы отырған тұрғындардың үйлеріне күрелу қаупі туады, дейді олар. Астана әкімшілігі шеруге рұқсат берер-бермесі әзірге белгісіз.

Бірнеше үкіметтік емес ұйыммен жер телімдерінен, жатақханаларынан, саяжайлардан, жер үйлерінен қуылып жатқан тұрғындар «Лайықты тұрғын үй үшін» атты қоғамдық кампания құрған болатын. Осы кампания қатысушыларының айтуынша, жер мәселесіне қатысты биліктің іс-әрекетінде жемқорлықтың ізі бадырайып тұр.

- Себебі, әкімшілік тұрғындардан жер телімдерін өте азғантай үстемақыға алып, кейін ірі құрылыс компанияларына қымбатқа сатады деген жорамал бар, - дейді Әділет министрлігінде тіркелген «Азаматтық қоғам» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Зәуреш Батталова.

Әділет министрлігінде тіркелген «Демократия және адам құқығы» атты үкіметтік емес ұйымының төрағасы Болатбек Бләловтың айтуынша, ол жер сату фактілерін құжат арқылы дәлелдей алады.

Жағдай көктем келгелі ушығуы мүмкін, дейді кампания қатысушылары. Себебі, 15 сәуірде жылыту мерзімі аяқталады. Яғни, қыстыгүні адамдарды далаға лақтыруға болмайды деген уәждан пайда шамалы, дейді олар. Оған қоса, осы жылы жазда аталып өтілетін Астананың 10 жылдығы мерекесі жақындап келе жатыр. Осы мерекеге Астана әкімшілігі қазір саяжайлардың үйлері тұрған жерге бірнеше спорт кешенін саламыз деп уәде беріп қойған.

- Демек, күн жылыған сайын ондағы тұрғындардың үйлеріне күреліп кету қаупі туады, - дейді кампания қатысушылдары.

Астана маңындағы «Қоянды» кентінің тұрғыны, Моңғолиядан көшіп келген оралман Бақыт Алубайұлының айтуынша, әкімдер осы ауылдағы жер телімдерін тұрғындарға айтпастан сатып жіберген.

Осыған наразы болған «Лайықты тұрғын үй үшін» қоғамдық компаниясы Астана әкімшілігіне 6 сәуірде шеру өткізу туралы өтініш берді. Бұл шеруге кем дегенде мың жарым адам қатысады деп күтілуде. Кампания қатысушыларының айтуынша, оған тек астаналықтар ғана емес Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданының тұрғындары және басқа да облыстардан адамдар жиналады деп күтілуде.

- Астанада жер телімдері мәселесін шеше алмай жүрген тек бір «Полянка» ауданында 800 адам әкімшілікке наразы, - дейді «Азаматтық қоғам» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Зәуреш Батталова.

Ал сотқа шағымданып барған зардап шеккен тұрғындар әділеттікке қол жеткізе алмайды. Себебі, Астана әкімшілігі, соттар және прокуратура халықтың жағдайын емес, билік басындағылардың жағдайын ойлайды, дейді кампания қатысушылары.

Жер телімдерін алуға ниет еткен әкімшілік өкілдері өз дегендеріне 100 пайыз сенетіндіктен тіпті сот үдерістеріне келмейді, дейді олар. Бірақ, Астана әкімшілігінің осы мәселеге және шеруге қатысты көзқарасы белгісіз. Журналистер хабарласқанда департамент басшылары рейдте жүргендіктен орындарында жоқ деп хабарланды.
XS
SM
MD
LG