Accessibility links

«Шекарасыз репортерлар» ұйымы наурыздың 12-сін интернеттегі сөз бостандығы күні деп жариялады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Аталған ұйым өз үндеуінде барлық интернет пайдаланушыларды өз сайттарына кіріп, цензураға қарсылық білдіруге шақырды. Халықаралық ұйым көтеріп отырған бұл шараны Қазақстандағы сөз бостандығына бақылау жасайтын «Әділ сөз» ұйымы да, жекелеген кейбір азаматтарда қолдады.

«Шекарасыз репортерлер» ұйымы наурыздың 12-сі күні барлық интернет пайдаланушыларды өз сайттарына кіріп, құзіретін асыра пайдаланып азаматтарды интернет пайдалану құқығынан айырып отырған кейбір ел үкіметтерінің цензурасына қарсылық білдіруге шақырды. Осы ұйым келтіріп отырған дерекке сүйенсек, әлем бойынша 63 интернет-диссидент бүгінгі күні түрмеде отыр екен.

«Шекарасыз репортерлер» ұйымының бұл бастамасын бірқатар қазақстандық интернет басылымдар мен елдегі сөз бостандығына бақылау жасайтын «Әділ сөз» ұйымы қолдады.

- Мұндай бастама интернет кеңістігі әлі дами қоймаса да түрлі қысымдарға ұшырап жататын Қазақстан үшін, осы елдегі әрбір интернет пайдаланушы үшін маңызды, - дейді «Әділ сөз» ұйымының президенті Тамара Калеева.

Оның айтуына қарағанда, былтыр Қазақстанда жекелеген сайттарды тұмшаландыру немесе жауып тастау әрекеттері биылғы жылы да жалғасын тауып отыр.

- Бұл жерде ақпарат министрлігінің бастамасымен интернет кеңістікті бақылайтын заң жобасының дайындалып жатқандығын айтпай кетуге болмайды. Бір қызығы, бұл заң жобасының концепциясын осы уақытқа дейін ешкім көрген емес. Заң жобасы министрліктің бастамасымен дайындалып жатқандығының өзі біздің алаңдаушылығымызды тудырып отыр. Өйткені, біз бұл заң жобасында сөз бостандығын шектейтін бірнеше нормалардың бар екендігін жорамалдап отырмыз, - дейді Тамара Калеева.

2007 жылдың қазан айында Қазақстанның саяси тыныс-тіршілігі жайлы түрлі ақпараттар жариялайтын «kub.kz», «geo.kz» «zonakz.net», «Іnkar.info» сайттары тұмшаландырылып, Қазақстаннан ашылмай қалған болатын. Бұл сайттардың екеуі кейіннен жұмыстарын жалғастырса, «Іnkar.info» және «kub.kz» сайттары қазақстандық пайдаланушылар үшін хостингтерін ауыстыруға мәжбүр болды. Биылғы жыл басында «Іnkar.info» сайты жаңа хостингке ауысып, қазақстандық пайдаланушыларға еркін ашылып жұмыс істегенімен, арада небары 4 күн өткенде қайтадан тосқауылға ұшырап, ашылмай қалды. Бақылаушылар оған тосқауыл қазақстандық провайдерлердің тарапынан қойылып отыр деген пікір айтады.

Қатардағы интернет пайдаланушы Болатбек есімді жігіт интернеттегі сөз бостандығы күніне қолдау білдіреді:

- Әрине, қолдаймыз. Өйткені, қазіргі Қазақстанның жағдайында интернеттен болсын, басқа да ақпарат құралдарынан баламалы ақпарат алуда қиындықтар бар. Түрлі оппозициялық бағыттағы басылымдардың сайттарын интернет кеңістіктен жоғалтып жіберу сияқты қысымдардың билік тарапынан болып жататындығын көріп жүрміз. Жалпы Қазақстан ОБСЕ-ге төрағалық етеміз деп жатқан тұста халықаралық қауымдастық алдында берген азаматтарының ақпарат алу құқығын шектемеуге байланысты уәдесін орындауға асықпай отыр.

«Шекарасыз репортерлер» ұйымының дерегі бойынша, бүгінгі күні әлем бойынша 63 интернет-диссидент түрмеде отыр.

Қазақстанның Шымкент өңірінде философ-ғалым Нұрлан Әлімбековті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті өткен жылдың тамыз айының 16-сы күні қамауға алып, оған «ұлттық және діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағып, қылмыстық іс қозғаған еді. Кейіннен Н.Әлімбековтің жүйке жүйесінде ауытқушылықтар бар деп, оны Ақтастыдағы жындыханада күштеп емдеуге жібермек болды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлері Нұрлан Әлімбековке қарсы қылмыстық іс қозғауға оның жеке электронды поштасы арқылы жеке адамдарға жазған хаттарын негізге алған болатын.

- Мұның бәрі Қазақстанда интернет пайланаушыларға бақылаудың жоғары екенін және проблеманың бар екенін көрсетеді. Мен Нұрлан Әлімбековті сыртынан азамат ретінде жақсы білетін едім. Ол арандатушылыққа ұрынып, жазықсыздан-жазықсыз құрбан болып отыр деп есептеймін. Қазір басқаны айптағанның өзінде, менің өз басым Алматыда отырып Атырауда шығатын «Алтын ғасыр» газетіне жіберген мақалаларым, жазған хаттарымның жетпей қалатынын көріп жүрмін, - дейді «Алтын ғасыр» газетінің тілшісі Қуаныш Мұқтай.
XS
SM
MD
LG