Accessibility links

Алдағы жылдан бастап Қазақстан Ресейге газды қазіргіден қымбат бағамен сатуға уағдаласты


Қазақстан Ресейге өз газын 2009 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қазіргі бағадан 20-30 пайызға қымбатқа сататын болады. Астанада наурыздың 13 күні «Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин журналистердің сұрақтарына жауап бере келе осындай жорамал жасады. Бұған дейін хабарланғандай, Ресей Орталық Азия газын еуропалық бағамен сатып алады. Сарапшылардың бағалауынша бұл жаңалық бірінші кезекте, бұған дейін олар салыстырмалы түрде Азияның арзан газын алып келген Украинаға тиімсіз болмақ. Енді олар бірінші болып қымбатшылықты сезіне бастайды.

Ресейлік газ корпорациясының жетекшісі Алексей Миллер «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалинмен, «Өзбекмұнайгаз» жетекшісі Нұрмұхамад Ахмедовпен және «Түркменгаз» мемлекеттік компаниясының төрағасы Ягшигельды Какаевпен келіссөздер өткізді. Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстанның газ компаниялары 2009 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Ресейге газды еуропалық тарифпен сатуға келісті.

«Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, қазір Қазақстан «Қарашығанақ» кен орнынан өндірілетін өз газының әр текше метрін Ресейдің «Газпром» компаниясына 180 доллардан сатып отыр.

«Енді тариф еуропалық есеп көрсеткіштеріне көшкен соң баға 20-30 пайызға өсе ме деген жорамал бар. Ал былтырғы 130 долларлық көрсеткіштен баға 60 пайызға өседі. Газ орны толмайтын ресурс болғандықтан оны мейлінше қымбатырақ сатқымыз келеді», - деді Қарабалин.

Қазір Ресей түркмен газының әр текше метрі үшін 100 доллар төлейді де бұл газды Батыс Еуропа елдеріне екі жарым есе қымбат бағамен - 260 доллардан қайта сатады. Бірақ, «Газпром» компаниясының жетекшісі Алексей Миллердің бағалауынша келесі жылдың соңынан бастап еуропалық тұтынушылар үшін көп мерзімді келісіммен газдың орташа құны 350 доллардан асып түсуі ықтимал. «Қазмұнайгаз» компаниясының газ жобаларының атқарушы директоры Мұсабек Исаевтың айтуынша Қазақстанда Ресейге өз газын 130 доллардан сатып келген.

Сарапшылардың бағалауынша бұл өзгеріс Еуропа елдеріне газ жеткізіп келген транзиттік ел үшін тиімсіз. Бұған дейін Украинаға Орталық Азия және Ресей газын «РосУкрЭнерго» компаниясы тасымалдап келген. Бұл кәсіпорын Украинаға Ресейдің қымбат газын түркменнің арзан газымен араластырып әр текше метр газды 179 доллардан сатып келген. «Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша Қазақстан өз газын тікелей Украинаға сатпайды.

«Себебі әзірге бізге тікелей Еуропаға шыққаннан гөрі шекаралас Ресейге сатқан тімді», - деді Ұ.Қарабалин.

Жергілікті мамандардың түсіндіруінше, Ресей мен Украина арасындағы газ құны жөніндегі келіссөздердің шиеленісуіне орай, Өзбекстан жағы Қазақстанға беретін газ құнын көтеруі мүмкін.

«Бұл елмен газ тасымалдау жөнінде жылына бір рет келісім жасалады», - деді «Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин.

Қазір Қазақстан газды негізінен Өзбекстаннан және тағы азғантай бөлігін Түркменстаннан сатып алады. Елдің ішіндегі «Амангелді» кен орнынан алынатын газ тек Жамбыл облысындағы тұтынушыларға жетеді. Және мұнай тапқан кезде артылып шығатын газдың бір бөлігі Қызылорда өңіріне жеткізіледі. Сондықтан, осы екі облыста газ бағасы қымбаттамайды, деген жорамал бар. «Қазмұнайгаз» компаниясының газ жобаларының атқарушы директоры Мұсабек Исаевтың айтуынша Қазақстан Өзбекстан газын өз территориясы арқылы өткізетіндіктен бұл салада келіссөздер жүргізіледі.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда жылына 30 миллиард текше метр шикі газ өндіріледі, оның біршамасы қайтадан мұнай кен орындарына құйылады. Тауарлық газ көлемі 16 миллиард. Оның жартысы - 8 миллиардтайы экспортқа шығады. Ал, Оңтүстікпен Қостанай облысына 4 жарым миллиард газды Өзбекстаннан импортқа аламыз, дейді «Қазмұнайгаз» басшылығы.
XS
SM
MD
LG