Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.13.2008 жыл


Бейсенбіде жарық көрген газеттерде Орта Азия елдері, соның ішінде Қазақтан алдағы жыл басынан Ресейге жолданатын газды бұрынғыдан қымбат бағамен сата бастайтыны туралы айтылыпты. Тәуелсіз басылымдарда Қазақстан президентінің жақын-туыстарының елде жұмыс істеп жатқан отандық және шетелдік кәсіпкерлерге көрсеткен әлімжеттіктері жайлы деректер жарияланды.

«Тасжарған» газеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Түркияның ғылыми зерттеулер қоры деген ұйымынан Седат Алтан деген кісінің жазған хатының мазмұнын жариялапты. Онда хат иесі Қазақстан президентінің туған інісі Болат Әбішұлы Назарбаев басқаратын «Би-Эн Пегасус» құрылыс компаниясының сәулетшісі Тахсин Аққаш есімді түркиялық азаматтың тағдырына араша түсуді сұрапты. Бұл адамды наурыздың 11-күні Алматыда қарулы адамдар ұстап, күштеп алып кеткен. Седат Алтан бұл оқиғаға Болат Назарбаевтың зайыбы Майра Назарбаеваның қатысы бар деп жазады. Алтанның хатында, Майра Назарбаева бұған дейін ұзақ уақыт бойы түріктерден көп мөлшерде ақша талап етіп қоққан-лоққы жасағаны, оның адамдары түрік компаниясының жұмысшыларын соққыға жыққаны айтылады. Хат соңында Алтан жапа шегуші түрік азаматы Тахсин Аққашты ешқандай мафиялық істерге қатысы жоқ деп сипаттап, Қазақстан президентінен бұл іске араласуын сұрапты. Осы орайда «Тасжарған» басылымы былтыр күзде АҚШ-та шығатын «Нью-Йорк пост» газетінде шыққан бір мақаланы еске салады. Ол мақалада Майра Назарбаева мен оның ұлы Данияр Нью-Йорктың ең қымбат ауданында құны 5 млн доллар тұратын пәтер сатып алғаны, сондай-ақ, Данияр беделді оқу орнына түсуге көмектеспек болған бір компанияға алдымен 200 мың доллар аударғаны, бірақ кейін әлгі компаниядан ол ақшаны қайтарып беруді талап еткені туралы ақпарат жазылған болатын.

Ал «Свобода слова» газетінде жарияланған «Әнипа қарындас Рахат күйеу баладан да күшті ме?» деген мақалада, Қазақстан президетінің қарындасы Әнипа Әбішқызы Назарбаеваны рейдерлік әрекетке барды деп кінәлап отырған қазақстандық кәсіпкерлердің басындағы шырғалаң баяндалыпты. Газет редакциясына шағым айта келген Раимжан Мансұров есімді кәсіпкер өзінің серіктесі Қуаныш Жаңбырбаевпен бірге осыдан 10 жыл бұрын «Сұлтан-Қорған» деп шағын компания құрыпты. Алматыда жергілікті биліктің рұқсатымен қалалық қоқыс төгетін жерді тазартып, сол уақытта едәуір үлкен ақша болған 45 млн теңге жұмсап, қазіргі заманға сәйкес жабдықталған сауда орталығын салады. Ол уақытта бизнесмендерге түрлі рэкетирлер маза бермейтін ойпыл-тойпыл заман болғандықтан, компанияның бас директоры Жаңбырбаев құрылтайшылар қатарына Әнипа Әбішқызы Назарбаеваны енгіузді ұсынады. «Ондағы ойымыз, ол президенттің туысы болғандықтан бізге мықты қорған болады деп сендік. Алайда, «Сұлтан-Қорған» фирмасының 30 пайыз үлесін тегін алып, бас директорлық қызметке отырған Әнипа бірінші күннен бізді компания құрамынан кетіру амалдарына кірісе бастады» дейді Раимжан Мансұров. Ақыр соңында 2002 жылы Алматы экономикалық сотының шешімі бойынша Мансұров пен Жаңбырбаев өз иелігінідегі сауда орнынан біржолата айырылады. «Сұлтан-Қорған» фирмасының атауы өзгертіліп, Әнипа сауда базары орналасқан 10 га жердің жеке дара иесі боп шыға келеді. Осының барлығын Әнипа жасырын түрде қолдан ұйымдастырды деп кінәлаған Мансұров «бұл дауды дабыра қылмай тыныш қана шешуді сұрап» Қазақстан президентіне де хат жазғанымен одан қайран болмайды. Сөйтіп, амал-төзімі таусылған кәсіпкерлер қаржы полициясына, сотқа да жүгініп көреді. Бірақ олардың ешқайсысы да бұл істі алып, тексеруге батпайды. Жақында кәсіпкерлер «Нұр-Отан» партиясының жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңеске де жүгініпті. Бірақ ондағылар бұл даулы істі шешуді, неліктен екені белгісіз, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке жолдапты. «Сірә, коррупциямен күресеміз деп күпінген «Нұр-Отан» партиясының бұған тісі батпайтын болса керек» деп жазады «Свобода слова» басылымы.

«Экспресс К» газеті Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан елдері 2009 жылдан бастап Ресейдің «Газпром» компаниясына газды еуропалық бағамен сата бастайтыны туралы Мәскеуде уағдаластық жасалғанын хабарлапты. «Осылайша, Ресей мен Украина арасында газ мәселесіне байланысты өрбіген дау Орта Азия мен Ресей арасындағы ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан газ бағасының теңсіздігін түзеуге біраз септігін тигізді» деп жазады басылым. 2005 жылы «Газпром» Орта Азия елдерінен бір мың текшеметр газды 45-50 долларға сатып алатын. Былтырдан бері бұл баға 130-150 доллар шамасында. Ал ресейлік монополист болса Еуропаға газды бұдан екі жарым есе қымбатқа, яғни 350 доллар және одан да көп бағамен сатады. Енді, жаңа уағадаластық бойынша, келер жылдан бастап бұндай баға теңсіздігі болмауы тиіс. Бірақта, тура «Газпромның» бағасымен бірдей сатылуы екіталай. Өйткені «Газпром» тасымалдау құны мен үстемесін алады. Сонда, Орта Азия газының бағасы шамамен 320 доллар шамасында болуы мүмкін» деп жазады «Экспресс К» газеті.

«Айқын» басылымы газ мәселесінде Еуропа да, Орта Азия да «Газпромға» кіріптар күйден шыға алмай отырғанын жазыпты. «Ресейлік компания сәтін салса, Еуропаға газ тасымалдаушы ғана емес, сонымен бірге Еуропаның өз ішіндегі тасымалдаушыға айналып, ойынның көкесін көрсетуді көздейді. Бүгінде Түркияға газ тасымалдайтын «Көгілдір ағыс» жобасының екінші кезеңіне кірісуге мүдделі, Балтық теңізі түбінен тартылатын «Солтүстік ағыс» жобасын дайындап, Еуропа елдерін біртіндеп «Оңтүстік ағыс» жобасына тартып жатқан, Орта Азия елдерімен Каспий бойы жобасын шегелеп алған Ресей екінші бір қиырдан Азия-Тынық мұхит елдеріне экспорт жолдарын қарастырып, Қытайға газ айдайтын «Алтай» жобасы жайында бас қатырып отыр. Бұл өзгелер қаласын-қаламасын, Кремльдің «Газпром» арқылы саяси ұпай жинауына қолайлы болады» деп түйіндейді «Айқын» басылымы.
XS
SM
MD
LG