Accessibility links

Қазақстандық ақпараттық технология мамандары осы салаға инвестиция салуды сұрап ел президентіне хат жолдады


Қазақстанның ақпараттық технологиялар компаниялары қауымдастығы тұңғыш съезінде хабарланғандай, саладағы шетелдіктер ұлттық қауіпсіздікке кесірін тигізуі мүмкін. Осы қауіпті ыдырату үшін қауымдастық президент Назарбаевқа хат жазып, салаға мемлекет тарапынан қаржы бөлуді сұрап отыр. Ал, ақпараттандыру және байланыс агенттігінің басшылығы мұндай қауіптің бар екендігін мойындаса да, қаржы жеткілікті деген пікірді ұстанады.

Құрамына компьютерлік бағдарлама, жүйе және жабдықтармен айналысатын 34 отандық кәсіпорын кіретін Ақпараттық технологиялар қауымдастығының мәліметінше, мемлекет шикізаттық экономикадан жаңартпа экономикаға көшеміз деп жариялағанына қарамастан елде әлі күнге дейін ақпараттық технология саласын дамытатын нақты саясат жоқ.

«Сондықтан бұл саладағы бизнес шашыраңқы дамып келеді. Отандық компаниялар мемлекеттік тапсырысқа ғана қарап отыр. Соның кесірінен отандық кәсіпорындар шетелдік компаниялармен бәсекеге түсе алмайды», - дейді қауымдастық басшылығы.

Қазақ тілінде компьютерлік бағдарлама жазатын «Ізет» атты софтверлік компания президенті Ізетәлі Тілешевтің айтуынша, өндірістік заманда саладағы құпияны білу үшін шетелдіктер тыңшы жіберетін, ал ақпараттық заманда елдегі компьютерлік бағдарламаға қол жеткізсе жеткілікті дейді ол.

Қазақстандағы «Майкрософт» компаниясы өкілдігінің бас директоры Айдар Дәулетовтың айтуынша, құпия ақпараттың иесі компьютерлік бағдарлама жасайтын компания емес, оған тапсырыс берген мемлекеттік орган.

Ақпараттық технологиялар компаниялары қауымдастығының мәліметінше, шенеуніктер саланы дамытуға құлықсыз.

«Елде телекоммуникация және электронды үкімет сыңайлы бағдарламалар жасалғанымен оның біреуінде де ақпараттық технологиялар саласының дамуына мән берілмейді. Бұл салада заң және нормативті база осал. Салаға жауап беретін өкілетті орган жоқ. Керісінше, көптеген әкімшілік кедергілер бар. Ақпараттық технологиялар инфрақұрылымы дамымаған, ал мемлекет тарапынан саланы дамытуға назар аударылмайды», - дейді қауымдастық басшылығы.

Қазақстанның ақпараттық технологиялар компаниялары қауымдастығының президенті Нұрлан Исиннің айтуынша, мұның арты насырға шабуы мүмкін.

«Себебі, шетелдіктер ұлттық қауіпсіздікке кесірін тигізуі ықтимал», - дейді ол.

Қазақстанның ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағанбетов мұндай қауіп бар екендігін мойындады.

«Ізет» компаниясының президенті Ізетәлі Тілешевтің айтуынша, бұл қауіпті азайту үшін салаға мемлекеттен қаржы бөлу керек. Ал, ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағанбетовтың айтуынша, мемлекет өзіне қажетті деңгейде ғана қажетті сапаға қаржы бөледі.

«Майкрософт» компаниясы өкілдігінің бас директоры Айдар Дәулетовтың айтуынша, Қазақстандағы ақпараттық технология саласындағы шетелдік компаниялардың үлесі көп емес, бірнеше он пайыздан аспайды.

Ал, ақпараттық технологиялар компаниялары қауымдастығының президенті Нұрлан Исиннің айтуынша, салада миллиардтаған доллар айналымда жүргенімен оның отандық компанияларға тиетіні шамалы. Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағанбетов мемлекет салаға аз емес қаржы бөліп отыр дейді.

Ал, ақпараттық технологиялар компаниялары қауымдастығы мемлекет басшысына хат жазып саланы дамытатын бағдарлама жасау керек, саланың дамуына жауап беретін мемлекеттік орган белгілеп, оны қажетті жабдықпен қамтамасыз ету керек, деген өтініш жасады. Және ақпараттық технологиялар саласындағы компанияларға салық және кеден жеңілдіктерін беру керек, дейді қауымдастық басшылығы.
XS
SM
MD
LG