Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.15.2008 жыл


Сенбі күнгі газеттерде Жайықта алты кеменің суға батуы салдарынан Каспий теңізіне экологиялық қауіп төнгені, осы теңізден заңсыз балық аулап жүрген ресейлік азаматтардың ұсталғаны туралы мақалалар басылыпты. Сондай-ақ бірқатар басылымдарда Қазақстанда дағдарысты жағдайдағы тұрғын үй құрылысы саласына үкіметтің жәрдем шаралары жайында айтылыпты.

«Экспресс К» газеті Атырау өзен портында бір түнде алты бірдей жүк кемесінің суға батқанын жазыпты. Әрқайсысының сиымдылығы 80 мың тонналық кемелердің төтенше жағдайға тап болуы салдарынан Жайыққа төрт тоннаға жуық жанар-жағармай аққан. «Бірақ бұл апат жайында ресми орындар тек арада сегіз күн өткенде хабар бергені күдік туғызады» деп жазады «Экспресс К» басылымы. Бұл кемелер Каспий теңізінен заңсыз балық аулап жүрген Дағыстандық азаматтардан тәркіленген екен. Қазақстандық шекарашылар олардың үшеуін былтыр көктемде ұстапты. Тағы үшеуі былтыр күзде қазақстандық су табиғатын қорғаушылардың қолына түскен екен. «Енді суға аққан жанар-жағармайдан теңіздегі тіршілік атаулыға үлкен қауіп төніп тұр» деп жазады «Экспресс К» газеті.

«Айқын» басылымы жұма күні таңертең сағат 10-дар шамасында Каспий теңізін шолып жүрген қазақстандық шекарашылар Баутина кентінен 20-30 шақырымдай қашықтықтағы теңіздің «Үдек» деген жерінен браконьерлердің бес «Байда» қайығын әуеден арнайы десант түсіріп, ұстағанын жазыпты. Қолға түскен 16 адамның бәрі Ресей мемлекетінен Дағыстан елінің азаматтары болып шыққан. Шекарадан заңсыз өткендердің су көліктерін тексерген кезде 25 бекіре тұқымдас балық пен 25 итбалық табылыпты. Олардың кейбіреулерінің терісі сыпырылғаны анықталғанын жазыпты «Айқын» газеті.

«Литер» басылымы Астана қаласының маслихаты құрылысы бітпеген нысандардағы бір шаршы метрдің құнын саралау жөнінде комиссия құрамын бекіткенін жазыпты. Астана қаласы әкімнің орынбасары Сергей Хорошун басшылық ететін бұл комиссия құрамына маслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен журналистер еніпті. Астана әкімдігі қаладағы әлгіндей нысандардан бір шаршы метріне 900-950 доллар төлеп, жалпы саны 8 мың пәтер сатып алуды көздеп отырғанын жазады «Литер» басылымы.

«Время» газеті үкімет комиссиясы Алматы қаласындағы аяқталмаған құрылыс нысандарын қолдауға үкімет тарапынан алғашқы транш бөлінгенін жазыпты. Жалпы сомасы 59 млрд теңгені құрайтын бұл ақша қаладағы 18 құрылыс компаниясы жүргізіп жатқан 23 тұрғын үй кешендерін салып бітіруге беріліп отыр депті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков. Оның айтуынша, бұл алынған ақша бір жылдық жұмысқа жететін көрінеді. Осы мерзім ішінде жоспарланған 943 мың шаршы метр құрылыстың 300 мыңнан астамы аяқталып табыс етіледі деп хабарлапты әкім орынбасары.
XS
SM
MD
LG