Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қазақстан президентін жемқорлыққа негізделген жүйе құрды деп сынға алды


Қазақстан сотының биылғы жылғы үкімімен 15 жылға сырттай бас бостандығынан айырылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев бүгін Интернет сайттардың бірінде жарияланған сұхбатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Ақ Орда мафиясының басшысы» деп айыптап, «ол жемқорлыққа қарсы күресті тежеп отыр» деп мәлімдеді. Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің сыбайласы ретінде Әлнұр Мұсаевқа қазір Ақмола әскери-гарнизондық сотында жабық жағдайда тағы бір сырттай сот ісі жүріп жатыр.

Интернеттегі www.kaztoday.ru сайтында наурыздың 17-сі күні жарияланған Әлнұр Мұсаевтың сұхбаты - осыған дейін Рахат Әлиевтің сыбайласы ретінде оған бірнеше қылмыстық айыптаулар тағылғалы бергі басылым бетінде жарияланған алғашқысы. Бұған дейін Қазақстан сотының үкімімен 15 жылға сырттай бас бостандығынан айырылғанына және бүгінде Ақмола әскери-гарнизондық сотында екінші қылмыстық істің қаралып жатқандығына қарамастан ол үнсіз қалып келген еді.

Жуырда «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігі, аты-жөні аталмаған бір заң қызметкерінің сөзіне сілтеме жасап, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа қатысты Ақмола әскери сотында қаралып жатқан қылмыстық істің аяқталуға жақын қалғандығын хабарлаған болатын.

Ол хабарламада Рахат Әлиев пен оның сыбайласы Әлнұр Мұсаев қылмыстық топ құрғаны, ол топ «Әлиевтің нұсқауы бойынша елде билікті күшпен басып алмақ болғаны, осы мақсатта қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз етілген арнайы топтар құрылған, оларды шетелде дайындау ұйымдастырылғаны» жайында ақпарат жарияланған еді. Оған қоса қылмыстық топта болғандар «Қазақстанның жоғарғы билігіндегі адамдардың өмірі мен денсаулығына қастандық жасау мақсатында аса улы заттар дайындамақ болғаны» да айтылды. Ақпарат агенттігінің хабарында, жабық сотта айып тағылған 20-дан астам адамның көпшілігі аяқталуға таяп қалған әскери сот процесінде жауап беріп жатқаны, ал арасында Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев бар бес адам қазір Қазақстаннан тыс жерде қашып жүргендіктен сот үкімі оларға сырттай шығарылатыны жазылған.

Наурыздың 17-сі күні www.kaztoday.ru сайтына берген сұхбатында бұған Әлнұр Мұсаев: «мемлекеттің жауы – бұл билік органында басқарудың сыбайласқан жемқорлық жүйесін құрып, оны өз мүддесіне пайдаланып отырғандар» дейді. Одан әрі Мұсаев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Ақ Орда мафиясының басшысы» деп айыптап, «президент іс жүзінде елдегі құқық органдарының басшылығына өзінің сенімді сыбайластарын тағайындап, жемқорлыққа қарсы күресті тежеп отыр» деп мәлімдеген. Осы сұхбат жарияланған www.kaztoday.ru сайты қазақстандық интернет пайдаланушылар үшін еркін ашылмайды.

Әлнұр Мұсаевтың бұл мәлімдесіне орай пікір білдірген саясаткер Әміржан Қосанов:

«Мұны Мұсаевтың алыста жатып атысу әрекеті деп бағалауға болады. Себебі, Мұсаев дәл қазіргі саяси жүйенің құрамында жүріп, белгілі-бір мансапқа ие болып отырса мұндай қадамға бармаған болар еді. Бұл азаматтың дәл қазір осылай сөйлеуі оларға қарсы билік тарапынан жасалып жатқан әшкерелеу процесінің бір салдары болуы мүмкін. Екіншіден, бұл үлкен саяси процесс. Бір отбасы мүшелерінің ыңғайына ғана негізделген жүйе қалай болғанда да іріп-шіриді. Егер бұл саяси жүйе басқаша болып биліктің үш тармағы – заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі тәуелсіз болып, әрқайсы өзіне жүктелген қызметтерді атқарғанда мұндай дау-жанжалдар болмас еді. Қалай болғанда да, ол азаматтың арнайы қызметті басқарғаны, қолында түрлі деректердің бар екенін ескерсек, бұл мәлімдеме таза отбасылық емес, саяси сипат алып кетуі мүмкін», - дейді.

Cаясаткер Серікбай Әлібаев болса Әлнұр Мұсаевтың мәлімдемесінің астарында шындық бар деп есептейді.

«Қазір жабық жағдайда жүріп жатқан Ақмола әскери гарнизондық соты сұхбатта айтылғандарды қаперге алуы тиіс. Өйткені, айыпталып жатқан Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев өзін-өзі қорғауы, ақтаулары керек. Сондықтан осы жерде Мұсаевтың президент атына айтып отырған айыптаулары, өздері білетін шындықты айтуға жөні бар деп есептеймін. Бұл екі жақтың теке-тіресі», - дейді Серікбай Әлібаев.

Өз сұхбатында Әлнұр Мұсаев бүгіннен, яғни 17-наурыздан бастап «Тәуелсіз зерттеулер агенттігінің» жетекшілігіне кіріскендігін және алдағы уақытта Қазақстандағы коррупция мәселесін жан-жақты зерттеумен айналыспақ екенін айтып отыр.

Сарапшылар ондай зерттеу жүргізуге Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысының қолында жеткілікті мәлімет-деректер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Арнайы қызметтің басшысы болғаннан кейін бұлардың қолында мылтықсыз фактілер бар. Сол фактілерді жария етсе және оған қатысы бар адамдардың атын нақты атаса оның өзі де коррупцияға соққы болмақ. Бірақ бұл жерде бір үлкен қауіп – олар өздері ұнатпаған, өздеріне жақпаған адамдар туралы деректерді жария етіп, басқасын жасырып қалуы да мүмкін», - дейді саясаткер Әміржан Қосанов.

Қазір жасы 54-тегі Әлнұр Мұсаев 1979 жылы Кеңестер Одағының қауіпсіздік органында (КГБ) қызметін бастаған. Мұсаев 1992 жылдан бастап тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және ҚР прездиентінің күзет қызметінде басшы қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Бас прокуратура жанындағы коррупциямен күрес жөніндегі ҰҚК арнайы тобын басқарды, ІІМ ұйымдасқан қылмыс және коррупциямен күрес жөніндегі Бас басқармасының жетекшісі болды, Қазақстан президентінің көмекшісі болып істеді. 1997-2001 жылдары, арасында бір жыл үзіліспен, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Одан кейін Қазақстан президентінің күзеті қызметінің басшысы қызметіне ауысып, ол жұмыстан 2002 жылы ақпан айында генерал-майор шенімен отставкаға кетті.

Былтыр Қазақстанда «Нұрбанк» басқарушыларын ұрлау ісіне байланысты Рахат Әлиевпен бірге оның сыбайласы ретінде Әлнұр Мұсаевқа қарсы қылмыстық іс қозғалып, кейін сырттай 15 жылға сотталды. Биліктің шешімімен барлық атақ-шенінен айырылған Әлнұр Мұсаевқа ауыр қылмыс жасаған қылмыскер ретінде Қазақстан халықаралық іздеу жариялаған болатын.
XS
SM
MD
LG