Accessibility links

Оңтүстік Кореяның "Коокмин банкі" алдағы үш жыл ішінде Қазақстанның "Центркредит" банкінің 50,1 пайызын сатып алмақшы


Қазақстандағы ірі банктердің бірі "Центркредит" банкін Оңтүстік Кореяның "Коокмин банкі" сатып алатын болды. Оңтүстік Кореялық банк алдымен «Центркредиттің» 30 пайыз акциясын сатып алмақ. 2010 жылдың аяғына дейін "Коокмин банк" қазақстандық банктегі өз үлесін 50,1 пайызға жеткізбек. Сарапшылар Қазақстан банктерінің сатыла бастауы әлемдік банк жүйесіндегі дағдарысқа төтеп бере алмағандықтан туындап отырғанын айтады.

"Центркредит" банкі – Қазақстандағы коммерциялық банктердің арасында сегізінші орында. 2007 жылдың аяғында бұл банктің жиынтық активі 73,2 млрд АҚШ долларын құраған. Оңтүстік Корейлік «Коокмин банктің» өкілі: «Центркредит» банкінің үлесін сатып алу жай ғана инвестиция емес, бұл стратегиялық таңдау. Мақсат - Азиядағы жетекші банкке ұмтылу», деп атап көрсеткен.

- «Центркредит» банкі өз үлесін шетелдік банктерге сатуы әлемдік банк жүйесіндегі тоқырауға қарсы тұрудан туындап отыр. Сондықтан болар, Қазақстан банктеріне қызығушылар өте көп. Осыған байланысты Оңтүстік корейлік банк келіп жатыр. Бірақ бұдан халықтың банктердегі салымы жоғалып кетпейді. Қайта банк жұмысы әрмен қарай күшейеді, - дейді қазақстандық қаржыгер Ғалым Байназаров.

Экономист Оразәлі Сәбден Қазақстан банктерінің шетелге сатылуының астарында қауіп жоқ емес дегенді айтады. Америкада басталған қаржылық дағдарыс әлі жалғасып жатқандықтан Қазақстанның да банк жүйелерінің жағдайы қиындап, дағдарыста тұр дейді маман.

- Бір ғана мысал, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер шетелден 54 млрд доллар қарыз алды. Ал оның 12-13 млрд биыл қайтаруы керек. Жағдайлары қиын. Осындай уақытта шетелдің алпауыт банктерінің сатып алушылығы көбейеді. Бұл - банкті сатып алып сол арқылы Қазақстанды билеу деген сөз. Сондықтан бұл жерде мемлекеттік саясат болуы керек. Сатылған пакет акциясының 50 пайыздан асып кетпеуін қадағалау керек. 20-30 пайыз болса оны өндіріске салса, онда оның пайдасы болады, - дейді Оразәлі Сәбден.

Алайда экономист Оразәлі Сәбден айтып отырған мәселе өзекті болғанымен бұл бүгін-ертең шешілетін мәселе емес дейді қаржыгер Ғ.Байназаров.

- Ол үшін қолданыстағы заңға өзгерістер керек. Ол үшін Қазақстан банктерін бақылап отырған мемлекеттік органдарда банктерді шетелге сатуды тоқтатамыз деген сұрақ туындай ма? Ол енді басқа мәселе, - дейді қаржыгер.

Оның айтуына қарағанда, кезінде Қазақстан мұнай-кен орындарының барлығын шетелдік компанияға сатып жіберді.

- Осы сатылған мұнай, тау-кен орындарындағы Қазақстанның үлесі қазіргі күні 30 пайызға әрең жетеді. Осы мұнай мәселесімен айналысатын мемлекеттік органдар ішкі жалпы өнімді көбейтуіміз керек дегенді сылтау етті. Ал Қазақстанға соншама мұнай өндіру қажет пе? Кез-келген нарықта осындай сұрақ болуы керек, - дейді Ғалым Байназаров.

Экономист Оразәлі Сәбден мұны банк жүйесін реттейтін заң арқылы ғана шешуге болады деп санайды.

- Ал жалпы айтқанда, шетелдің банктерімен де жұмыс істеу керек. ТМД елдері арасындағы банкілік қарыс-қатынастарды дамыту керек. Орталық Азия банкілерін құру керек, - дейді экономист.
XS
SM
MD
LG