Accessibility links

Қазақстан үкіметі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария өзенінің бойында Көксарай су қоймасын салу туралы ұйғарымға келді. Бұл туралы Астанада наурыздың 18 күні өткен үкімет отырысында премьер Кәрім Мәсімов хабарлады. Үкімет мүшелерінің айтуынша, Өзбекстан халықаралық талаптарды бұзып, өз территориясында Сырдарияның бойында бірнеше су қоймаларын салып алған, ал Қазақстан жыл сайын оларға біресе суды жіберіңдер, біресе жібермеңдер деп жалынумен болады. Алайда, Қазақстанда Көксарай су қоймасын салу мәселесінің жетістіктерімен қатар кемшін тұстары да бар, дейді сыншылар.

Соңғы бірнеше жылда Көксарай су қоймасын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесіне бірнеше рет қаржы бөлінген. Бұл жобаға байланысты ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов су жолындағы кәсіпорындардың қалдықтары жиналатын қоқыстар барын айтады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов болса ол қоқыстарды көшіруге облыстан бөлінетін қаржы жеткілікті дейді.

- Оның сыртында су 20 шақырымдық жергілікті жолды шайып кетуі ықтимал, бірақ олда үлкен проблема емес, - дейді әкім.

Әкім Н.Әшімов экология талаптары деген желеумен қоршаған ортаны қорғау министрлігі аймаққа қажетті су қойманы, дәлірек айтқанда контрреттегішінің құрылысын бастауға кесірін тигізіп келеді деп сынады.

Су қоймасын салуға болмайды дейтіндер ол салынатын болса Арал теңізіне су жетпей қалады деген уәж айтып отыр. Оның сыртында 100 миллион текше метр су текке буланып кетеді деген қауіп бар. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, егер су қоймасы салынса өзеннің бір бөлігі батпаққа айналып, экологияға кесірін тигізбек.

- Қандай министр болсын, экология талаптарына қатысты заңдар әрдайым көтеріледі, - дейді министр Н.Ысқақов.

Келесілері су қоймасын салмаса Сырдарияда жыл сайын қайталанатын су тасқыны тұрғындарға қауіп төндіреді деп отыр. Мысалы, биыл Қазақстанның оңтүстігіндегі 4 облыстың тұрғындары еріген қармен тасыған судан зардап шекті. Оларға бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінетін болды.

Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған сенатор Қуаныш Айтахановтың айтуынша, президент Назарбаевтың Орталық Азиядағы су консорциумын құрайық деген ұсынысы орындалмай отыр.

- Қырғызстан мен Тәжікстанға Сырдария беретін электр қуаты қажет болса, Қазақстан үшін қадағаланып жіберілетін су қажет, - дейді депутат.

Вице-премьер Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша, Өзбекстанда «Арнасай» плотинасын барлық халықаралық талаптарды бұзып салған.

- Және жыл сайын Қазақстан Өзбекстанға жазда су берші деп, қыста суды жібермеңдерші деп жалынуға мәжбүр, - дейді Шүкеев.

Вице-премьердің айтуынша, Көксарай су қоймасына кететін 220 миллион доллар 4 жылда өтеледі.

- Себебі, су қоймасы арқылы жыл сайын 60 миллион доллардың электр қуатын шығаруға болады және бұл қуат соған зәру болып отырған Оңтүстік Қазақстан өңірі үшін тез сатылып кететін тауар, - дейді Шүкеев.

Сенатор Қуаныш Айтаханов егер су қоймасы салынса Қазақстанның Өзбекстанға тәуелділігі азаяды дегенді алға тартады.

Көксарай су қоймасы жобасын дайындауға миллиард теңге керек, сосын құрылысты жылдың үшінші тоқсанында бастауға болады, деп хабарланып отыр. Премьер Мәсімов бір айдың ішінде үкіметтің барлық шешімдері дайындалып биыл құрылыс басталу керек, деген тапсырма берді.
XS
SM
MD
LG