Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.19.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі басылымдар кеше Астанада өткен Үкіметтің кезекті отырысында қаралған «Көксарай» су қоймасы проблемасының оң шешімін тапқаны, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың кейбір интернет сайттарында жарық көрген мәлімдемелері мен олардың Алматыдағы соты жайында жазыпты.

«Айқын» газеті «Ақ сарайдағылар Көксарайдың мәселесін шешті» деген мақаласында «Үш бірдей Үкіметті өткерген «Көксарай проблемасы» ақыры Кәрім Мәсімовтің тұсында шешімін тапқанға ұқсайды: кеше Министрлер Кабинеті өз жиынында Көксарай су қоймасын салу туралы шешім қабылдады» дей келіп, «мен бұл мәселемен 1998 жылдан бері Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қызмет атқарған кезден айналысқанмын. Осы он жылда Көксарайға қатысты Үкімет бір емес, 9 қаулы шығарыпты. Ұсынысты қолдауымыз керек» деген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың уәжін келтіріпті.

«Литер» болса осы мәселеге орай «Көксарай» су қоймасының экологияға кері әсері қандай болуы мүмкін?» деп сұрапты. Оған жауап бергендердің дені: «кері әсерінен гөрі, пайдасы басым болуы керек» деген жауап берсе, «Табиғат» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов: «Көксарай» су қоймасы мәселені түбегейлі шеше алмайды. Мен бұған қарсымын және біз толығымен экологиялық сараптама жүргізілуін талап етеміз» деп айтыпты.

«Время» газеті бас мақаласын саясаткер Досым Сәтпаевпен сұхбатқа арнапты. Мақалада саясаткер интернет сайттарында жарияланған Рахат Әлиевтың соңғы мәлімдемесіне орай «Президенттің бұрынғы күйеу баласының демократияның шынайы жанашыры және жемқорлыққа қарсы күрескер, салиқалы саясаткер ретінде өзін көрсеткісі келген әрекеттен еш нәрсе шықпас. Рахат Әлиев тарапынан нақты деректерді бұрмалау байқалады. Оны жақсы танитындар оның хаттарында жазылғандары оның шындығынан алшақ екенін жақсы біледі» деп айтыпты. Сонымен қатар осы газет «Рахатгейтке» қатысты кеше Алматы қалалық сотта аппеляциялық шағым қаралғаны туралы жазыпты. Онда сот бірнеше шағым-арыздарды қанағаттандырмай, шешім де шығара алмай, сот жалғасы келесі күнге қалдырылғаны туралы айтылады.

Бірқатар басылымдар Қарағанды өңіріндегі «Костенко» атындағы шахтада апат бола жаздағаны туралы жазыпты. Өзге бір басылымдар тұрғын үй үлескерлерінің мәселелеріне тағы тоқталады.

«Аргументы и факты Казахстан» апталығы «Метр бақыттың бағасы қанша?» деген мақаласында «Қазіргі жағдайда кезінде ипотекамен пәтер алғандар қазіргі бағадан үш есе артық төлеулері керек. Сонда олардың мәселесін кім ойлайды?» деп сұрай келіп, «Үлкен құрылыстың парадоксы: қазір мемлекеттік бағдарламамен пәтер алғаннан өзің үй тұрғызғаның арзан болады» деген тұжырым айтыпты.

«Время» газеті болса Алматыда тұңғыш рет рұқсат етілген үлескерлердің жалпықалалық митингісі «Сары-Арқа» кинотеатырының маңында болғанын жазыпты. Сонымен бірге риелторлардың ұлттық ассоциациясының вице президенті Олег Алферов «Время» газеті оқырмандарының жылжымайтын мүлік рыногына қатысты сауалдарына жауап беріпті.

Бірқатар басылымдар Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, Уәлихан Қалижанның 60 жасқа толуына орай, ол «Президент» атты кітабын жарыққа шығарғаны туралы жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті «Абай жолы қай жол?» деген мақаласында: «Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романы кеңес кезеңінен бастап оқытылып келеді. Сол кезеңнен қалыптасқан пікір біреу-ақ: Абайдың өз халқына көрсеткен жолы – ол орыс тілін үйреніп, орыс халқымен бір болып даму. Барлығы романда анық, ап-айқын кеңес кезеңіндегі санаға өте дұрыс жол. Атеистік кезеңге сәйкес тағы бір қыры – дінге қарсы тұра білу, молдаларды тыңдамау, дінге берілмеу. Бұл туралы да М.Әуезов анық айта білген сияқты. Абай халфе, имам-қазіреттерге, молдаларға қарсы шыққанын суреттейді. Ресейдегі ислам орталығына бағынуды қаламағанын көрсетеді. Осының бәрін айта келе ұрпаққа өз шығармасын “Абай жолы” деп аманат етеді» деген тұжырым айтыпты. Сонымен бірге осы газет «тарих толқынында» айдарымен «Хан Кененің қаруы» деген деректі археологиялық мақаламен қатар:«Жоламан батыр: Мен қарақшы емеспін, Ресеймен соғысып жүрмін» деген қызықты тарихи танымдық мақала басыпты.

«Айқын» болса Грузияның бұрынғы басшысы Эдуард Шеварнадземен сұхбатын оның өз сөзімен «Президенттеріңізді сақтаңыздар!» деп айдарлапты.
XS
SM
MD
LG