Accessibility links

2007 жылы Қазақстанда туберкулез дертіне шалдыққан 19572 адам жаңадан тіркеуге алынған

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанатындар саны өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға төмендеді. Алайда, соған қарамастан бұл аурудың таралуы жағынан Қазақстан әлем елдерінің алдыңғы қатарына шығып отыр. Жыл сайын елде туберкулезден 2800 адам көз жұмады.

Алматы облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде ем қабылдап жатқан Айнагүл Үмбетова тұрақты мекен-жайы болмағандықтан ауруын асқындырып алған. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген ол айықпас дерт жұқтырып алғанын байқамай қалғанын айтады.

- Дәрігерлер «туберкулез» деген диагноз қойғанда сенбедім. Тыныс жолыма суық тиген болар деп ойладым. Басым айналып, ыстығым көтеріліп мүлде жатып қалдым. Одан өзімді-өзім сүйрегендей болып қайта дәрігерге келгенде рентген, басқа да анализдердің қорытындысы туберкулез екенімді көрсетіп берді. Спирт зауытта жұмыс істеген болатынмын. Сол жерде бұрын туберкулезбен ауырған адамдар да жұмыс істеді. Тамақты бірге ішіп, бірге жүрген едік, солардан маған жұққан болуы керек, - дейді Айнагүл.

2007 жылы Айнагүл Үмбетова сынды туберкулезбен жаңадан есепке алынған сырқаттар саны Қазақстан бойынша 19572 адамды құраған. Мамандардың айтуына қарағанда, осы жылы бұл дерттің емдеуге көнбейтін түрімен 900 науқас тіркелген екен.

- Соңғы 5 жыл көлемінде Қазақстан бойынша туберкулезбен сырқат адамдар санының төмендеуі байқалды. 2007 жылы туберкулезбен ауырғандар 4 мың адамға азайды. Осыдан 10 жыл бұрын бір жылда 6 мың адам көз жұматын еді. Ал 2007 жылы олардың саны 2800 адам болды, - дейді Туберкулез жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Шахимұрат Ысмайлов.

Ресми мәлімет бойынша бүгінгі таңда Қазақстанда 44151 адам туберкулез сырқатымен есепте тұр. Бұл сырқаттардың барлық ем-домы мемлекет мойнында. Жоғарыдағы кейіпкеріміз Айнагүл Үмбетова сынды туберкулез сырқатын жаңа жұқтырған бір аурудың бір реттік ем-шарасына орта есеппен 40 мың теңге жұмсалады екен.

- Қабылдап жатқан ем-шараларына арыз айтпаймын. Бәрі көңілімдегідей, - дейді Айнагүл.

Ал әлем бойынша жыл сайын 9 млн. жуық адам туберкулез дертімен жаңадан есепке алынса, жылда 2 млн. жуық адам бұл дерттен көз жұмады екен. Әлем бойынша жалпы сырқаттардың саны 14 млн. адамды құрап отыр.

- Әр елдегі туберкулез сырқатының көрсеткіші әр түрлі. Деректер жаңадан даму жолына түскен елдерде жағдайдың күрделі екенін көрсетіп отыр, - дейді халықаралық ЮСАИД ұйымының денсаулық сақтау және білім беру жобаларының маманы София Ан.

Оның айтуына қарағанда, әлем бойынша туберкулез ауруының саны жағынан Үндістан, Қытай, Индонезия, Оңтүстік Африка және Нигерия сынды халқы көп елдер алдыңға қатарда екен. ТМД елдері, соның ішінде Орталық Азия елдері, сондай-ақ Оңтүстік Шығыс Азия мен Шығыс Еуропа елдерінде де туберкулез ауруының таралуы халық санына шаққанда жоғары болып отыр. София Ан бұл топқа, яғни туберкулез ауруының таралуы жоғары елдер қатарына Қазақстан да жатады дейді.

Мамандар туберкулез дертінің таралуындағы басты проблема, біріншіден, азаматтардың сауатсыздығы болып отырғанын айтады. Екіншіден, ішкі миграция да осы дерттің таралуына себеп болып отыр екен. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген азаматтар еш жерде тіркеуде болмағандықтан олар ауруды жұқтырып алып, оны таратушы көзге айналады дейді мамандар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен жыл сайын наурыздың 24-інде аталып өтетін туберкулезге қарсы күрес күнін қазақстандық дәрігерлер «Өзімізді туберкулезден қорғайық!» деген ұранмен өткізбек.
XS
SM
MD
LG