Accessibility links

Шымкентте тағы екі балада ВИЧ індеті анықталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың саны 149-ға жетті. Ал балалармен бірге індетті жұқтырған аналардың саны - 17. Сөйтіп, 2006 жылдың көктемінен бері осы облыста дәрігерлер кінәсінен ВИЧ індетін жұқтырғандардың жалпы саны 166 адам болды.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығы Шымкентте тұрып жатқан 2005 жылы туған қыз бала және ОҚО Қазығұрт ауданында 2000 жылы дүниеге келген бір баланың ВИЧ инфекциясына шалдыққандығын растады. Сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Айжан Омарова:

«Облыста ВИЧ індетіне шалдыққан балалар саны - 149, ал аналар - 17», - деді.

Денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша қазіргі күнде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 149 баланың 10-ы қайтыс болып, біреуі шетелдіктер асырауына берілген. Қалған 138 бала балалардың барлығы қазіргі таңда тиісті дем қабылдауда. Алайда мамандар бұл саны әлі де өсе түсуі мүмкін. Өйткені өйткені ВИЧ вирусын осы жақтан жұқтырып алып оны ескермей, білмей жүрген балалардың болуы да мүмкін, оны ешкім де жоққа шығара алмайды деген болатын.

Бұл қайғылы жағдайды жекелеген азаматтар дәрігерлердің білімсіздігінің көрнісі деп бағалап отыр.

Солардың бірі Алматы қаласының тұрғыны Сызғанбай Жұмағұлов: «Шымкентке ешкім ВИЧ инфекциясын егіп қойған жоқ. Енді емде, мейлі емдеме ВИЧ инфекциясын жұқтырғаннан кейін көріңді терең қаза бер деген сөз. Халықтың денсаулығы үшін жұмыс істейтін мекемелерде медицинаға қабілеті жоқ адамдар отыр, рецепті дұрыс жаза алмайды. Халыққа жаны ашитын адамдар болса мұндай болмаған болар еді. Облыстың басшылары осы дерт анықтала бастағанда көзжұмбайлыққа салынды. Солар уақытында дабыл қаққанда мүмкін басқаша болар еді», дейді.

Ал ВИЧ індетіне шалдыққан сәбидің бірінің атасы «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қоғамдық қорының бұрынғы президенті Сағадат Масауров:

«ВИЧ індетіне шалдыққан балалардың тағдыры жабық тақырыпқа айналып, қоғамда көтерілмейтін болды. Біздің мемлекет тек бір адамға ғана тәуелді. Тоқтатыңдар десе тоқтатады, қараңдар десе қарайды. Негізгі кінәлі адамдар белгілі лауазымды адамдардың туысы болып шыққаннан кейін жауапкершілікті мемлекет мойнына алмады. Зардап шеккендер негізінен әлеуметтік қорғаусыз топтың өкілдері болғандықтан қазір ата-аналар шарасыз күйде отыр. Өйткені Облыстық денсаулық департаментін сотқа беріп моральдық шығын талап еткен кей ата-аналарға сот мазақ еткендей шешім шығарды. Осыдан кейін ата-аналардың үміті өшкендей болды. Енді оларға мемлекет тарапынан шет елдегідей 1 млн. доллар өтемақы тегі бермейді. Президенттің өзі айтқанындай жабулы қазан жабулы күйінде қалды», - дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың жаппай ВИЧ дертіне шалдығуына кінәлі дәрігерлер мен медицина қызметкерлері үстіміздегі жылдың маусым айында сотталған болатын. Олардың 5-еуі шартты түрде айыпталып, 16-сы бас бостандығынан айырылды. Сотталған 6 адамның жазаны өтеу мерзімі түрлі себептермен кейінге шегерілді. Тағы да алтауы колониядан үй қамауына жіберілді. Түрмеге тек 4 дәрігер тоғытылды. Ал осы облыстың Қазығұрт ауданында да балаларға ауруханада ВИЧ індетін жұқтырды деп айыпталған үш дәрігер 2 жылдан 2,5 жыл аралығына бас бостандықтарынан айырылған болатын.
XS
SM
MD
LG