Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.26.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күнгі басылымдар Наурыз мейрамының Қазақстанда қалай тойланғаны туралы тақырыпты жалғастырыпты. Сонымен қатар барлық дерлік басылымдар Грекияда Олимпиада алауының тұтанғаны туралы, Астанада аяқталған іріктеу жарысы нәтижесінде Қазақстанның бес бірдей боксшысы Пекин олимпиадасына жолдама алғаны туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар әлемге танымал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Қазақстан президентінің қабылдауында болуына назар аударыпты.

«Айқын» газеті «Біздің нағыз жаңа жылымыз Наурыз болуы тиіс!» деген мақаласында Қазақстан президенті Бәйтерек алаңына жиналған Астана жұртшылығын Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, «Түптің түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз болуы керек. Жаңа жылды бірінші қаңтардан атап өтуді Бірінші Петр Еуропадан Ресейге әкелді. Ресейден біз үйрендік. Қытай халқы өз жаңа жылын ақпанның ортасында қытайша бір апта тойлайды. Корей халқы да, Шығыстың барлық халықтары да солай. Біз де осы өз дәстүрімізге келуіміз керек деп айтты» дейді. Сонымен бірге басылым «Мәні кетіп барады, сәні кетіп...» деген мақаласында «...Наурыз тойын бұрынғыдай тойламайтын болдық.» деп қынжылыс білдіріпті.

«Жас алаш» басылымы «Хабар» агенттігінің (ал оған «Хабар», «Ел арна» телеарналары, TV Caspionet спутниктiк телеарнасы және «Хабар» радиосы кiредi) сатылуына арнаған «Қайтқан малда қайыр бар» деген мақаласында «...мемлекет өз ақшасына құрып, жыл сайын дамытып, жабдықтап, ...миллиардтаған қаржы құйып келген компанияны» қайтадын сатып алуға «12 миллиард теңге (немесе 100 миллион доллар) қажет болыпты. Бұл миллиардтар кiмнiң қалтасына түстi? “Хабарды” сатуға шығарған адамның аты-жөнi кiм? Бұл жөнiнде ресми дерек жоқ. “Хабардың” иесi екенiн Дариға Назарбаева бұрын да мойындағысы келмеген. Мемлекеттiң өз мүлкiн өзiне сатқанын ол бүгiн де мойындамайды» деп жазады. Ал осы сауда-саттыққа байланысты «Жас алашқа» пікір білдірген саясаткер Амалбек Тшан «Хабар» бұған дейiн де бiр адамның қолында болған. Менiң ойымша, ендi билiктiң тұтқасын ұстаған кезектi бiр олигарх телеарнаның қожайыны болып қонжия қалмақ. Сондықтан саудаға түскен «Хабар» «қоғамдық дамуға оң ықпал етедi» деп ойламаймын» десе, Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев: «31 телеарна» 20 пайыз акциясын 65 миллион долларға сатты. Ал «Хабар» 50 пайыз акциясын 100 миллион долларға ғана сатыпты. Онда да үш телеарна мен бiр радионы! Осы жағы да мүлдем түсiнiксiз» деп айтыпты.

«Айқын» болса Ақтау қаласының маңында ағайынды үш жігіт жеті жылдан бері өздері салып алған жер кепеде тұрып келгені туралы жазады. Сонымен қатар осы газет «Қазақтың нанын тартып жеп жүр» деген мақаласында «Қазақстан өзінің жұмыссыздарын жарылқап болғандай-ақ сырттан жұмыс қолын тасымалдауға жол ашты. Мұндай ақпарат құлағына жеткен көрші елдердің жұмыссыздары лек-легімен ағылуда. Оған Алматыда өткен рейд барысында полицейлердің 135 заңсыз еңбек мигрантын қолға түсіруі дәлел. Оның 60-ы – Өзбекстан, 35-і – Түркия, 40-ы – Қырғызстан азаматтары. Бұл қолға түскендері ғана. Ал қаншасы көзге көрінбей, қазақстандықтардың нанын ұрлап жеп жатқанын бір Құдай біледі» деп жазады.

«Время» газеті 24 наурыз күні Қырғызстанда «қызғалдақ революциясының» үш жылдығы тұңғыш атап өтілуіне арнаған мақаласын Асқар Ақаевтың: «Мен Қырғызстандағы ахуалды қадағаламаймын» деген сөзімен айдарлапты. Онда автор осы революцияға байланысты қоғамда әлі де әртүрлі көзқарас барлығын айта отырып, «ол революция емес, ол мемлекеттік төңкеріс, тіпті десеңіз ол - «тонаушылар күні» болды» деп бағалаған Қырғыз оппозиция өкілдерінің пікірлерін беріпті.

«Айқын» басылымы «Баға өседі, жарық өшеді» деген мақаласында сәуір айынан бастап «жылу – 9,8, су – 12,3, газ – 15 пайызға қымбаттамақ» деп жазады.

«Аргументы факты Казахстан» апталығы «Біз нансыз қалмасақ игі» деген мақаласында «биыл астықтың қымбаттауына орай, нан да қымбаттауы мүмкін» деген болжам айтыпты. Осы апталық «Орысша сөйлей беріңіз – Сізді түсінеді» деген мақаласында Қазақстандағы орыс тілінің жағдайына назар аударыпты.

«Литер» газеті сенатор Ғани Қасымов «Парижде ешқандай бұзақылық орын алған жоқ» деп, интернетте ондай қауесетті кім таратқаны туралы арнайы зерттеу жасамақ екенін жазады.

Бірқатар басылымдар қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңыс Айтматовпен сұхбатын жарияласа, кейбір басылымдар Жамбыл облысының тұрғыны тоғыз жасар қызын зорлаған қаңғыбасты пышақтап өлтіргені туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG