Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.27.2008 жыл


Бейсенбі күнгі басылымдардың дені Астана қаласының биыл аталып өтетін 10 жылдық мерейтойына дайындық туралы, ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың 20 жылға сырттай сотталғаны жайында жазыпты. Сондай-ақ жемқорлықпен күрес, жастар мәселесі және елдегі банк жүйесіндегі жағдай, тұрғын үй мәселесі де бірқатар басылымдар назарына ілігіпті.

«Казахстанская правда» газеті «Той алдағы атқарылар шаралардың ауқымын анықтайды» деген мақаласында Астананың 10 жылдық мерейтойы «30 мамыр мен 29 маусым аралығында Қазақстанның барлық облыстарының Астанада өтетін фестивалімен басталып, негізгі мерекелік шаралар шілденің 1-6 аралығында өтетін болды» деп жазыпты.

«Айқын» басылымы «Астана тойы - алашқа сын» деген мақаласында «Астананың мерейтойына кейбір елдердің президенттері де келуге ынта танытып отыр» дей келіп, президент Астана әкімінің алдына мерейтойға байланысты жеті мәселе қойғанына тоқтапты.

«Свобода слова» апталығы «Рахатгейтті» сәл бояп қойды» деген мақаласында Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен өткен сотқа қатысушылардың аппеляциялық шағымын қараған қалалық сот шешімі туралы «сот тонаушыларды жазаға тартты да олардың мүмкін тәркіледі. Ал жапа шеккендердің мүлкін оларға қайтарып бермеді» деген адвокат Елена Ребенчук ханымның сөзімен аяқтапты.

Ал осы Рахат Әлиев бастаған тағы да 16 азаматтың Ақмола әскери гарнизонында кеше жабық жағдайда аяқталған соты жайлы барлық дерлік басылымдар жазыпты. Ол мақалаларда Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев сырттай 20 жылға бас бостандығынан айрылғаны туралы айтылады.

«Свобода слова» апталығы «40 жыл жаза» деген бас мақаласында редактор «мен өз басым ешкімнің де көңілінен шықпаған соттың осы шешімі біздің мемлекетте осы салада болсын қандай да бетбұрыс әкеледі деп ойламаймын. Ертең осындай тағы бір Рахат шыға келмесіне кім кепіл? Ібілістер күнәһәрлық көп жерде пайда болады, ал біздің биліктегілер әр кез күнәһәрлар» деп тұжырымдапты. Сондай-ақ апталықтың «Қайрымдылықты Мұхтар Әлиевтен гөрі басқалар көбірек қажет етеді» деген мақаласында, «Нұрбанктың» жоғалып кеткен бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтың әкесі Ғапар Темірәлиев: «мен, Мұхтар Әлиев тұрмақ олардың түп тамырымен, егер олар қаласа, шетелге кеткенін қалар едім. Өйткені, көптеген қазақстандықтардың тынысы кеңейіп, өз бизнестеріне алаңдамай еркін өмір сүрер еді» деп жазыпты.

«Тасжарған» апталығында «Нұрбанк» бұрынғы басшыларының бірі Әбілмәжін Ғилымов: «Нұрбанк» ісінде үшінші бір күш мүддесі жатуы әбден мүмкін» деген тұжырым айтыпты. «Свобода слова» апталығының «Мақала үшін сотталды» деген мақаласында әділдік іздеп баспа беттеріне мақала жариялағаны үшін Шымкенттік Елена Магамадоваға Еңбекшіқазақ ауданының соты 28 мың теңгедей айыппұл салғаны туралы жаза отырып, түрмедегі ауыр жағдай туралы хат жазған сотталған азаматты ондағы шекпенділер соққыға жыққаны туралы айтады да «біздегі адам құқықтары осылай сақталады» деп қорытады.

«Время» газеті оппозиция қайраткерлерінің бірі Жармахан Тұяқбаймен сұхбатын оның өз сөзімен «Біздің мемлекетте бәрі де болуы мүмкін» деп атапты. Онда Тұяқбай мырза «балық басынан шіриді» деген нақыл сөздің шындығына мен билікте жүрген кезімде көз жеткіздім» дейді. Осы газеттің «Ипотекалық дағдарысқа рахмет» деген мақаласында жылжымайтын мүлік сарапшысы Александр Калинин «егер осы дағдарыс болмаса еліміз сыртқы қарызға белшесінен батып, дефолтқа ұрынар еді» дей келіп, құрылыс саласындағы жемқорлықтың бетін ашып, «шенеунігі бар, көлеңкелі бизнес өкілдері бар, әйтеуір, мүдделі топтар тұрғын үй бағасының бұдан әрі арзандауына жол бермейді. Сондықтан тұрғын үй бағасы арзандамайды» деген тұжырым айтыпты.

«Айқын апта» болса «Олигархтардың тойымсыздығынан осы күйге түстік» деген мақаласында «тұрғын үй бағасы қол жетімді деңгейге дейін арзандайды» деген болжам айтады. Осы апталық «Дінін құрметтейтін ел - мешітке орталықтан орын береді» деген мақаласында «Бүгін Інжіл қазақ тілінде сөйлеп, домбыраның қоңыр үніне ілесіп, қалың қазақтың ішінде таратылып жатыр. Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылман десек те, түрлі ағым-секталарға бөлініп жатқан да осы «70 пайыздың» өкілдері» деп айтыпты.

«Қазақстан – ZAMAN» апталығы осы тақырыптағы мақаласын «...ел іргесіне сына қаққан миссионерлер зобалаңына кім тосқауыл қояды?» деп атап, «миссионерлер вирусқа ұқсайды», «олар Отанды қорғамайды», «Ислам дінін силамайтындар Өзбекстанда тұрмайды», «дін саясатқа араласпай тұрмайды» дегендей тұжырымдар айтыпты.
XS
SM
MD
LG