Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.28.2008 жыл


Жұма күнгі басылымдардың дені Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың үстінен аяқталған әскери сот шешімі жайында, «Хабар» агенттігін мемлекеттің қайтадан сатып алуы туралы сараптамалық мақалалар басыпты. Бірқатар басылымдар Олимпиада алауының Алматыға 2 сәуір күні келетіні және ол алауды Алматыда кімдер алып жүру құқығына ие болғаны туралы айтыпты.

Оппозициялық «Республика» апталығы «Хабар» агенттігінің сатылуына орай «Хабар» агенттігіне деп төленген 100 миллион доллар кімнің қалтасына түсті екен?» деп, «кезінде арзан бағаға жеке меншікке берілген агенттіктің акцияларын кейін қымбат бағаға, әрі жабық түрде қайта сатып алу заңды ма?» деп сұрайды. Ал осы саудаға байланысты апталыққа пікір білдірген сарапшы Виктор Ковтуновский: «бұл сауда президентке жақпай қалған үлкен күйеу баласының жанұясын ақпараттық кеңістіктен алшақтату мақсатында жасалып отырған шара боуы мүмкін» деген ой айтыпты.

Интернеттегі geokz.tv сайтының «Қаржыгердің есуастығын оның сақалы да жаба алмай қалған кезде» деген мақаласында «...корпоративтік мемлекет көзқарасын жақтаушылардың арманы орындалды, өйткені бүгін Қазақстанда жеке бастың да, жеке кәсіпкерліктің де проблемасын мемлекет есебінен шешуге болады. Жеке акционерлер акцияларын сатып шетелге кеткісі келе ме? Мінекиіңіз! Мемлекет келісім бойынша халықтың ақшасына онсыз да халыққа тиесіліні қайтадан сатып алады. Мысалы, «Хабарды» айталық» деп бағалапты.

Осы орайда «Деловая неделя» апталығы «Мыс айналымы. Үкімет «Қазақмыс» акцияларын сатып алмақшы» деген мақаласында «мыс арзан кезінде акцияларын сатқан мемлекет енді акциялар қымбаттаған кезде оның 15 пайызын қайтадан сатып алайын деп жатуы неліктен?» деп сұрай отырып, «осыған қарағанда, үкімет бюджет есебінен, құрылысқа ақшасын салып, ипотекалық тығырыққа тірелген-мыс корольдарының біреуін құтқармақшы боп жатқанға ұқсайды» деген болжам атйыпты. Сонымен қатар осы апталық «Туысқан халықтар арасында да талас тудырарлық жерлер бар» деген мақаласында Қырғызстан тарапынан даулы боп отырған жерлер туралы толық ақпарат беріпті.

«Айқын» газеті «Әлиевтің әлегі» деген мақаласында Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев және басқа да оншақты адамның үстінен Ақмола әскери гарнизонында жабық жағдайда аяқталған сот жайлы, ҰҚК тергеу департаментінің басқарма бастығы Шоқан Шойкенов: «Қазақстанда төңкеріс жасап, ел тізгінін тартып алуды олардың нақты қай күнге белгілегендігін біз дәл анықтаған жоқпыз, бірақ олар әу баста оны 2007 жылдың мамырына жоспарлаған екен. Алайда мамыр айында біз қылмыстық құпия ұйымның мүшелерін тұтқындауға кірістік әрі қолға түскен мүшелерді сөйлетіп, жедел түрде індетіп, жасырын ғимараттарды, тығулы қару-жарақтарды әшкерелей бастадық. Сондықтан олар жоспарларын қайта қарап, шешуші іс-қимыл күнін маусымға жылжытуға мәжбүр болған. Алайда біз маусым-шілде аралығында қылмыстық ұйым желісін толығымен жойып үлгердік. Әйткенмен олар сайлаған қару-жарақтардың жартысы табылмай қалды. Қазіргі кезде оларды іздестіру жұмыстары жалғасуда» деп айтыпты.

Рахат Әлиев болса Ресейлік «Независимая» газетіне берген сұхбатында, өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, «мынанша шытырман оқиғаны ойлап тауып отырған Назарбаевтың адамдары Голливудқа жүгінуі керек еді» деп жауап беріпті.

«Республика» апталығы «Ештен – кеш жақсы» деген мақаласында «Бұрынғы күйеу балаға тағылып отырған айыптар жайлы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы сонау 2001 жылы айтпап па еді?» дей келіп, «Олардың кім екенін бәрі де білді ғой» деген мақаласында «бақандай он жыл бойы Ұлттық қауіпсіздік комитеті күш құрылымдарының арасында қылмыстық топ барлығын білмегені қалай?» деп сұрапты.

«Айқын» газеті «Скинхедтердің торы Қазақстанды да шырмай бастады» деген мақаласында «Басбұзар скинхедтік орыс ұйымдары қазір Қазақстанда да құрыла бастады. Павлодар, Петропавлдан бастау алған бұл қозғалыстың жүйесі бүгіндері Алматыға да жетіпті» деп жазса, Ресейлік «Новая газета» басылымы «Жарияланбаған соғыс» деген ауқымды мақаласында «Ресейде қаңтардан бері ұлтшылдық негізде 38 адам қаза тауып, 113 адам жарақат алды» деп жазады. Сонымен қатар осы апталықтың Қазақстанға арналған бөлігінде Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин «Қазақстан дағдарыстан ешқашан шыққан емес. Дақпыртып, «дамудамыз» деп мақтанып жүргендері әлемдік мұнай мен шикізат бағасынынң артуымен ғана түсіндіріледі» деп айтыпты.

«Караван» апталығы «Қазақстанның қай жерінде тұрған тиімді?» деген мақаласында Қазақстанның әр қаласындағы тауар бағаларына сараптама жасапты.
XS
SM
MD
LG