Accessibility links

Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты сот шешіміне байланысты Қазақстанның «Азат» демократиялық партиясы мәлімдеме жариялады


Мәлімдемеде айтылғанындай, 2001-ші жылдың қараша айында алғаш рет «Қазақстанның Демократиялық Таңдауы» қозғалысы құрылған уақыттан бері жуырда аты «Азат» болып өзгерген бұрынғы «Ақ Жол» партиясынан бөлінген «Нағыз Ақ Жол» партиясы көп жылдары бойы Р.Әлиевтің қылмыстық істері жөнінде қоғамда ашық айтып келген.

«Осы жылдары елдегі оппозициялық партиялар мен тәуелсіз ақпарат құралдары 2001-ші жылы Р.Әлиев елдегі күш құрлымдарын өз бақылауына толық алып, Конституцияға қарсы әдіспен билікті күшпен тартып алуға өте жақын тұрды, сол жылдары қауіпсіздік кеңесінің хатшысы деген лауазымды қызмет атқарған Алтынбек Сәрсенбайұлы Р.Әлиевтің бұл қылмыстық жоспарына қарсы келіп еді» делінген аталмыш мәлімдемеде.

2001-ші жылдың соңында Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болған Н.Дүтбаев Р.Әлиевке қатысты осы қараша оқиғаларын тексерген болса да ол туралы не ешбір саяси мәлімдеме жасалмады, не сот ісі болмады. Енді міне содан бері 6 жыл өткен соң барып жуырда ғана Ақмола гарнизонының әскери соты билікті күшпен басып алмақ болды деген айыппен Р.Әлиев және оның сыбайластарына қатысты сот шешімін шығарып отыр. Бірақта бұл соттың өзі жабық есік жағдайында өтті, яғни онда айтылғандар сыртқа естілмеді, бұл дұрыс емес депті аталымыш мәлімдемеде.

«Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбіловтың айтуынша, «Азат» партиясы Р.Әлиев және оның жақтастарына қатысты осы сот шешіміне байланысты билікке бірқатар талаптар қойып отыр. Біріншіден, сотта айтылған барлық әңгіме ашық түрде ақпарат беттерінде не Интернет сайтында жариялануы тиісті, екіншіден, Р.Әлиев және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев екеуінің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын біле тұра сол кезде болсын, қазірде болсын ешбір іс-қимыл жасамағандары үшін күш құрлымдары басшылары заң алдында жауапқа тартылуы керек. Үшіншіден, саяси тапсырыспен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшілерінің өліміне қатысты сот тергеуі қайта жүруі керектігі талап етіледі. Өйткені Р.Әлиевке қатысты жаңа жағдай, тағы бір сот шешімі шығып отыр.

«Сондай-ақ өз үйінде өзін үш рет атып өлтірді делінген Заманбек Нұрқаділов өлімі жаңа жағдайда қайтадан тексерілуі керек деп есептейміз. Төртіншіден, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрушылар Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбілазовқа қарсы саяси тапсырыспен ұйымдастырылған сот үкімдері қайта қаралуы керек. Алтыншыдан, Р.Әлиев және оның жақтастары тарапынан Қазақстан азаматтарынан заңсыз тартып алынған барлық дүние-мүлік, ақша, заттар өз иелеріне қайтарылуы керек деп санаймыз» делінген аталмыш мәлімдемеде.

«Азат» партиясының бас хатшысы Төлеген Жүкеевтің пікірінше, 2001-ші жылы қараша айында Қазақстанда болған оқиғаның себеп-салдары жөнінде қоғамда кеңінен айтып, талқылаулар өткізу қажет болмақ.

«Егерде бұл туралы айтылмай қалып қойса, онда ол алдағы уақытта тағы да қайталанбайды дегенге ешкім де кепілдік бере алмайды. Бұл жөнінде Қазақстан азаматтары білуге тиісті», - дейді Т.Жүкеев.

Сарапшы Айдос Сарым жалпы Қазақстанның күш-құрлымдарында реформа жасау қажет деп санайды. Ондай кез әлдеқашан жеткен дейді ол.
XS
SM
MD
LG