Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.01.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сейсенбі күнгі басылымдардың дені Бейжің Олимпиадасының алауын Алматыда қарсы алу салтанаты туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар Рахат Әлиевтің Астанада аяқталған сотына байланысты пікірлер берген. Кейбір газеттер Қазақстан президентінің Рейтер агенттігіне берген сұхбатын көшіріп жариялапты. Енді бір басылымдар 1 сәуір - күлкі күніне арнаған, әзіл-шыны аралас топтамалар басыпты.

Сейсенбі күнгі барлық дерлік басылым назарында - ертең Алматыда Бейжің Олипиадасының алауын қарсы алып, шығарып салу рәсімі. «Литер» газетінің «Олимпиада Қазақстаннан бастау алады» деген мақаласында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Қазақстан президенті Олимпиада алауын қарсы алу салтанатында болады, бірақ оның жеке өзі алауды алып жүру рәсіміне қатыса ма, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім» деп, «бұл елді қызықтыра түсетін жағдай болсын» депті.

«Егемен Қазақстан» газеті «Алау алдындағы Алматы» деген мақаласында алауды алып жүру құрметіне ие болғандар Алматы маңындағы саябаққа, естелікке шырша мен ақ қайың егіп, «Интерконтиненталь» қонақ үйінде “Бейжің-2008” Олимпиада алауы эстафетасының баспасөз орталығы» салтанатты түрде ашылды» деп жазады.

Осы орайда «Айқын» газеті «Олимпиадаға жолдамалар саны 80-нен асты» деп жазса, «Жас алаш» газеті «Жолдамамыз жүзге де жетер-ау. Алайда оның сапасы қандай болмақ?» деп, спорт саласындағы проблемаларға тоқтапты. Сонымен бірге «Жас алаш» «Қорқыттын көрi немесе «көксарайды» қолдан суға толтыру – Қызылорда халқын қаталатып өлтiру!» деген мақаласында, Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген су маманы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Елтай Құтыбаев пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қызылорда облысы Сырдария ауданының құрметтi азаматы, ақын-драматург Иран-Ғайып Көксарай суреттегішінің қажетсіздігін негіздейтін тоғыз уәж келтіреді.

Осы газеттің «Рахатгейтке» нүкте қойылған жоқ» деген мақаласында газет, сарапшылардан: «1. Рахат Әлиев болса, тағылған айыптардың бәрiн түгелдей жоққа шығарып отыр. Сiздiңше, осы айыптар қаншалықты шындыққа жақын? 2. ҰҚК Ғалымжан Жақиянов, Заманбек Нұрқадiлов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының iсiн қайта қаралуы мүмкiн екенiн жоққа шығарып отырған жоқ. Бұл ненi меңзейдi?» деп сұрапты. Оған жауап берген саясаттанушы Досым Сәтпаев «билік бұл істерді қайта қарамайды», өйткені «...билiктiң Қазақстандағы бүкiл сот жүйесiнiң әдiлетсiз екенiн мойындауына тура келедi. Сонымен қатар, билiк Жақиянов пен Әблязевтi «Рахат Әлиевке қарсы шықты» деп емес, мүлде басқа айып тағып, үкiм шығарды. Осыны ескерсек, Жақиянов пен Әблязевтiң iсi қайта қаралатыны күмәндi. Ал З.Нұрқадiлев пен А.Сәрсенбайұлына жасалған қастандыққа Рахат Әлиевтiң тiкелей болмаса да, жанама түрде айыпталуы ғажап емес» десе, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин: «Бұл iс Назарбаев билiк басында тұрған кезде қайта қаралмайды. З.Нұрқадiлев пен А.Сәрсенбайұлына жасалған қастандықтың бiр ұшы мемлекет басшысына келiп тиетiнiне сенiмiм кәмiл» деп жауап беріпті.

Осы тақырыпта «Время» газеті «Әлиевтің үстінен аяқталған әскери сот материалдары жариялануы керек» деген мақаласында, оппозиция басшыларының бірі Болат Әбілов: «Рахат Әлиев жоғалған Жолдас Темірәлиевке «Мен Алтынбекті де құртқанмын, сондықтан сен мен үшін түк те емессің» деп, оның бұтының арасына тапаншасын кезеп тұрып, «Алтынбек те осыдан қорқатын» деп айтыпты. Ол жайлы Жолдас Темірәлиев әйелі Армангүлге айтып кетіпті. 2001 жылы күзде Рахат билікті жаулап алудың алдында тұрғанда, оған қарсы тұрған сол кездегі қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы болатын. Алтынбектің өлімі Рахаттың одан алған кегі» деп айтыпты.

Ресейлік “РБК daily” апталығына берген сұхбатында Қазақстандық Халық банк төрағасы Григорий Марченко Нұрбанк пен Темірбанк саудаға түсіп жатқаны туралы айтыпты.

«Айқын» мен «Литер» газеттері өткен жұмада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Рейтер агенттігіне сұхбат бергені туралы мақала басыпты.

«Айқын» газеті осы тақырыптағы мақаласын президенттің өз сөзімен «Биыл жағдай жақсаратын болады» деп атап, онда президент алдағы, 2012 жылы өтетін президент сайлауына қатысты: «Егер халық маған сенім артса, мен қала аламын. Мен қанша жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мен өзім де билікті басқа толқынға беруге болады деп айта аламын» деп, өзінің ықтимал ізбасарлары туралы: «Олар көп. Қазір біреуді атау керек пе? Меніңше, тағы да біреулерді ренжітпес үшін олай етуге болмас», деп айтыпты.

Және де «Айқын» газеті «Инфляцияны күшпен тежеу тірлікті түзете ме?» деп, сарапшылардан сұрапты.

«Экспресс К» газеті «сәуір айынан бастап тұрмыстық қызмет ақысы көтерілмейтін болды, бірақ мамыр айынан бастап Алматы мен Астанада электр қуаты тарифі жаңа мезгілдік жүйеге көшеді» деп жазыпты.

«Мегаполис» апталығы «Жаңа ғасырға – жаңа Қазақстан, немес қазақи мүдде» деген мақаласында Қазақстанның келешегі жайлы сарапшылар пікірін беріпті.
XS
SM
MD
LG