Accessibility links

Алматыда тәуелсіз газет редакциясына белгісіз біреулер оқ атқан


"Тасжарған" газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай белгісіз біреулер редакция терезесіне оқ атқанын айтып тұр. Алматы, 1 сәуір 2008 жыл.
"Тасжарған" газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай белгісіз біреулер редакция терезесіне оқ атқанын айтып тұр. Алматы, 1 сәуір 2008 жыл.

Сәуірдің 1-і түстен кейін Қазақстандағы "Тасжарған" тәуелсіз басылымының ұжымы Алматыда баспасөз өкілдерін шұғыл жинап, газет редакциясы терезесін әлдекімдер қарудан атқанын хабарлады. Басылым журналистері редакцияға оқ атқан кім екенін тап басып айта алмағанымен, бұл газетке жасалған ескерту болуы мүмкін деп санайды.

Қазақстандағы оппозициялық "Тасжарған" газеті редакциясының терезесін біреулер екі мәрте атқаны мәлім болып отыр. Оқ ізі қалған терезе шығатын көшенің қарсы бетінде Қаржы полициясының Алматы қаласы бойынша департаменті орналасқан. Қос қабат терезені тесіп өткен бірі үлкен, екіншісі одан кішірек екі оқтың дәл қай уақытта атылғанын редакция қызметкерлері тап басып айта алмай отыр. Редакция журналистері қос оқтың ізін сейсенбіде жұмысқа келгенде бір-ақ аңғарыпты. Дегенмен бұл оқиға кейінгі 3 күннің ішінде болғанға ұқсайды дейді журналист Ермұрат Бапи:

- Терезе, өздеріңіз байқап тұрғандай, үнемі жабық тұрады. Себебі, жанымызда қаржы полициясы бар, аңдитын адам көп, сондықтан іште не істеп жатқанымызды көрмес үшін терезені қағазбен жауып тастағанбыз. Бүгін біздің қызметкерлер бөлмені желдетпек болып терезені ашқанда ғана оқ ізін көрген. Бәлкім бұл кеше болды, бәлкім осыдан екі-үш күн бұрын болған шығар, бірақ өткен сенбіден бергі уақытта болған.

Бапидың айтуынша, атылған екі оқтың тек біреуі ғана табылыпты, оны осы оқиға туралы редакциядан хабар алған соң келіп, алдын ала тексеру жүргізген полиция қызметкерлері айғақ ретінде алып кеткен. Тәуелсіз басылым редакциясына кім оқ атуы мүмкін деген сауалға газеттің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай ойын бөлісті:

- Газетте шығып жатқан материалдарға байланысты бізге жасаған ескерту деп болжам жасап отырмыз. Бірақ бұны нақты билік ұйымдастырған немесе мынадай топ ұйымдастырған деп айта алмаймыз.

"Тасжарған" басылымы Қазақстанның ресми баспасөз құралдарында жарияланбайтын балама ақпарат, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғалар жайында түрлі талдау мақалаларымен оқырманға танымал. Биыл жыл басынан бері басылымда жарияланған материалдар жөнінде Ермұрат Бапи былай дейді:

- Газетте жемқорлық, мемлекет басындағылар мен маңайындағылардың былығы туралы және жеке бір тұлғаларға байланысты материалдар берілді. Мәселен, кейінгі кезде Жоғарғы сотқа қатысты көп мақала бердік, жеке тұлғаларды алатын болсақ, Тимур Құлыбаевқа, Болат Өтемұратов жайлы және өзге мақалалар болды, олардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Бірақ солай бола тұрғанның өзінде, жеке бір адамды немесе жеке бір қоғамдық ұйымды, я болмаса арнаулы қызмет орындарын жазғыруға бізде әзір негіз болмай отыр. Бұл, бәлкім, біреулердің бізге жасаған ескертуі болуы да мүмкін.

2003 жылы қараша айында Алматының Медеу аудандық соты "СолDAT" газетінің бас редакторы болған кезде Ермұрат Бапи қаржы-есеп құжаттарын толтыру тәртібін бұзғаны және салықтан жалтарғаны үшін ішінара кінәлі деп тауып, оны бір жылға шартты түрде бостандығынан айырып, журналистке 5 жыл бойы баспа қызметімен айналысуға тыйым салды. Қазір "Тасжарған" газетінде Бапи өз мақалаларының соңында "Бас оқырман" деп жазып жүр.

"Тасжарған" газеті Қазақстанда "ДАТ" жобасымен шығып келе жатқан басылымдардың бірі. Осыдан тура он жыл бұрын әуелі "DAT" деген атаумен шығып, билікте отырғандардың жалпақ жұртқа беймәлім тірлігі жайлы өткір мақалаларымен оқырманға бірден танымал болған газетке, арада көп уақыт өтпей, жеке адамның ар-намысына тиген деген айып тағылып, сот шешімімен ірі мөлшерде айыппұл салынған соң жабылып қалды. Содан бергі өткен уақыт ішінде, "СолDAT", "Айна-плюс", "Жұма-Таймс" деген атаулармен жаңғырып, қайтадан жарыққа шыққан газеттер де алдыңғы "DAT"-тың кебін құшты. Ал қазіргі "Тасжарған" атауымен бұл газет осыдан екі жыл бұрын ресми тіркеліп, жарыққа шығып келеді.

Онжылдық тарихында "жеке адамның қадір-қасиетіне тиді", "салықтан жалтарды" деген тәрізді азаматтық, әкімшілік және қылмыстық айыптар тағылған газет редакциясы жиынтығы 28 рет сотқа тартылған.

Бұған қоса оппозициялық басылымға қатысты бірнеше төтенше оқиға болған. Редакцияны әлдекімдер тонады, бірнеше рет газет журналистерін қаскүнемдер қатыгездікпен ұрып-соғып кетті. 2002 жылы 24 мамыр күні редакцияға шабуыл жасағандар бас редактор Бақытгүл Мәкімбай мен редакция қызметкері Кенжеғали Айтбакиевті ауыр соққыға жығып, редакцияны тонап, баспа құралдары мен өзге де мүлкін алып кетті. Басынан қатты соққы алып, миы шайқалған Мәкімбай ауруханаға түсті.

Бұдан кейін 2006 жылы газеттің жауапты хатшысы Айтбакиев тағы да екі мәрте белгісіз біреулердің шабуылынан зардап шекті. Екі жолы да журналист түнгі жұмыстан соң редакциядан үйіне қайтар жолда тепкілеп кеткен. Атап айтқанда, 2006 жылғы наурыз айында бір топ жас жігіттің соққысына қалған, ал сол жылы 23 сәуірде оншақты адам журналисті есінен танғанша аяусыз ұрып-соғып, көшеге тастап кеткен. Ауыр халде ауруханаға түскен Айтбакиевті қараған дәрігерлер оның жағы мен бет сүйегі бірнеше жерден сынып, миы шайқалып, басына қатты зақым келгенін анықтаған.

Теперіш көрген журналистер бұл қастандықты кәсіби жұмысымен байланыстырады. Заң орындары аталған қылмыстардың арасында редакцияға 2002 жылы шабуыл жасаған деген күдікпен сол кезде "бірнеше нашақорды" ұстағанымен, журналистер қылмысқа қатысқандар басқа адамдар екенін айтып, оны іске асырғандар мен тапсырыс берушілер әлі күнге тасада қалып келеді дейді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG