Accessibility links

Қазақстанда азаматтық құқығын талап етіп көшеге бейбіт жиынға шыққан азаматтардың 99 пайызы әкімшілік жауапқа тартылады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Халықаралық адам құқығы жөніндегі Қазақстандық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис осындай мәлімдеме жасады. Оған Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен іске асқан «Әкімшілік құқық қолдану саласындағы кеңес беретін клиника» атты арнайы жобаның қорытындысы себеп болып отыр. Өйткені Қазақстанда азаматтық құқығын талап етіп ойын ашық білдірген, көшеге бейбіт жиынға шыққан азаматтардың 99 пайызы мемлекет алдында кінәлі деп танылып әкімшілік жауапқа тартылады екен.

«Қазақстанның бірқатар ұлттық заңдары, атап айтқанда, бейбіт жиындар өткізу, бірігу бостандығы, еркін қозғалу және сенім бостандығы мен діни бірлестіктер бостандығы, сондай-ақ, еркін ақпарат алу және оны тарату сияқты заң нормаларының кемшіліктері жеткілікті болғандықтан халықаралық стандарттарға және Қазақстан қол қойған міндеттемелерге сай келмейді», - дейді қоғамды демократияландыру мақсатында арнайы жобаны іске асырған Халықаралық адам құқығы жөніндегі бюроның жетекшісі Евгений Жовтис.

Оның айтуына қарағанда, соңғы уақытта құқықтарын қорғағысы келген үлескерлер, баспанасын қорғаған шаңырақтықтар, тағы басқа да қоғамдағы әділетсіздікке наразылық танытқан азаматтар мен билік өкілдері арасында дау туындап, соңы заң органдарының сол азаматтарды әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартуымен аяқталып жатыр екен.

«Қанша жерден Конституцияда азаматтардың бейбіт жиын өткізуіне, бірігуіне құқық берілсе де осы уақытқа дейін көшеге шығып ойын ашық білдірген азаматтардың сотта жеңіп шыққанын кездестіре алмай отырмыз. Азаматтық құқығын талап етіп ашық пікір білдірген, пикетке, түрлі бейбіт жиындарға шыққан азаматтардың 99 пайызы мемлекет алдында кінәлі деп танылып әкімшілік жауапқа тартылады», - дейді Евгений Жовтис.

Алматыда өз баспанасы үшін күресіп жүрген азаматтардың бірі Ризада Жақыпбек заңсыз жиынға қатысты деп әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынған азаматтың бірі. Бізбен әңгімесінде ол:

«Халықтың мұңын тыңдайтын билік жоқ. Зарыңды айтайын деп барсаң рұқсат алған жоқсың деп өзіңді ұрып-соғып кінәлі айыпкер етіп шығарады. Ал Конституцияда көрсетілген құқығымызды жүзеге асыруға қалалық әкімшілік ешуақытта мұрсат бермейді. Ал біз қоғамдық тәртіп бұзбаймыз, тек бар болғаны өзіміздің талаптарымызды айтамыз ғой», - дейді.

Халықаралық адам құқығы жөніндегі Қазақстандық бюроның «Әкімшілік құқық қолдану саласындағы кеңес беретін клиника» атты арнайы жобасы осындай азаматтардың өздерінің саяси құқықтары мен азаматтық бостандықтарын жүзеге асырып, әкімшілік жауапқа тартылып жатқанда оларға құқықтық көмек көрсетуді қарастырған.

«Жоба жұмысының қорытындысы әкімшілік жауапқа тарту кезінде куәгер ретінде тек полиция қызметкерінің түсінік беруі немесе ұсталған азаматтың қорғалуына мүмкіндік жасамау, кейбір соттардың түн ішінде ұсталғандарды соттап айыппұл салуы, абақтыға жабуы сияқты деректер Қазақстанға халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа «Әкімшілік құқық бұзу туралы» кодекс қабылдау қажет екенін көрсетті», - дейді Евгений Жовтис.

Тәуелсіз журналист Серғазы Мұқтарбеков өткен жылы Мадридте өткен жиында ҚР сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің берген уәдесін еске алады.

«Министр сол жолы уәдені үйіп-төкті. Бірақ биліктің осы күнге дейін сол уәделерді орындауға пиғылдары жоқ. Сондықтан Жовтис мырза көтеріп отырған мәселені мен қолдаймын. Алға ұмтылу керек. Бейбіт жиынға рұқсат сұрау деген барып тұрған тоталитарлық жүйенің жемісі деп есептеймін. Әйтпесе, мен азаматтық көзқарасымды білдіру үшін неге мен қарсылық білдіретін адамнан рұқсат сұрауым керек. Мүмкін емес қой. Амал не? Солай жасап қойды», - дейді ол.
XS
SM
MD
LG